Шығыс Қазақстан мен Павлодар облысының әкімдіктері жылу маусымына дайындық туралы жалған ақпарат берген. Бұл туралы Үкімет басшысы Әлихан Смайылов мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Біз қыркүйек айында осы мәселеге қатысты арнайы Үкімет отырысын өткізгенбіз. Сол кезде әкімдіктер жылыту маусымына сақадай сай дайынбыз деді. Әкімдер ешқандай проблема жоқ деп баяндады. Алайда, жалаң есеп пен жалған ақпараттың соңы тарихта болмаған сорақы жағдайға алып келді. 2 айдың ішінде екі бірдей ірі апат болды - Риддер мен Екібастұзда», - деді Премьер-Министр Үкімет отырысында.
Сондай-ақ, ол осыған ұқсас жайттар Өскемен, Рудный, Теміртау, Семей, Ақтау және Павлодар қалаларында болғанын еске салды.
«Жылу жүйелері мен инженерлік желілердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін жағдайды қатаң бақылауда ұстап, шұғыл шаралар қабылдау қажет. Оларды кейінге шегеруге болмайды», - деді Үкімет басшысы.