$ 498.34  519.72  4.85

Қазақстан құрамасы АҚШ-та өтіп жатқан Универсиаданы жеңіспен бастады

Қазақстанның намысын спорттың он түрінен 78 спортшы қорғайды.

АҚШ-тың Лейк-Плэсид қаласында басталған Универсиадада қазақстандық спортшылар алғашқы жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлайды ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.

АҚШ-қа жұмыс сапары аясында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ХХХІ Дүниежүзілік қысқы Универсиадасының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.

Жарыс алдында министр жас спортшыларға сәттілік тіледі.

"Спорттағы сәттілік тек еңбекпен және күш-жігермен бірге келеді. Сондықтан сіздерге шыдамдылық, ішкі шабыт және жеңіске деген мызғымас сенімділік тілеймін. Біздің құрама еліміздің намысын лайықты түрде қорғай алатынына сенімдімін", - деді Нұрбек.

Қысқы Универсиададағы алғашқы ойынды Қазақстанның хоккейден ерлер құрамасы бастады. Оңтүстік Корея құрамасына қарсы бастапқы матчта отандастарымыз 5:1 есебімен жеңіске жетті. Қазақстан құрамасының мүшелері: Алдияр Нұрлан, Максим Мусоров, Кирилл Полохов және Максим Мұхаметов қарсыластың қақпасына шайба салды.

Хоккей құрамасы Қазақ спорт және туризм академиясының студенттерінен құралған. Қазақстандықтар В тобында өнер көрсетеді, отандастарымыз Ұлыбритания, Мажарстан, Словакия және АҚШ командаларына қарсы ойнайды.
Еске салсақ, Универсиада АҚШ-тың Лейк-Плэсид қаласында өтіп жатыр. Оған әлемнің 50 елінен студенттер қатысуда.

Қазақстанның намысын спорттың он түрінен 78 спортшы қорғайды. Студенттер биатлон, сноуборд, шаңғы, тау шаңғысы, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, шаңғы қоссайысы, коньки, шаңғымен трамплиннен секіру және шайбалы хоккей секілді спорт түрлерінен бақ сынайды.

Дереккөз: sputnik.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары