$ 498.34  519.72  4.85

Шымкентте шырша шамы жағылды

Шымкенттегi әл-Фараби алаңында жаңажылдық шырша шамын жағу рәсiмi өттi. Салтанатты шараға облыс әкiмi Жансейiт Түймебаев пен Шымкент қаласының әкiмi Ғабидолла Әбдiрахымов қатысты. Бұл туралы ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Думанды кеште «Қыстың ғажайып түнi», «Аяз Ата мен Ақшақар» және «Шаттық шеруi» атты сахналық театрландырылған музыкалық-хореографиялық композициялар қойылды. Жаңажылдық шырша шамын жаққан өңiр басшысы қала тұрғындарын келе жатқан мерекемен құттықтап, жылы лебiзiн бiлдiрдi.

– Жаңа жылға бiздiң елiмiз үлкен табыстармен келiп отыр. Кеше ғана ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдық мерекесiн кең көлемде атап өттiк. Бүгiнгi тойланып отырған мереке егемендiгiмiздiң арқасы екенiн ұмытпауымыз керек. Тәуелсiздiк арқылы әлемге танылып, шетелде оқуға, демалуға мүмкiндiк алып отырмыз. Жаңа жыл жаңа жетiстiктерге жетелесiн, – дедi облыс әкiмi.

Кеш соңы «Жаңа жыл келдi!» сахналық көрсетiлiмi мен «Жарқыра, жасыл шырша!» концерттiк бағдарламасына ұласты. Мерекелiк думанға 400 өнерпаз қатысты.

Айта кетерлiк жайт, Шымкент қаласында 3 жерде жаңажылдық негiзгi шырша қойылды. әл-Фараби алаңынан бөлек «Шәмшi әлемi» гүлзарында және облыстық әкiмшiлiк-iскерлiк орталығында негiзгi шыршалар орнатылды. Бұдан бөлек сән-салтанатқа сай безендiру мен көрiктендiру жұмыстары атқарылды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары