10.01.2023, 17:00

Ауыл тұрғындары көп шалдығатын ауру түрлері анықталды

Фото: ашық дереккөз
Бүгінгі таңда зерттеліп-қаралған 838 мың ауыл тұрғынынан 29 мыңға жуық адам динамикалық бақылауға алынды.

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният министрліктің қорытынды алқа отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Былтыр жылдың басында ауылдық медицинаның ақсап тұрғанын айтқан болатынмын. Ауыл халқына медициналық-санитариялық алғашқы көмектің қолжетімділігін арттыру үшін 2022 жылы денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативі қайта қаралды. 50 адамға дейінгі ауылдарда медициналық көмекті мейіргер үй-жайсыз жүзеге асырады, ал 500 адам тұратын ауылдарда медицина қызметкерлерінің саны бір адамнан үшке дейін ұлғайды. Фельдшерлік-акушерлік пунктер ашылып жатыр, - деп атап өтті ведомство басшысы. 

Министрдің айтуынша, былтыр ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін 107 медициналық-санитариялық алғашқы көмек объектісі пайдалануға берілген. 

Шалғайда орналасқан ауылдық елді мекендердің тұрғындарына медициналық көмек көрсету үшін жылжымалы медициналық емханалар кеңінен пайдаланылды. 2021 жылы 149 жылжымалы медициналық кешен 1,8 млн ауыл тұрғынын қамтыды. Ал 2022 жылдың 11 айында 1,7 млн ауыл тұрғыны қамтылды. Былтыр 2 «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы қайта іске қосылды, олар 147 станцияны қамтыды, 77 мыңнан астам ауыл тұрғынына медициналық көмек көрсетті, - деді Ажар Ғиният. 

Белгілі болғандай, ауыл тұрғындары үшін профилактикалық тексерулер енгізілген. 

Бүгінгі таңда зерттеліп-қаралған 838 мың ауыл тұрғынынан 29 мыңға жуық адам динамикалық бақылауға алынды. Оларда жоғары қан қысымы, қант диабеті, бүйрек патологиясы белгілері анықталды, - дейді министр.