$ 443.37  474.49  4.83

Тұран жолбарысы неліктен жойылып кетті және оны «қайта тірілту» мүмкін бе?

Бір деректе Қазақстанда Тұран жолбарысының ізі соңғы рет Шиелі ауданы аймағында байқалғанын айтады. 

Фото: Abai.kz сайтынан алынды (Қазақ жеріндегі ең соңғы Тұран жолбарысы 1945-50 жылдары Тартоғай жерінде өлтірілген. Суретте Тұран жолбарысы бейнеленген).
Фото: Abai.kz сайтынан алынды (Қазақ жеріндегі ең соңғы Тұран жолбарысы 1945-50 жылдары Тартоғай жерінде өлтірілген. Суретте Тұран жолбарысы бейнеленген).

Жазушы, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті сыйлығының лауреаты Айтбай Сәулебектің зерттеу мақаласында: «Қазақстанда  Тұран жолбарысының ізі соңғы рет Шиелі ауданы аймағында байқалған десе, екінші деректе «Тартоғай» ауылында атып алынған» деген дерек келтіреді. Расында солай ма? Жалпы, Қазақстанда Тұран жолбарысын «қайта тірілту» мүмкін бе? Бұл мақсатта Экология министрлігі қандай жобаларды қолда алды? Осыған байланысты Skifnews.kz ақпарат порталы қызықты мәлімет дайынады.

Сонымен, «Тәңірдің сыйы – Тартоғай» атты еңбегінде Айтбай Сәулебек мынадай қызықты деректерді келтірген.

Сырдария  Тұран ойпатында орналасқандықтан бұл өңірдегі жолбарыс Тұран жолбарысы деп аталған. Осынау күшті аң тек Сыр бойын ғана емес, Каспий, Кавказ, Иран, тіпті Ауғанстанды да мекендепті. Амудария, Сырдариямен қоса Балхаш көлі маңынан да жолбарыстың осы түрі көзге түскен. Тұран жолбарысы күштілігі өз алдына, ешқандай циркке көнбеген. Кезінде Римде гладиаторларға  өнер көрсету үшін Тұран жолбарысын жібергенде, оларды жеп қоя жаздапты. Дереу бәрі жабылып өлтіріп үлгерген екен. Еркегінің салмағы 240 килоға дейін жеткен. Ұзындығы 290 сантиметр. Амур жолбарысынан күшті болған. Терісі де аса құнды саналған. Жолбарысты ертеде көрген саяхатшылар мен жолаушылар көптеп кездеседі. Шығыс Қазақстанда, Кавказда, Грузияда осы бір ерекше аңды аңшылар атып өлтірген.

1871 жылы Ресейде жарық көретін «Военный сборник» атты журналда  қызық мақала жарияланыпты. Сырдария жағасында тұратын Шахан есімді кісі аңда жүргенде түн ішінде жолбарыс келіп, баласын өлтіріп, әйелін алып кетіпті. Таңертең ауыл адамдары кетпен, айыр, сырық, пышақтарын ұстап қанның ізімен тоғайға енеді. Әйелдің қаңқасы ғана қалыпты. Шахан кегімді аламын деп тістенеді. «Ауыл қазағы көп ұзамай жолбарыстың біреуін емес, бірнешеуін өлтірді» деп жазады журнал. Бірақ, қандай тәсіл қолданғанын айтпапты.

Генерал-губернатор Александр Перовский өзінің жазбасында Сыр қазатарының жолбарыстарды қалай өлтіретіндігін мысалға келтіріпті. «Сол кездегі жолбарыстар 250 кило тартса, бір соққымен жылқының қабырғасын сындырса, нар түйені өлтіріп, жарты шақырымға сүйреп апарса, қарапайым қазақ, мысалға, Тартоғай адамы не істей алмақ?» деген заңды сауал тумай ма?

«Қазақ  аңға дайындалғанда екі қолын арқанмен шырмап орайды, – депті А.Перовский, - көкірегі мен ішін терімен қымтайды. Ұшы үшкір, өткір қару  әзірлейді. Аңға тек жүрегінің түгі бар, күші мығым жігіттер таңдалады. Тоғай ішіне өлген марал, не қабанды тастап, тығылып отырады».

«Өзінің сүйікті асының жанында тығылған адамдарды көрген бетте жолбарыс оларға тұра ұмтылады. Аңшы дереу басы мен мойнына жармасады. Жолбарыс қолдағы арқанды тістелеп жатқанда екінші аңшы оның қарнын  жарып тастайды. Бәрі жабылып өлтіреді», – деп жазды зоолог Сергей Строганов. Ол қазақтардың жолбарыс терісін Перовскийге сый ретінде ұсынғанын ескертеді.

Ақмешітті басып алған Александр Перовский генерал-губернатор боп тұрып, әрбір өлтірілген жолбарыстың терісіне 25 рубль сыйақы тағайындайды. Бұл ауыл қазақтары үшін үлкен олжа. Яғни бұл ақшаға отыз шақты қой, немесе бірнеше сиыр сатып алуға болады. Міне, осы кезеңнен бастап жолбарысты өлтірушілер көбейеді. Жыртқыштардың саны азаяды. Дегенмен 1915 жылы орыс ғалымы Николай Зарубный Сырдарияның төменгі сағасынан жолбарыстарды кездестіргенін жазыпты. Олардың  мекені – ну тоғай. Сүйікті асы – қабан мен тоғайдың киелі маралы.

Бір деректе Қазақстанда  Тұран жолбарысының ізі соңғы рет Шиелі ауданы аймағында  байқалған десе, екінші деректе «Тартоғай» ауылында атып алынған» деп анықтайды», – деп жазған журналист Abai.kz порталындағы мақаласында.

Кеңес үкіметі жолбарыстарды аулауға тыйымды 1947 жылы салғанымен, бұл кеш қабылданған шара болды. Бірақ тіпті соның арқасында Амур жолбарысы сақталып қалды. 1960 жылдардың ортасынан бастап Халықаралық табиғат қорғау одағының Қызыл кітабының бірінші санатына Тұран жолбарысы «жойылып кеткен» түр ретінде енгізілді. Тұран жолбарыстарының соңғы өкілдері 1970 жылдары жоғалып кеткен.

Осы орайда, Тұран жолбарысының Қазақстанда қайтадан пайда болуы мүмкін бе? 2017 жылдың 27 қарашасында informburo.kz сайтында жарияланған дерекке сүйенсек,  сол кездегі Экология, геология және табиғи ресурстары министрлігі Балқаш маңында жолбарыс популяциясын қалпына келтірудің 15 жылға арналған бағдарламасын жасаған. Ол аңның мекен ету ортасын дайындау, жолбарысты табиғатқа жіберу және бағдарламаның жүзеге асуын бақылау шараларын қамтиды. Бұл туралы сол кездегі  ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз хатшысы Олжас Беркінбаев Facebook-парақшасында Қазақстанда Тұран жолбарысының популяциясын қалпына келтіру шарасы қалай іске асып жатқанын жазған.

Айтуынша, 2018 жылы «Іле-Балқаш» резерваты құрылып, онда биотехеникалық шаралар арқылы қабан, құлан, қарақұйрықтарды көбейту, бұқар бұғыларының популяциясын қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.

Айта кетейік, 2010 жылы Қазақстан халықаралық жолбарыс саммитінде Орталық Азияға Тұран жолбарыстарын қайтаруға дайын екенін мәлімдеген. Ал 2017 жылы Қазақстан мен Бүкіләлемдік жабайы табиғат қоры (WWF) Оңтүстік Балқаш маңы мен Іленің Дельта ауданында жолбарыстың реинстродукциясы Бағдарламасын жүзеге асыру туралы Меморандумға қол қойылды. Елімізге алғашқы жолбарыстар 2025 жылы әкелінбек», – деген Олжас Беркінбаев.

Ал қазір 2025 жылға дейін бір жылдан сәл-ақ асатын уақыт қалды. Әліптің артын бағайық!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары