Алматы облысында 6 баланы жалғыз асырап отырған Мейрамгүл Нәбиева жәрдемақыға жарымай жүр. Жергілікті билік өкілдерінен үмітін үзген ол енді елден көмек сұрауда деп хабарлады КТК телеарнасы.
Былтыр батыр ананың ауыр тағдыры туралы телеарналар жарыса көрсеткеннен кейін мемлекеттен оған тиісті көмек беріле бастапты. Алайда, жалғызбасты ананың бұл қуанышы ұзаққа созылмады. Бір парақ анықтаманы сылтау еткен атқамінерлер, 8 айдан бері жәрдемақы көлемін қысқартып тастаған.
Шелек ауылындағы 6 балалы батыр ана қазір көршілерінің арқасында өмір сүруде. Жұрт бұл отбасыны азық-түліктен бастап, отынға дейін қамтамасыз етіп отыр. Аядай ғана үйді де көршілері уақытша берген. Әйтпесе, көпбалалы отбасының пәтерақы түгілі, ішер ас сатып алуға жағдайы жоқ.
«Балаларымның 2 ай бойы мектепке бара алмай қалған кездері болды. Өйткені киімдері жоқ, аяқ киімі жоқ. Кейін көршілер жан-жақтан әкеліп берді», - дейді М.Нәбиева.
Отағасы былтыр қиындықтан қашып, шиеттей балаларды тастап кеткен. Содан бері одан ешқандай хабар жоқ. Тіпті ол алимент төлеуге де құлықсыз.
Былтыр тастанды отбасының қиын жағдайы КТК телеарнасынан көрсетіліп, жәрдемақы мәселесі де реттелген еді. Сөйтіп, Мейрамгүл бірнеше ай бойы тиісті 68 мың теңгені алып келген. Тек күйеуімен ажырасқалы мемлекеттік көмекке тағы да жарымай қалыпты. Көпбалалы отбасының мамырдан бері қарап отырғаны – 15 мың теңге.
«68 мың теңге шығуы керек екен. Көпбалалы анамын, медалім бар. Бірақ, қазір ондай ақша алып отырған жоқпын», - дейді көпбалалы ана.
Сөйтсек, мәселе бір парақ анықтамаға тіреліп тұр екен. Шенеуніктердің жауабы «туған әкесіне керегі жоқ бала, мемлекетке де қажет емеске» саяды.
«Жолдасының алимент төлемей, немесе алименттің көрсеткішін көрсете алмағандықтан, осы атаулы әлеуметтік көрсеткіштерді ала алмады. Біз арнайы комиссиялар құрып, қарастырудамыз. Осы жәрдемақы туралы», - дейді Шелек ауылдық аймағы әкімінің орынбасары Мәди Бектасов.
Әдеттегідей уәде еткен әкім орынбасары былтыр Мейрамгүлді 6 баласымен бірге өз үйіне тіркеуге алғанын айта кетейік. Сол кезде шенеунік алтын алқа иесіне көктем шығысымен үй салып береміз деп бір қуантқан болатын. Бірақ бұл да бос сөз болып шықты. Жоқшылық жүдеткен отбасыға дайын пәтер де берілмейтін сыңайлы. Тек мемлекет есебінен жер телімі бөлінген. Бұл жолы оларға «үй салып береміз» деп әкімдіктегілер емес, көрші-көлем уәде етіп отыр.