$ 489.06  536.21  5.05

«Колхозный вариант»: Жеңіл атлетика федерациясының өкілі телеарна журналисін балағаттаған

Мен қашанғы осылай моральдық зәбір көріп, Қазақстанда қазақ болғаным үшін өзімді төмен ұстауым керек?

«Хабар 24» телеарнасының журналисі Аслан Каженов жеңіл атлетика федерациясының өкілі өзін кемсітіп, балағаттағанын айтты деп хабарлады turkystan.kz.

Бұл туралы ол Facebook-тегі парақшасында жазды.

«Бұл жолы «колхозный вариант» жасадым. Түрім колхозға ұқсап тұр ма? Неге үнемі өзге ұлт өкілдерінен осындай балағат сөздерді естимін?! Бір емес, екі емес… Өткен жолы Ильин «низкий поступок» жасадың деді. Енді тағы біреуі «түрің колхозной вариант» деп отыр. Бұның шегі бар ма өзі?!

Дәл қазір елорда төрінде Әмин Тұяқов атындағы жеңіл атлетикадан халықаралық жарыс өтіп жатыр. Ести сала камерамды құшақтап жетіп бардым. Жарыс жақсы өтіп жатыр екен. Бір кезде қасымызға федерацияның өкілі келіп, «Әмин Тұяқовтан сұхбат жазасыңдар ма?», – деп сұрады. Иә, әрине. «Ендеше. Кеттік. Бірақ, курткаңды шешіп тасташы, колхозный вариант» деп қалды.

Тоқтап, алдымен аты-жөні мен қызметін сұрадым. Айтпады. Одан кейін «неге олай балағаттайсыз? Сіз мені танымайсыз, сондықтан кешірім сұраңыз! Мәселені жабамыз, сосын сұхбат алуға барамыз!», – деп тұрып алдым. Әдейі «сіз» деген сыпайылықтан шықпадым. Ал ол естімей, елемей өтті. Қысқасы қателігін мойындап, сөзін қайтып алуға дәті бармады. Ішіндегі бірдеңесі жібермеді», – деді ол.
Оның айтуынша, кейін жеңіл атлеика федерациясынан бір қызметкері келіп, оның атқарушы директор екенін айтқан.

«Несі бар? Кешірім сұрасын! Олай танымайтын адамға, оның үстіне, шараға келген журналиске неге олай айтады? Маған «қай каналдан келдің, қазір бастығыңа звандаймын» деген әңгімелер кетті. Мен бұрылып кетіп қалдым.

Мен осымен екінші рет тірі өлікке айналдым. Бірер ай бұрын Илья Ильин қазақ тілінде сұхбат сұрағаным үшін «низкий поступок жасап жатсың» деп еді. Енді бұл жолы тағы біреу сыртқы киіміме қарап, «колхозный вариант» дейді. Екеуі де кешірім сұрамады. Екеуі де өз міндетін атқарып жүрген қазақ журналисін балағаттады. Тіпті, соңында, керісінше, өзімді қорқытқысы келеді», – дейді Аслан Каженов.
Журналист оқиғаны ашып айтқаны үшін жан-жақты қысым көруі мүмкін екенін айтты. Сондықтан заңгерлер мен құқық қорғаушылардан көмек сұрап отыр.

«Мен қашанғы осылай моральдық зәбір көріп, Қазақстанда қазақ болғаным үшін өзімді төмен ұстауым керек пе? Олардың сөзін неге көтеруім керек? Неге көндігуім керек?

Қысқасы, ақыл айтыңыздар. Бұл жолы жайдан-жай қалдыра алмаймын. Ұлтжанды заңгерлер, құқық қорғаушылар бар ма? Не істесек болады? Сезіп отырмын. Қазір басшылығыма хабарласады. Жан-жақты қысым басталады. Жеке өміріме (физикалық) қауіп те төнуі мүмкін. Бірақ, мынаны бір жағына шығару керек. Қазақ тілді журналистерді, операторларды көргенде ешкім «колхоз» деп айту түгіл, ойлауға да қақы жоқ!», – деп түйіндеді ол.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары