$ 494.87  520.65  4.91

Қазақтар неліктен мойнына бұршақ салған?

Оны жыршы «Мойнынан алған сықылды, Бұрынғы салған бұршағын» деп суреттейді.

Фото: ernur.kz
Фото: ernur.kz

Жаһандану процесіне елірген заманда ұлттық таным-түсінік, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, тіпті, ырымдар санадан өшіп барады. Бұрын қазақ перзент сұрап, Құдайдан тілесе, қазір жасанды ұрықтандыру процесіне, түрлі клиникалардың қызметіне жүгінетін болды. Ал бұрын балалы бола алмай жүрген қазақтардың қандай ырымы болған? Білесіз бе? Білмесеңіз, Skifnews.kz ақпарат порталы «мойнына бұршақ салу» дәстүрі туралы қызықты мәлімет әзірледі.

Ата-бабалардан мұра ретінде қалған үрдістер әрдайым игі мақсаттар үшін қолданылған. 

Уикипедия дерегінше, ертеде баласы жоқ адамдар немесе ұрпаққа зар болып жүргендер мойнына көгеннің бұршағын салып, Алла Тағаладан перзент сұрап жалбарынған, жылаған. Мойынға бұршақты бала тілегенде ғана салады.

Бұл тағдырға мойынсұнып, Тәңірге шын беріліп, оның барлық әміріне көнудің және ақ тілеудің белгісі. Мұндай көрініс әсіресе ертедегі жырларда жиі кездеседі. Оның соңы тілегі орындалып қуанышқа кенеліп жатады.

Ал филология ғылымының докторы Рабиға Сыздықтың «Сөздер сөйлейді» кітабында «бұршақ салу» салтының бірқатар түйіні тарқатылып, түсіндірілген. Оның баяндауынша, «Қамбар батыр» жырында өзіне таласқан қалмақ ханы Мақтымды Қамбар жеңіп сұлатқан соң, қыз Назымның көңілі орнына түседі. Оны жыршы «Мойнынан алған сықылды, Бұрынғы салған бұршағын» деп суреттейді.

Жырды бастырушылар мойнына бұршақ салу деген тіркесті «Бұрынғы кезде басына қатты қайғы түскен адам тілек тілеп, мойнына тас байлайтын әдет болған. Қайғысы жойылғанда мойнына салғанын алады екен» деп түсіндіреді. Бұл ескі наным-сенімге байланысты жасалатын ритуал. Бірақ мұндағы бұршақ деп тұрғаны тас емес. Ертедегі діни наным-сенім бойынша Тәңірден, әулие-әмбиеден бір нәрсені қатты тілегенде адамдар мойнына көбінесе шылбыр, арқан, жіп, белбеу салған. Оған «Қыз Жібек» жырында Сансызбай мен Қорен қалмақтың жекпе-жегінде Сансызбайдың мерт болмауын Жібек сұлу құдайынан тілегені айтылған:

Көксандалдың шылбырын,

Мойнына орап салады,

Бір құдайға зар етіп

Мінәжат қып тұрады.

«Қозы Көрпеш» жырында да «Мойнына кісесін сап жалынды енді» деген жолдар келтірілген.

Ал бұршақ деген «көгеннің желісіне өткізілген, лақ, қозы байлайтын шағын бүлдірге жіп, бір жақ басы – түйіншек, екінші жақ басы – ескен жіптің тұйық ілмегі». Демек бұл жердегі бұршақ сөзінің аспаннан жауатын бұршаққа да, кішкене-кішкене құмалақтай, тастардай затқа да еш қатысы жоқ. Сондықтан «бұршақ» сөзінің орнына «шылбыр», «кісе» сияқты өзге де жіп қолданылған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары