$ 494.87  520.65  4.91

Ел «Болашағы»: Ғылымға бет бұрған жастарға жасалған мүмкіндіктер қандай

Тағылымдамадан өтуге қойылатын талаптардың тағы бір ерекшелі және жеңілдігі десек те болар, кепілдікке жылжымайтын мүлікті қоюдың қажеті жоқ.
Фото: bilimdinews.kz
Фото: bilimdinews.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Жаңа нақты ахуалда: іс- қимыл уақыты» атты Жолдауында отандық ғылымды дамытуды және оған баса назар аударуды тапсырған болатын. Ол үшін білім және ғылым саласында жүйелі саясат пен оны іске асыруға жеткілікті қаражат қажет екені белгілі. Дегенмен, президенттің бұл тапсырмасы көп ұзамай орындалып еліміз дамыған елдермен тең дәрежеде иық теңестіре алатын мүмкіндіктерге жол ашылды, жастарға мүмкіндіктер берілді. Оның дәлелі ретінде, «Болашақ» АҚ-на жыл сайын ғылымда насихаттауға ниет еткен жастарға 500 грант бөлінгенін атап өтуге болады. Осы орайда SN.kz ақпарат порталы елімізде ғылыми зерттеумен айналысуға қандай мүмкіндіктер жасалып жатқаны, грант иегері атану үшін қандай талаптар қойылатыны жайлы толық мәлімет жинақтақтады. 

Ғылыми тағылымдама – ғалымдардың әлемнің жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарында мен жоғары оқу орындарында ғылыми-техникалық кадрлардың біліктілігін арттыруға мүмкіндік беріп отырған мемлекеттік бағдарлама. 

Ал, мемлекет тарапынан жасалып отырған осы мүмкіндікке ие болып, грант иегері атанғысы келетіндер конкурстық жүйе арқылы іріктеледі. «Халықаралық бағдарламалар орталығындағы» ресми мәліметтерге сәйкес, ғылым жолына бет бұрған үміткердің қолында шетелдік ұйымнан шартсыз шақырту, таңдаған саласы бойынша жұмыс өтілі кем дегенде 1 жыл болуы керек. Сонымен қатар, мемлекеттік тіліміз – қазақ тілін білуі B1 деңгейіне сәйкес келуі, ал шет тілінде IELTS халықаралық емтиханынан 9.0-ден кемінде 5.0 балл жинаған сертификаты бар болуы керек. 

Аталған талаптарға сай келіп, стипендия иегері атанғандарға мемлекет тағылымдамадан өтуге кететін түгел шығынын, стипендиаттың тағылымдамдама өтетін елге екі жақты ұшу ақысын, оған қоса, медициналық сақтандыру мен ай сайынғы стипендиясын төлейді. Стипендия мөлшері стипендиат баратын елдің немесе қаланың өмір сүру деңгейіне қарай әртүрлі. 

Ғылыми тағылымдамадан өтуге әлемнің әлемнің 34 елінен  400-ден астам ұсынылған мекемелердің тізімі «Болашақ» бағдарламасының ресми сайтында жарияланған. 

Сонымен қатар, отандық ғылымды дамытуда басымдылық берілген бағыттар да бар. Бұл тізімге 134 мамандық атауы енген. Тағы бір айта кететін жайт, ғылыми зерттеу жұмысымен айналысу 3 айдан 12 айға дейінгі аралықта жүзеге асырылады. 

Тағылымдамадан өтуге қойылатын талаптардың тағы бір ерекшелі және жеңілдігі десек те болар, кепілдікке жылжымайтын мүлікті қоюдың қажеті жоқ. Қойылатын міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету үшін стипендиат соңғы 1 жылда тұрақты жұмысы, табыс көзі бар 50 жасқа толмаған Қазақстан Республикасының азаматтығы бар екі кепілгерді ұсынуына болады. 

Ал, елге келген уақытта мемлекет тарапынан жасалған жағдайдың қайтарымы ретінде шетелден алған білім мен тәжірибені ел аумағында халықтың мүддесі үшін 3 жыл бойы еңбек етуі жеткілікті. 

Қазір дамыған елдер адам өмірін жеңілдету үшін, кез-келген істе уақыт үнемдей алуымыз үшін, адамзаттың өмірін сақтап, неғұрлым ұзақ өмір сүруіне   жарыса жағдай жасап жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай «Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі». Техника мен технология, жасанды интеллект дамып жатқан кезде дамыған елдермен қатар отандық ғылыми жетістіктерімізбен де мақтана алатын кез келді. Бұрын шетелде тегін білім алып, әлемдік деңгейдегі жетекші мекемелерде жұмыс істеп, тәжерибе жинау мүмкін емес болып көрінсе, қазіргі Қазақстан жастары үшін барлығы мүмкін.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары