$ 441.66  475.14  4.86

Түйеге асып өлтіру жазасы қайдан шыққан?

Құрбанның ағайындары жұрттың өлтіреріне көзі жетіп, тентегімізді өзіміз өлтірдік дейік, оның қызы үшін айып тартпайық деп, Құрбанды түйеге асқалы байлап, көзін тартып, алып келді.

 

Фото: pixabay.com
Фото: pixabay.com

Қазақ тарихында түйеге қатысты ырым көп. Жүкті анаға ырымдап, түйе сүтін, шұбатын ішкізбеген, түйе етін жегізбеген. Себебі жүктілік уақыты ұзарып кетеді деп есептеген. Бұдан бөлек, дала заңы бойынша ел ішінде кінәлі болып, айып арқалағандарды түйенің өркешіне асып өлтіру жазасы да қолданылған, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Белгілі жазушы, абайтанушы Тұрсын Жұртбай «Құнанбай (Жүректің басына төгілген қан)» атты еңбегінде қазақтың түйеге асып өлтіру жазасы туралы қызықты оқиғалар мен мәліметтерді келтірген.

Игіліктің, мейірім-қайырымның бар иірімін білген көшпелі қауым қатыгездіктің де ең сорақы жолын тауыпты. Ондай зұлым тәсілдің болғанын ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров «Жазықсыз тамған қан» атты 1915 жылғы жол жазбасында суреттейді. Қытаймен шекарадағы тарбағатай төсіндегі Мәметек еліндегі Ешке руының Мәми деген қызына ғашық болған Құрбан атты жігіт қызды алып қашады. Аталас екен. Соған Тана би теріс батасын беріп, екеуін де ұстап әкеледі. Одан кейінгі оқиға мынадай:

Тананың хан болып тұрған заманы. Ешкені қалай тентіретем десе де, қолынан келеді. Тананың сырт ызғарының өзінен қорқып, туысқандары Қалбаның арғы бетіндегі Матай ішіне қуып барып, қыз бен Құрбанды байлап алып келді. Қалба осы арадан 150 шақырым. Елдің қыз алыспайтын рәсімін бұзғанға һәм Ешке бола тұрып, Атантайдың қызына қол созғанға Тана бидің сүйегі қорланып, Құрбанды өлтіртпей, ашуы тарқайтын болмады. «Мен өз тұсымда осындай қорлыққа шыдамаймын. Құрбанды да, Мәниді де өлтіріп, Мәни үшін Ешкеден құн, айып алмай бітпеймін, – деп жатып алды. Қыз бен жігіт кісенде бір ай жатты. Жұрт жиылыс жасап:

– «Мұны қайтушы едің?» – дегенде, Тана би:

– Маған салсаң, екеуін өлтірем. Болмаса, менің заманымда мұндай болды дегенше мені өлтіріңдер! – депті.

Құрбанның ағайындары жұрттың өлтіреріне көзі жетіп, тентегімізді өзіміз өлтірдік дейік, оның қызы үшін айып тартпайық деп, Құрбанды түйеге асқалы байлап, көзін тартып, алып келді. Кешегі өзекті ши бастау дейді: соның ат шапқанда өзіміз отырған қырына жұрт жиылды. Мен сонда он алтыдағы кезім бе екен, әкемнің қасында жүрмін. Бір жағына тас теңдеп түйеге асқалы жатқанда Құрбан қолы байлаулы, көзі тартулы, кісенмен өзектегі біздің жұртқа таман қашып:

–  Жұртым-ау! Қаныма ортақ болмасаңдаршы! Мені, тым болмаса өлтірем деген елдің қолына берсеңдерші! Енді Мәниді өлтіре көрмеңдер, – деп, зар иледі.

Сонда ағайындары болмай, сүйрелеп әкеп, түйеге аса бастады. Мұны көріп өз әкем Кенже мырза Тана бидің қасына шауып барып:

– Асылғанды кесетін, түйілгенді шешетін! Бұрын мұндайда ханнан қалған үлгі, қарадан қалған жол бар ма? – деп еді.

Тана би үндемеді.

Сонда Тананың қасында мына дортуыл елінің ханы Әлібек дейтін кісі де бар, о да үндемеді. Екеуі бірден үндемеген соң әкем:

– Кесірі өздеріңе болсын! Жүр, балам, былай жүрейік, – деп, мені тізгінімнен ұстап, топтан шығарып, ауылға қарай жүрдік.

Қалай ауылға біз де жүрдік Құрбанды асып, түйені желдіртіп жіберді. Түйенің басын жетектеген өзін күндеп жүретін ағайындары – Ережеп, айдаған Олжеке деген кісі. Осы күні екеуінің де тұқымы оңбай кетті» (85. 2. 208-209).

Қатыгез жазаны Сұлтанмахмұтқа әңгімелеп берген Құрбан қажының мәліметі бойынша бұл оқиға XIX ғасырдың ортасында өтеді. Ал ақынның қолжазбасымен Мұхтар жақсы таныс. 1917-1919 жылдары Семейде бір пәтерде тұрған. Жас Мұхтарға қалам жолын нұсқаған ұстазы. Ауызекі әңгіме арқылы да мағлұмат алып, осы жаза қақында ұзақ-сонар пікір жарыстыруы да ғажап емес. Сұлтанмахмұттың біраз жазбалары Мұхтардың қолында сақталып, кейін із-түссіз жоғалып кеткен. Қалайда, «Жазықсыз тамған қанмен» Қодар-Қамқаның арасында іліктестік бар. Мүмкін, Сұлтанмахмұттан жас кезінде естіген осынау қасіретті хикая Мұхтардың жүрегін егілтіп, тура Абай сияқты өмірдің қаталдығынан түршіге түңілген күйді өз басынан кешірген де шығар. Мұндай салыстырмалы желілерді жазушы шығармаларынан жиі кездестіреміз. Оған дәл осы дерекке тағы да бір деректі қосақтап, дәлелдеп жатудын қажеті шамалы.

Анығы сол – түйенің өркешіне дарға асылған сорлылар жалғыз Қодар мен Қамқа емес, Ережеп пен Мәми сұлу да бар екен. Демек, даланың шалғай төсіндегі екі жазаның бірдей болуына қарағанда, ежелден салынған ізі бар «ата дәстүрінің» бірі сияқты. Тек,Ережеп-Мәни қыз үкімі қағазға бұрын түскенімен, Қодар-Қамқа оқиғасынан шамамен 10-15 жыл кейін орындалған. Себебі: Ережеп-Мәни қызды Тана бидің тұсында алып қашқан. Ал Тана би Құнанбайдан кіші. Оның билігі XIX ғасырдың орта тұсынан былай екпіндейді. Ал Құнанбай 1852-1853 жылдан кейін ел басқаруға араласпай, шариғат жолына құлдық етуге көшеді.

Құнанбай 1850-1851 жылдардың арасында аға сұлтандық құрады. Мұсақұл, Тоқпанбет соғысы 1846-1849 жылдардың арасында өтеді. Сол жылдан бастан 1864 жылға дейінгі Құнанбайдың әр қадамы Омбыдағы, Семейдегі тергеушілердің қатаң бақылауына ілінген. Ол деректерде Қодар-Қамқа есімі кездеспейді. Құнанбай Бөжейдің ата мекені, атасы Кеңгірбайдың күмбезі орнатылған Тоқпанбет пен Жидебайды Ералының тірі кезінде 1844-1846 жылы тартып алады. Бұл мезетте Борсақ руы Шыңғыстың алқымында отырған. Қодар оқиғасы Солтабайдың аға сұлтан болған тұсында өткен. 1846 жылдары оның ұлы Барақ Солтабайұлы билік құрған. Демек, Құнанбайдың Қодарды шариғат жазасына тартуы 1840-1844, одан да дәлірек топшыласақ, 1842-1845 жылдардың тұсында болған. Оған қосымша бір дәлел: Мұсақұл – Тоқпанбет соғысы кезінде Күңке бәйбішенің ауылы Құнанбайдың өзге ауылынан бөлек, Борсақ арасына жақын қоныстан-ған. Архивтегі деректерде де Құдайберді Бөжей, Сүйіндік қыстауымен аралас, жақын отырғаны айтылады (60).

Қодар мен Қамқа дарға асылғанда Абай әлі туған жоқ, не бір-екі жаста.

Бұл сұмдықтың нақты қай жылы болғанын тап басып анықтамағанымен де, Абайдың ес білер – білмес шағында жүзеге асырылғанын Мұхтар көңіл мөлшерімен топшылаған. Жазушының жазба дерегін жинаған дәптеріндегі Әрхам Ысқақұлы мен Сыдық Махмұдұлының берген мәліметтеріне сүйене отырып: «Құнанбай Қодарды өлтіреді. Абай онда бар болуы керек» (67), – деп ескертпе жасайды. Демек, оқиғаны Абайдың көрмегенін біле тұра, оны көркем шығарма арқылы тірілтеді, – делінген Тұрсын Жұртбайдың шығармасында.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары