Бүгін «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында тұрғын үй құрылыс жинақтарының жүйесі бойынша, «Қолжетімді баспана 2020» бағдарламасы аясында салынған №12,15,16-үйлерден 64 пәтер кілті салтанатты түрде табыс етілді, деп хабарлайды «Қазақпарат».
Пәтер кілттерін салтанатты түрде табыс еткен Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Қуантқан Әлімов қоныс иелерін шын жүректен құттықтады. Сонымен қатар, жиында ол шағын ауданның одан әрі дамуы туралы айтты.
2013 жылы бұл ауданда 607 пәтер пайдалануға берілді, 2014 жылғы маусымда 752 пәтер құрылысы аяқталды.
Ағымдағы жылы «Нұр Ақтөбе» ауданында 1200 орындық мектеп пен 320 орындық балабақша құрылысын салу басталды, оны тапсыру 2015 жылға жоспарланған.
Айта кетейік, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның Ақтөбе филиалында 1 тамыздағы жағдай бойынша жинақта 30 мыңнан астам салымшы (жинақ — 18,7 млрд. теңге) бар.