Жуырда айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазының жалғыз ұлы Бурабайға жақын жердегі шаңғы базасында жұмбақ жағдайда көз жұмған. Ақын ұлының өліміне қатысты кейбір жайттар белгісіз күйде қалғанын мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Ассалаумағалейкум, ағайын! Күтпеген оқыс жағдайдан есті енді ғана жиып отырған жайым бар. Мұндай ауыр сынақты Алла ешкімнің басына бермесін. Қайғырғанға басу айтып, қамыққанға ақыл айтып жүрген адам болсам да жүрекке жазылмас сызат түсті. Енді оның емі тек Алланың тура жолы, Исламның иман байлығы ғана болар. Тағдырға иман келтірген мұсылманбыз ғой. Бергеніне шүкірлік қылған Аллаға алғанына күпірлік қылмаймыз.
Алдымен осы ең қиын сәтімде құлыншағымның қайғысын бөліскен барша қазақ халқына перзенттік һәм әкелік алғысымды айтамын. Төбесіне көтерген қара орман халқым болмаса ешкім емес екенімді білемін. Алла жазса, енді қалған ғұмырымда қазағымның келешегі үшін қызмет етіп өтермін», - дейді ақын Серікзат Дүйсенғазы.
Ол өз сөзінде көңіл айтқан барша жұртқа ерекше алғысын білдіріп өтті. Сол сияқты жалғыз ұлының білімді болып өсуі үшін азаматқа тән барлық қасиетті сіңіріп өсіруге тырысқанын жеткізді.
«Мен Президент Қасым-Жомарт Кемелұлымен кездесіп сөйлескен адам емеспін. Басыма қайғы түскенде оны Мемлекет басшысының бөліскенін азаматтық деп санаймын. Әлі өмірдің үлкен есігін ашып үлгермеген періште балам үшін менімен бірге қайғырып, көңіл айту хаттарын жолдаған Президент аппаратына, Үкімет мүшелеріне, депуттаттарға, облыс әкімдеріне, ректорларға, ақпарат құралдарының басшыларына, Бас мүфти бастаған дін қызметкерлеріне рахметімді айтамын. Тілек-ниеттеріңіз Құдайдан қайтсын!
Жалғыз ұлым болған соң марқұм Әлиханымның бойына ер азаматқа тән барлық қасиеттерді сіңіріп өсіруге тырыстым. Өзім қандай да бір жақсы ортаға барсам ертіп апарып көрсетіп жүретінмін. Екеуміз қолымыз бос уақытта атқа мініп, балық аулайтынбыз. Жазды күндері тауға шығып, көлге шомылсақ, қысты күндері коньки мен шаңғы тебетінбіз. Кішкентай күнінен қалаған кітаптарын сатып әперіп білімді болуға тәрбиеледік. Қазақтың халық ертегілерінен, балалар әдебиетінің озық үлгілерінен, танымдық энциклопедиялардан өзінің жеке кітапханасын жасақтадық. Құранның әліппесін таныту үшін екі жыл «Әзірет Сұлтан» мешітінің жазғы имандылық курстарында оқыттым. Нәтижесі жаман болған жоқ», - деп күңіріне еске алды ол.
Ұлының 23 мемлекет қатысатын олимпиададан медаль әкелетініне үмітті болып жүргенін, алайда аяқасты оқыс жағдайға ұшырағанын қозғап өтті.
«Жетінші сыныпқа дейін №48 мектеп-лицейде білім алды. Жетінші сыныпта №9 «Зерде» дарынды балалар мектебіне қабылданды. Сол мектептің мықты ұстаздарының арқасында бойындағы ғалымдық қабілеті ашылды. Физика, информатика, робототехника салалары бойынша өткен қалалық, республикалық, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалардың жиырмадан аса сайысында олжа салды. Жоғары математика мен физиканы жақсы меңгерді. Тіпті, оның жасаған өнертапқыштық жобаларын өткен жазда «Қазақстан» ұлттық арнасы түсіріп, эфирден көрсеткенін енді ғана біліп отырмын. Маған ол туралы өзі айтқан жоқ. Мақтанғанды ұнатпайтын. Арманы Никола Тесла сияқты инженер-өнертапқыш ғалым болу еді.
Алдағы ақпан айында жиырма үш мемлекет қатысатын халықаралық «Жәутіков» олимпиадасының оқу-жаттығу дайындығынан толық өткен-тұғын. Енді медаль әкеледі деп күтіп жүргенде осындай жағдайға душар болдық.
Әлиханымның тәп-тәуір ақын болғанын да өткенде ұстаздары жіберген өлеңдерінен таныдым. Бұрынырақта балаң өлеңдер жазып жүргенін білетінмін. Өлеңді қазақша да, орысша да жазатын. Әсіресе, орыс тілі мұғалімі жіберген кейінгі өлеңдерінен қалыптасқан ақынның қолтаңбасын көріп аң-таң болып отырмын. Ол өлеңдерді кейінірек осы желіге саламын», - дейді Серікзат Дүйсенғазы.
Осы тұста ақын әрі ғалым Серікзат Дүйсенғазы оқыс жағдай болған «Елікті» шаңғы базасының кейбір әрекеттері тым түсініксіз болғанын айтып, адам өмірінің құны жоқ екені осындайда көрінетінін айрықша атап өтті.
«Баламыз шаңғыдан оқыс жағдайда опат болды десек те кейбір тұстары бізге әлі күңгірттеу болып тұр. Ол шаңғыны өте жақсы тебетін. Ағашқа қандай жағдайда соғылғаны беймәлім. Сол соңғы рет тауға көтеріліп бара жатқанын анасы түсірген видео бар. Ары қарай не болғанын біз білмейміз. «Елікті» шаңғы базасының қызметкерлері бір жарым сағаттай құлаған баланы таудан төменге түсірмей, алғашқы медициналық көмек көрсетпей тығып ұстағаны көкейге күдік ұялатады. Сондықтан оқиға болған сәтті көрген куәгерлерді іздеп жатқанымыз рас.
Иә, баламыз енді қайтып оралмас. Бірақ басқа адамдар да біздің күйімізді кешпесе екен деп алаңдаймыз. Себебі, шаңғы базасында ешқандай техникалық қауіпсіздік сақталмаған. Мыңдаған адам сырғанап жатқан жерде алғашқы көмек көрсететін дәрігерлері де жоқ. Ол былай тұрсын, баласын жоғалтып шырылдаған ата-анаға ешкім жауап бермей, бір-біріне сілтегенін қалай түсінеміз?
Сол «Елікті» ештеңе болмағандай әлі жұмыс істеп тұрған көрінеді. Біздің елде адамның құны жоқ екені, ешкім ештеңеге жауапты емес екені осыдан-ақ білінбей ме? Сондықтан біздің мемлекеттік органдар осындай демалыс орындарының техникалық қауіпсіздігін тексеру керек деп санаймын. Оны бұқаралық ақпарат құралдары түсіріп, халыққа жариялау керек. Онсыз да ат төбеліндей аз қазақпыз. Қырып тастай беретін артық адам жоқ бізде! Алла Тағала қара орман қазағымды аман қылсын! Кішкентай Әлиханымның жетпеген ұлы арманына жететін ұрпақ көп болуын тілеймін!» - деп сөзін аяқтады.