$ 498.34  519.72  4.85

«Денесі жыртылып жатыр»: күйік шалған 9 жасар алматылық қызға көмек керек

Ол осы жасқа дейін тойып тамақ ішіп немесе жаңа көйлек киіп көрген емес.
фото: aikyn.kz
фото: aikyn.kz

Алматы қаласында жалдамалы үйде тұратын отбасындағы 9 жасар қызға қаржылай көмек керек.

Денесін күйік шалған қыздың жағдайын шетелдік клиникаға көрсетпек түгілі, отбасының ішерге тамағы, киерге киімі жоқ. Бұл туралы журналист Гүлмира Әбіқай өзінің Instagram-парақшасында жазды.

Еркеназдың жасы 9-да. Автордың жазуынша, ол осы жасқа дейін тойып тамақ ішіп немесе жаңа көйлек киіп көрген емес. Тіпті аяқкиімі жыртылып қалып, бір апта сабаққа бара алмаған.

«Ата-анасы күнкөріс қамымен ұзақ жыл мал бақты. 4 жасында қойлы ауылда пеш атылып, қақпағы келіп арқасына тиеді. Отқа оранып шыр көбелек шырылдап жатқанда анасы көйлегін үстінен сыпырып алған. Одан кейінгі жәйт белгілі. 5 жылдан бері кішкентай қыз азап шегіп келеді. Күйіктің бетін тыртық басқанымен, әуреге салады. Қыздың бойы өскен сайын терісі тартылып, жыртылып жатыр. Еркеназ қолын созған сайын ауырады. Ойын баласы емес пе, допқа құмар. Өкінішке қарай, ойынның соңы қос қолтығы қанға бөгіп, азаппен тынады», – деп жазады автор.

Түсірілім тобы Еркеназды аудандық бас педиатрға көрсеткен. Дәрігерлер операция жасау мүмкіндігін айтқан, алайда тыртықтың жойылатынына еш кепіл жоқ.

«Түркияға хабарлассақ, алдын ала кеңес алу мен анализдерге 5000$ қажет екен. Өзбекстан дәрігерлері пластикалық хирургияның ем-домын есептеуде. Жетім көрсек жебеп, мұқтаж көрсек демеп жіберетін ұйымшыл оқырманым. Тағы бір қазақ отбасын басына түскен қиын күндерден құтқарайық», – дейді жазбасында журналист.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары