Ақтөбе облысы аудандарындағы балалар және жасөспірімдер спорт мектептеріне 12 автобус сатып алынады. Бұл оқушылардың жарысқа таксимен емес, автобуспен қатынауына мүмкіндік береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Былтыр 17 желтоқсан күні бір топ волейболшы мінген такси жол апатына ұшырап, бір оқушы оқиға орнында көз жұмған еді.
Тергеу кезінде оқушылардың Темір ауданнан Ақтөбе қаласында болатын жарысқа келе жатқаны белгілі болды.
Сол күні жол-көлік апаты кезінде жараланған оқушыларға ота жасалып, Астанадан арнайы мамандар мен министрлік өкілдері келді.
Аман қалып, ауруханаға жеткізілген балалардың бәрі бірнеше отадан кейін үйіне жіберілді.
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаевтың айтуынша, жаттықтырушы ғана ем алып жатыр.
Ол жедел медициналық жәрдем ауруханасының жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылған.
Ал облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаровтың айтуынша, енді барлық ауданның балалар және жасөспірімдер спорт мектептеріне автобус сатып алынады.
«Барлығы 12 автобус сатып алынады. Бұл әр ауданға беріледі. Мемлекеттік сатып алу конкурсы алдағы аптада жарияланады. Шамамен көктемде жеткізіледі. Біз бұған дейін де проблеманы көтеріп, қаржы сұраған едік. Ақша аудармай келді», - деді Евгений Гончаров.