$ 448.15  483.46  4.86

Хорватия Бразилияны жеңіп, жартылай финалға жолдама алды

Дүбірлі дода басталар алдында жанкүйерлер Бразилияны бас жүлдеден негізгі үміткер ретінде қарастырып келді.

Қатарда өтіп жатқан футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатында жартылай финалға шыққан алғашқы құрама анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әлем чемпионатының 1/4 финалындағы алғашқы кездесу Хорватия мен Бразилия құрамалары арасында өтті.

Дүбірлі дода басталар алдында жанкүйерлер Бразилияны бас жүлдеден негізгі үміткер ретінде қарастырып келді. Кілең тәжірибелі футболшылардан жасақталған құрама топтық кезеңде екі мәрте жеңіске жетіп, біреуінде қарсыласына есе жіберді. Плей-офф сатысында Оңтүстік Кореяны 4:1 есебімен сүріндірді.

Ал 2018 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдесіне қол созған Хорватия әдемі ойын өрнегімен жанкүйерді қуанта алмай келеді. Топтық кезеңде екі мәрте тең түсіп, біреуінде ғана жеңіске жетті. Ал 1/8 финалда Жапонияны ойын соңындағы пенальти тебу арқылы қапы қалдырды.

Бүгінгі кездесуде бразилиялық футболшылар шабуыл шебінде көбірек бой көрсетті. Хорватия құрамасы негізінен қорғанысқа көңіл бөлді. Бірінші кезеңде таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ.

Екінші кезеңде де ойын осы бағытта өрбіді. Неймар бастаған футболшылар хорватиялық қорғаушыларға көп жұмыс тауып берді.

Негізгі кезеңде 0:0 есебі тіркелді. Ойын овертаймға ұласты. Овертаймның 105-минутында бразилиялық шабуылшы Неймар мергендік танытып, өз құрамасын алға шығарды. Осылайша ол ұлттық құрама сапында гол слу жөнінен әйгілі Пелемен теңесті.

Ал 117-минутта хорватиялық Бруно Петкович таразы басын теңестірді.

Осылайша овертаймда 1:1 есебі тіркеліп, жеңімпаз пенальти тебуден анықталды. Бұл жолы Хорватияның жолы болып, жартылай финалға жолдама алды.

Енді Хорватия 13 желтоқсанда жартылай финалда Нидерланды мен Аргентина жұбының жеңімпазымен шеберлік байқасады.

Ширек финалдағы Нидерланды мен Аргентина кездесуі елорда уақытымен 01:00-де «Qazaqstan» мен «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Сондай-ақ, 10 желтоқсанда Марокко мен Португалия, Англия мен Франция құрамалары кездеседі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары