«Мектепке тамақты үйден апарамын». Балаңыз сізге осылай десе таң қалмаңыз. Министрлік жаңа бастаманы қолға алды. Енді мектепке үйден тамақ әкелемін дейтін оқушылар үшін арнайы үстел мен стандарттарға сай тоңазытқыш қойылуы мүмкін, деп хабарлайды Астана ТВ.
Оқушылар мектепке үйден тамақ әкеп, жеуіне болады. Ол үшін барлық жағдай жасалуы керек. Ал бұл білім ошағындағы асхананың жұмысын тендер арқылы жеңіп алған кәсіпкерлерге онша ұнап тұрған жоқ. Кәсібіміз құлдырап кете ме деп алаңдайды.
"Тегін тамақтандыратын балаларды, бірінші класс пен аз қамтылған отбасының балаларын біз тегін тамақтандырамыз. Біз шыққан ақшаны азық-түлікке жұмсаймыз, ал мемлекеттен бөлінетін қаржы 1 айда бір рет түседі. Акт жапқаннан кейін төлейді. Сол үшін бізге қиын боп қалайын деп тұр. ",- дейді жеке кәсіпкер Санат Тұрлыбеков.
Мектеп директорларының айтуынша, бұған дейін де үйден тамақ әкеп жейтіндер бар. Олар үшін арнайы үстел де қойылған
"Мектепте 0-11 сыныптар аралығында 1418 оқушы оқиды. Мектепте ыстық тамақпен бастапқы буын қамтылған. Әр сыныпта өздерімен бірге алып келетін балалар бар. Ата-аналар жиналысында бұл мәселені пысықтадық. Кез-келген бала өзімен үйден тамақ таси алады. Сондықтан бізде тіпті арнайы үстел бар. Балалар үшін бұл қолайлы", дейді мектеп директоры Сәуле Болатбекова.
Министрлік өкілдері бұл Еуропалық тәжірибе дейді. Ата-аналардан да ұсыныс түскен.
"Оқу ағарту министрлігіне үйден тамағын әкелу мүмкіндігі туралы бірнеше рет сұрақтар келіп түсті. Бұл негізінен денсаулығына байланысты, белгілі бір диетаны қажет ететін балалар. Осыған байланысты тамақты ұйымдастыру қағидаларында үй тағамдарын қабылдау үшін қажетті жағдайлар жасау туралы нормалар көзделген. Енді тамақтану үшін асханадан орын бөлінеді", - деді Оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Элина Паули.
Сондай-ақ, оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің ұйымдастыруымен мектеп асханалары мен жуынатын бөлмелерді бақылауға арналған бағдарламаны іске қосқан. Балалар үшін барлық жағдай жасалмақ"