$ 482.86  533.17  5.08

Бейбіт күннің батыры - Асқар Забикулин

Осы бір әрекеті арқылы ол Отан алдындағы азаматтық антына берік екенін және жанқиярлық ерлігін көрсетті.
Фото: tv7.kz
Фото: tv7.kz

Төтенше жағдай туа қалса тосылмай көмекке келетін құтқарушыларды бейбіт күннің батыры десек артық айтпаған болар едік. Оқыс оқиғаның ортасында жүрген олар бастарын сәт сайын бәйгеге тігеді. Өкінішке қарай, жүктелген міндетін атқару барысында ажал құшқандар да жоқ емес. Солардың бірі ерлігімен көптің есінде қалып, қазасымен қалың қазақтың қабырғасын қайыстырған өрт сөндіруші Асқар Забикулин. 

Өткен жылы 16 қарашада Астана қаласындағы Момышұлы даңғылында он бес қабатты үйден өрт шыққан еді. Тілсіз жаудың қармауынан бес адам құтқарылды. Оның біреуі бала. Бірнеше адамға екінші өмір сыйлаған Асқар Забикулин денесін шалған 80% күйікпен ауруханаға түсті. Алайда оны аман алып қалу мүмкін болмады. Батырымыз оқиға болғаннан кейін төртінші күні ауруханада көз жұмды. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Асқардың бұл ерлігін ел үшін адал еңбек етудің бірден-бір көрінісі деп бағалады. Сонымен қатар, батырдың бұл әрекеті халық жадында мәңгі қалатынын жеткізді. 

«Асқар  Серікұлы төтенше жағдайлар саласында еңбек етіп, елімізге адал қызмет етудің үлгісін көрсете білген азамат еді. Астанадағы көпқабатты үйде болған өрт кезінде оқиға орнына шұғыл жетіп, бірнеше адамның өмірін сақтап қалды. Осы бір әрекеті арқылы ол Отан алдындағы азаматтық антына берік екенін және жанқиярлық ерлігін көрсетті. Оның есімі мен жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде сақталады», - деді Президент.

Асқардың болмысына үңілу мақсатында онымен бірге қызмет еткен әріптестерінің пікірін жинақтаған едік. Олардың сөзінен Забикулиннің өз ісінің маманы, адал жар, аяулы әке және нағыз дос екенін аңғаруға болады. 

«Ол өз жұмысының нағыз жанкүйері еді». Әділхан Болатов әріптесі Асқарды осылай есіне алды. Оның өз жұмысын сүйетіні соншалық артылған міндетті бар жан-тәнімен орындайтын болған. Сонысымен де көп әріптестеріне үлгі көрсете білген. 

«Ол өз жұмысының нағыз жанкүйері. Жұмысына шын берілген адам. Оның қызметіне деген жауапкершілігі басқаларына үлгі. Мен үшін ол нағыз – қаҺарман. Қайғылы оқиға болатын күні Асқар жұмысқа әдеттегіден көңілді келді. Одан мұндай көңіл-күйінің себебін сұрағанымда, жақында еңбек демалысына кететінін және оған дейін санаулы ғана жұмыс күні қалғанын айтты. Оның жоспары көп еді...», - деді әріптесі. Сондай-ақ, Асқар бос уақытында альпинизммен айналысқан. Футбол мен хоккей ойнау оның сүйікті ісі болған. Әріптесі оның жан-жақтылығына таңданатындығын да жасырмады. «Мақсатына жетпей тынбайтын жандардың қатарында болды. Мен оның бұл қасиетін өз бойыма сіңіруге үнемі тырысатынмын», - дейді Әділхан Болатов. 

Асқардың артында жары мен екі қызы қалды. Оның дауысын соңғы рет естіген де өмірлік жары Анель болды. «Жедел-жәрдем көлігінде кетіп бара жатқанда Асқар әйелі Анельге телефон шалуды сұрады. Бірақ оның не айтпақшы болғанын тұтқаның ар жағындағы жары сол күйі түсіне алмады», - деп есіне алады батырдың досы Абылайхан Бірлес. 

Өрт кезінде Асқар салдары осылай болып, қыздары әкесіз қалады деп ойламаған еді. Өйткені, ол ойланбастан тар жерден өту үшін үстіндегі құтқарушының қорғаныс киімін шешіп, кислород толтырылған баллонды тастап тілсіз жауға тап берген екен. Қарт әйел мен оның немересін және он жастағы баланы аман алып шықты. Үш адамның өмірінің құны Асқардың өлімімен өлшенгені өкінішті. 

Жалғасы бар...

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары