Жетісу облысының Шолақай ауылында 15 жастағы Құралайды зорлап, өлтіріп, артынан өртеп жіберген қылмыскер өмір бойына сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі
Жантүршігерлік қылмыс жасаған 39 жастағы Рустам Ахметовке Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Бақыт Ермаханов осындай жаза кесті.
Үкім кезінде судья жаға ұстатар қылмыстың жай-жапсарын баяндады. Тергеу дерегінше, сотталушы алдымен 15 жастағы Құралайды зорлап, айуандықпен өлтірген. Содан соң қыздың жүрек тұсынан үш рет пышақ салғаны анықталған. Кейін бір метр тереңдікте жер қазып, қыз баланың ұялы телефонын сындырып, мәйітті өртеп, көміп тастаған екен.
Естеріңізге сала кетейік, дүйім жұртты дүр сілкіндірген қылмыс осыдан тура алты ай бұрын болған еді. Із-түссіз жоғалып кеткен Құралай Қисабекті бүкіл Шолақай ауылының тұрғындары жанұшыра іздеген. Алайда, тек 8 күннен кейін қыз баланың мәйіті табылған.
Мүрде сол ауылдан үш жарым шақырым жерде орналасқан қылмыскердің қыстағының маңынан табылған болатын.