$ 494.87  520.65  4.91

Бейбіт күннің батыры - Асқар Забикулин II

Құтқарушылардың күн сайын қандай жанкештілікке баратынын өз әрекеті арқылы көрсетіп кетті.
Фото: tv7.kz
Фото: tv7.kz

Ғұмыры қамшының сабындай ғана қысқа болса да Асқар Забикулин оны жарқын сүре білген. Отбасы мен жұмыстан бөлек, кәсібилігін шыңдап білім алуды да ұмытпаған. Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының түлегі Асқар, 2020 жылдың ақпан айында Ресей ТЖМ Мемлекеттік өртке қарсы қызметінің Санкт-Петербург университетінде магистр дәрежесін алған. Осының барлығын тізе отырып ой түйсең, Асқардың қолынан барлығына бірдей үлгеру келгендігін аңғарасың. Білім алу, күнделікті тәуекелді қажет ететін қиын қызмет, отбасына көңіл бөлу және жоғарыда атап өткен спорт түрлерімен шұғылдану. Мұның барлығын тең дәрежеде алып жүру екінің бірінің қолынан келе бермейтіндігін мойындауымыз қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, нағыз батырлар мен қаҺармандарды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Олар біздің айналамызда жүр және көпшілігіміз байқай бермейтін көзсіз ерлікті күнделікті жасап жүр. Бірі ауырып жатқандарға жедел-жәрдем көрсетуге асықса, бірі ұшақ штурвалын тізгіндейді және тағы бірі жұмысы үшін құтқарушыға арналған қорғаныс киімін киеді... Ел мен мемлекеттің тірегі де солар.

«Біздің батырлар – өзінің махаббаты мен күш-қуатын, тәжірибесі мен білімін, мүлкі мен қаражатын қоғамға риясыз ұсынатын еріктілер мен игі іс жасайтындар. Олардың барлығы – халықтың мақтанышы әрі үміті. Міне, осындай еңбек адамдары – еліміз бен мемлекетіміздің тірегі», - деп атап өтті ел президенті Тоқаев. 

Сонымен қатар, мемлекет басшысы өмірін қатерге тігіп өртпен алысқан Асқар Забикулинді  I дәрежелі "Айбын" орденімен марапаттау туралы жарлыққа қол қойды. Ерлердің есімі елдің есінде мәңгі қалуы керектігін алға тартып батырдың атына елордадан көше атауын беруді және бюст орнатуды да тапсырды.

Осы орайда редакция Астана қаласына қарасты Төтенше жағдайлар департаментімен байланысқа шыққан еді. 

«Асқар Серікұлы қызметін өмірінен артық қойып, нағыз ержүректік танытты. Құтқарушылардың күн сайын қандай жанкештілікке баратынын өз әрекеті арқылы көрсетіп кетті. Оның ерлігін ұрпаққа өнеге етіп мәңгі қалдыру үшін бірқатар жұмыстар жүргіздік. Өзі жұмыс істеген  №6 өрт сөндіру бөліміне Асқардың аты берілді. Содан кейін Астана қаласындағы «Үркер» шағын ауданынан көше атауы берілді. Сондай-ақ, бізде Құтқарушылар аллеясы бар. Көктем туа салысымен сол аллеяға қызмет барысында қаза тапқан құтқарушылардың мүсіні орнатылады. Сол жерге міндетті түрде Забикулиннің де мүсіні қойылатын болады», - деп жауап берді Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы. 

Асқардың артында қалған жары мен балаларына қолдау білдіруде Ғылым және жоғары білім министрлігі де өз үлесін айтарлықтай қосты. Екі Отандық ЖОО жанқиярлық танытқан батырдың екі қызына білім гранттарын тағайындады. Батырдың әйелі Анель Забикулинаны да назардан тыс қалдырмай, МВА бағдарламасында оқуға толық грантын AlmaU бөлді. Бұдан бөлек, несиелері кешірілді. Әйелі мен екі қызына Астана қаласынан үш бөлмелі пәтердің кілті табысталды. Оның жасаған ерлігінің жанында бұл істер аз болуы мүмкін. Әйтсе де, мемлекет батыр атын ұлықтауды тоқтатпақ емес. 

Тоқаев Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясына жұмыс сапармен барғанда да Асқар атын атап өтті. 

«Төтенше жағдай мамандары жұмыс барысында талай рет ерлік көрсетті. Басқа адамдардың өміріне араша түсіп, қаза тапқан құтқарушылар аз емес. Олардың қатарында осы академияның түлегі Асқар Забикулин де бар. «Ер есімі – ел есінде». Батырлардың ерлігі ешқашан ұмытылмауға тиіс», – деді Президент. Біз өз кезегімізде елім дейтін ерлеріміздің көп болуына тілек білдіреміз. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары