$ 447.4  477.55  4.76

«Дүкендегі жарнама сияқты»: Киелі Ұлытаудың елтаңбасы қатты сынға қалды

Облыс елтаңбасының авторы – Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі Шахибаден Сейіткенов.

Жаңадан құрылған Ұлытау облысының елтаңбасы бекітілді. Бұл туралы Ұлытау облысының әкімдігі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

«Өңірдің елтаңбасын бекіткен комиссияның төрағасы – қазақстандық суретші және сәулетші, Қазақстан Республикасы мемлекеттік Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков болды»,- деп хабарлады Ұлытау облысының әкімдігі.

Дереккөзге сүйенсек, бұл Елтаңбаны таңдау үшін әкімдік бірнеше ай бойы байқау өткізген. Республиканың түпкір-түпкірінен 130-ға жуық ұсыныс түсіп, эскиздер 2022 жылғы 12-18 желтоқсан аралығында арнайы ұйымдастырылған көрме аясында Жезқазған тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынылған.

«Комиссия мүшелері және көрмеге келген тұрғындар ең үздік 18 эскизді таңдады. Ұлытау облысының Елтаңбасын таңдауға өңірдің барлық тұрғыны да Instagram желісіндегі танымал «Это Жез» парақшасында дауыс беру арқылы қатысуға мүмкіндік алды. Онлайн дауыс беру нәтижесі бойынша ең көп дауыс жинаған №15 нұсқа болып айқындалды. Жеңімпаз атанған эскиздік жоба жерлесіміз, Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі Шахибаден Сейіткеновтың еңбегінің нәтижесі», - деп хабарлады әкімдік 18 қаңтарда кешке.

Облыстың таңбасы әлеуметтік желі арқылы халыққа ұсынылғаны сол екен, қоғам тарапынан сыни пікір қарша борады. Ұлытау облысының тұрғындары елтаңбаның «түсініксіз, қарабайыр, киелі тауларды сипаттай алмайтын» туынды деп бағалар жатыр.

«Бұл не мазақ? Осындай герб бола ма? Дүкеннің маңдайындағы жарнамасы сияқты. Берік Әбдіғалиұлы (облыс әкімі – ред.), сіз не айтасыз? Бұл шимай-шатпақты сіз де қолдадыңыз ба?», «Тым қарапайым. Түсініксіз. Быжынаған көп ирегі көзге қораштау көрінеді екен», «Құлазыған дала... белгісі сияқты. Еш көңіл толатындай емес. Қазақтың бар екені көрінбейді. Туристерді тартатын, осы қасиетті жерді жарнамалайтын жағы жоқ», «Мына суретті балабақшадағы бала сала алады, ұят дүние, басқа қандай нұсқалары болды, соның бәрін қойыңыздар, бәріміз көрейік. Ұлытауды өздерің жасап, Ұлытауды өздерің облыс қылғандай», «Біріншісі Қарлығаштың, екіншісі осминогтың суретіне келеді»,- деп жазған желідегі халық.

 Ал уәкілетті орган эскизді басқаша сипаттап отыр.

«Ұлытау облысының елтаңбасы – таулардың бір түсті контурлық бейнесі. Елтаңбаның төменгі бөлігінде ŪLYTAU деген жазу бар. Түрлі-түсті бейнеде Ұлытау облысының елтаңбасы екі: қоңыр және көк түсті. Елтаңбадағы орталық орынды Ұлытау тауларын еске түсіретін сурет алады. Алайда таулардың бейнесі – тек рельефті жаңғырту ғана емес, бұл үлкен көркемдік-эстетикалық образ; бостандықтың символы, болашаққа апаратын жол, рухани өрлеудің символы. Төменгі жағында орналасқан ŪLYTAU жазуы таңбалы тас петроглифтері стилінде бейнеленген. Бұл өз кезегінде, біздің өлкеміздің бай тарихын, халықтың бірлігі мен тұтастығының ғасырлар бойғы дәстүрлерін бейнелейді. Ғалымдар таңбалы тасты қазақ халқының алғашқы Конституциясы деп атағаны кездейсоқ емес: мұнда ру өкілдері тастарға петроглифтер ойып, Мәңгілік бауырластықта болуға ант берген», - делінген облыстық әкімдіктің баспасөз хабарламасында.

Ал кәсіби суретші, осы елтаңбаға қатысты әлеуметтік желіде де жеке пікірін білдірген Шолпан Жанғаскинова эскизді қолдай алмайтынын айтады.

«Менің ойымша, тым қарапайым. Дәл осы эмблеманы дипломдалған суретші ретінде, дизайн саласына 20 жылдай уақыт бөлген адам ретінде қолдай алмай отырмын. Біріншіден, Президент өз сөзінде латын тілін қоя тұрыңдар деді. Екіншіден, полиграфист ретінде қоңыр тау, көгілдір жазу... түк түсінсем, бұйырмасын. Эскиз жасағанда қалай болады сонда? Бір жерде бүрісіп тұрады, балабақшаның алғысхаты сияқты...» - дейді суретші.

Ұлытау әкімдігі әзірге бұл негатив ойларға қатысты пікір білдірген жоқ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары