$ 494.87  520.65  4.91

Петропавлда құтқарушылар 4-қабаттан секірмек болған адамды аман алып қалды

Оны құтқару үшін арнайы операция ұйымдастырылды.
Фото: Azattyq Ruhy
Фото: Azattyq Ruhy

Петропавлдық құтқарушылар 4-ші қабаттан секірмек болған адамды аман алып қалды. Оны құтқару үшін арнайы операция ұйымдастырылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhу тілшісі. 

СҚО Төтенше жағдай департаментінің дағдарыс жағдайындағы басқармасының жедел кезекшісіне Петропавл қаласының Береке шағын ауданында жас жігіттің өміріне қауіп төнгені туралы қоңырау түскен.

Сол сәтте ақпарат Өрт сөндіру қызметінің жедел-құтқару жасағына берілген. Оқиға орнына Айбол Отарбаев бастаған топ дереу жетті. Оларға көп қабатты ғимаратқа жету, бағдарлау және жұмысқа кірісу үшін бірнеше минут қажет болды. 

«Біз оқиға орнына жеткенде 4-қабаттағы терезені ашып, жігіт шығып тұрды. Ол былапыт сөздер айтып, секіруге оқталды. Төменде тұрған полиция қызметкерлері онымен тілдесіп, райынан қайтармақ болды. Бірақ нәтиже шықпады. Мен уақыт оздырмай альпинистік жабдықты қолданып әрекет етуіміз керек екенін түсіндім. Жігіттермен 5-ші қабатқа көтерілдік. Басты міндетіміз – терезеге сырттан жақындап келіп, секірмек адамды ішке қарай итеріп жібреру болды. Бәрі мен үшін де, ол үшін де сәтті аяқталды. Өмірмен қоштасу оңай емес. Сондықтан, ешкім мұндай ақымақтыққа бармаса екен деймін», - дейді Айбол. 

Айбол бұған дейін де талайды құтқарған. Жанып жатқан нысандардан адамдарды алып шыққан. Өзінің бұл әрекетін ерлікке баламайды. 

«Құтқарушылар физикалық тұрғыдан да, психологиялық тұрғыдан да мықты болуы шарт. Сондықтан, үнемі спортпен айналысамын. Мен доғары көтерілгенде әріптестерім жерде тұрды. Қандай да бір жағдай болса сақтандыру үшін. Оларға да алғысым шексіз. Бар міндетіміз – халыққа қызмет ету», - дейді ол. 

Терезеден секірмек болған тұрғын арнайы есепке алынды. Онымен психолог мамандар жұмыс істеп жатыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары