Себебі ер адам мал табамын, ел бағамын деп кеткенде үйіндегі бала-шағасын әйелі тәрбиелейді, әдептің бәрін үйретеді.
Ағартушы, бірнеше кітаптың авторы Санжар Керімбай «Өзбекәлі және Мәдени майдан» кітабының тұсаукерін Қазақстанның түпкір-түпкірін аралап, жақында Астана қаласында да жастардың басын қосты. Астана жастары аз уақыттың ішінде өздерінің мәдени, рухани және академиялық деңгейін көтерген. Бұл туралы ол «Qasqa Jol» ютуб-каналына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Кітап авторының айтуынша, соңғы кездері ұлтшыл, шетелде оқып келген, еліміздің өзінде барын салып жүрген жас буын пайда болған.
Осындай жастардың қайта-қайта бас қосуы, топталуы, осындай іс-шараларға араласуы Астанадағы жастардың, орта буынның мәдени деңгейін көтерген. Жап-жас балалардың өздері сенімен өте күрделі тақырыпта қорықпай, батыл сөйлесе алады. Бұл таңғажайып жағдай! Екі буынның арасында сәйкестік, ортақ тақырып табу әрқашан проблема болған, - дейді ол.
Сонымен қатар Санжар Керімбай бала тәрбиесіне қатысты пікірін айтты.
"Ер азамат үйінде туады, түзде жүріп өледі". Ұлтты әйел адам тәрбиелейді. Себебі ер адам мал табамын, ел бағамын деп кеткенде, үйіндегі бала-шағасын әйелі тәрбиелейді, әдептің бәрін үйретеді. Ал әкесі майданда жүргенде үлгі ретінде болады...Біздің үйде де үйдегі бала-шағаға санамақ, тақпақ, қуырмаш пен қиссаларды негізінен әйелім қадағалап, бақылап отырады. Мен үйде болғанда өзім үлгі болып, үйреткенмін - деді ол.