Егер Заңның негізінде ұлттық идеология, мүдде тұрар болса, ол ешқашан салт-дәстүрге қайшы келмейді немесе салт-дәстүр ең алдымен тұлғаның бақыты мен құндылығына бағытталған болса, ол ешқашан кері тартпайды.
Бүткіл бір қоғамның руханияты жекелеген тұлғалардың руханиятының қалыптасуына ықпалын тигізеді. Сондай-ақ кейде жекелеген тұлғалар қоғамның руханиятына үлкен үлес қосып, оның жаңа арнада, жаңа бағытта өрбуіне себеп боп жатады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Жалпы руханият күнделікті күйбең тіршілікке мән-мағына беретін, әрбір ісіміздің маңызын арттыратын керемет құбылыс. Руханиятты қалыптастыратын құндылықтар, ал құндылықтар қажеттіліктерді тудырады. Қажеттіліктер адамды белгілі бір әрекеттерге, белгілі бір бағытта тірлік етіп, қамдануға итермелейді. Осылайша дөңгеленіп жалғаса береді, яғни руханият – құндылық –қажеттілік – әрекет тіркесі өзара бір-біріне ықпалдасып отырады.
Тұрақты құндылықтардан дәстүрлер, әдет-ғұрыптар қалыптасады. Бұлар өз кезегінде заман елегінен өтіп, ескіруі немесе жаңаруы мүмкін. Бірақ қалай болғанда да салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың дәуіріне қарай құбылып, жаңа бейне, формат алуы қалыпты заңдылық.
Дамыған Батыс елдеріне қарар болсақ, заңға деген ерекше құрмет пен тиянақтылықты байқаймыз. Ал Шығыс елдерінде ғасырлар бойы жойылмай келген дәстүрлеріне деген адалдықты байқаймыз. Қазақстан осы екі әлемнің ортасында, түйіскен жерінде орналасқан.
Негізі астарына үңілер болсақ, Заң да, салт-дәстүр де халықтың ортақ құндылығын тудырып, руханиятын сақтауға бағытталған, тек оны осы мақсатта дұрыс қолдана білу өте маңызды.
Егер Заңның негізінде ұлттық идеология, мүдде тұрар болса, ол ешқашан салт-дәстүрге қайшы келмейді немесе салт-дәстүр ең алдымен тұлғаның бақыты мен құндылығына бағытталған болса, ол ешқашан кері тартпайды. Сондықтан екі тұғыр – Заң мен салт-дәстүрді бір-бірін толықтырушы әрі қолдаушы ретінде қабылдау керек.
Сонымен бірге қазіргі таңда еліміздің ұлттық руханиятын осы мемлекетте тұрып жатқан барлық ұлт өкілі де сый-құрметпен қабылдап, еліктеп, ұқсап-баққысы келетіндей деңгейге шығара алу өте маңызды. Бұл бір қарағанда қиын сияқты көрінгенімен, шын мәнісінде Заң тарапынан қолдау болса, мүмкін дүние. Түсініктірек болуы үшін Жапон, Қытай елдерінен мысал келтірейін. Бұл елдер ұлттық дүниетаным философиясын өмір салтына айналдырып, күнделікті тұрмыстың әрбір саласына, бағытына енгізе алған халық. Жапондық минимализм (ваби-саби) немесе Қытай фэн-шуй түсінігін қазіргі күні бүкіл әлем біледі, таниды, көбі ізденіп жүріп оқиды, еліктеуге, күнделікті өмірлеріне сіңіруге тырысады. Міне, бұл ұлттық руханиятын брендке айналдырып, мемлекеттік былай тұрсын, дүниежүзілік деңгейде қабылдата алған, басқа ұлттар өздігімен еліктеп, ұстануға ұмтылатындай дәрежеге шығара алған елдердің үлгісі.
Жалғасы: Мемлекетте руханияттың заң жүзінде қолдау көруі – елдіктің белгісі 2