$ 494.87  520.65  4.91

Утильалымның жойылуы: Болсын ба, болмасын ба?

Утиль алымды мүлдем алып тастау – бір күндікті ойлау.

Фото: SN.KZ коллажы
Фото: SN.KZ коллажы

E-Petition.kz ресми порталында жарияланған утильалым ақысына қатысты петиция қайта қаралуға қажетті 50 000 қолды жинап, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне жіберілді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми сайтында хабарланғандай, ҚР ӘРПК-нің 90-4-бабына сәйкес, 50 000-нан аса қол жиналған петиция ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің қарауына жолданды.

ҚР ӘРПК-нің 90-5-бабына сай, келіп түскен өтініш оны тіркеген сәттен бастап 40 жұмыс күніне дейінгі мерзім ішінде қаралатынын мәлім еткен-ді.

Петиция авторлары 8 жыл бұрын утильалымды енгізу бәсекелестіктің жойылуына және соның салдарынан автокөліктердің, ауыл шаруашылығы техникаларының және арнайы техникалардың бағасының күрт өсуіне әкелді деп есептейді.

"Автокөлік пен механикаландыруға қатысты барлық нәрсенің бағасы өсті: жүк тасымалдау, механикаландыру және қоғамдық көлік қызметтері, азық-түлік, халық тұтынатын тауарлар, тұрғын үй құны және тағы басқалар қолжетімсіз бағаға байланысты Қазақстан азаматтары өздерінің жеке көліктерін жаңартуды тоқтатты, елдегі көліктер паркі қатты ескірді", - делінген петицияда.

Нәтижесінде, петиция авторларының талап ететіндері:

- Экология министрлігіне жеңіл автомобильдерге (М1 санаты) кәдеге утильалымның мөлшерлемесін 100 мың теңгеге дейін, автокөліктің қалған санаттарына 0 теңгеге дейін төмендету туралы, Ауыл шаруашылығы техникасына утильалымның толық күшін жою туралы хаттар енгізу;

- Ұлттық экономика және қаржы министрліктеріне автокөлікті бастапқы тіркегені үшін мөлшерлемелерді 0,25 АЕК-ке дейін төмендетуді енгізу.

Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаттары да көліктерді утильалым және бастапқы тіркеу бағасын төмендетуді ұсынған болатын. Олар еліміздің көлік паркінің ескіре бастағанын – басқа елдерден автокөліктерді әкелу кезіндегі жоғары кедендік баж салығы сатып алушы үшін түпкілікті бағаның өсуіне әкелетінін атап өтті.

Ал министрлік өкілдері өз кезегінде утильалым не үшін қажет екенін және автокөлік өнеркәсібінің дамуына әсері жайлы түсіндірді.

Утиль алымдары мен бастапқы тіркеу жарнасы автомобильдердің импорты мен пайдалануын реттеуге бағытталған шаралар кешенінің бір бөлігі. Олардың қатарында көліктің қолданыстағы заңнамаға сәйкестігін тексеру де бар, ол  жолдардағы азаматтардың жалпы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Қазіргі күні қызу пікірталасқа себеп болған утиль алымы 2016 жылы енгізілген.  ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде утильалымның енгізілген кезінен бертінге дейін автоөнеркәсіпті дамытуға әсері туралы айтты. 

"Содан бері утильалым дау-дамайға айналды, мұның бір жағында экологиялық тұрақтылық пен қазақстандық автомобиль өнеркәсібін дамытуға ұмтылу тұрса, екінші жағында – отандық экономикаға зиян келтіру қаупінің туындауы тұрғанын ескеру қажет", - деді ведомстводағылар.

Отандық көлік паркінің жаңаруына бірінші кезекте утильалым мен бастапқы тіркеу алымын төлеудің енгізілуі айтарлықтай әсер еткен. Министрлік өкілдерінің айтуынша, 10 жылдан асқан көліктердің саны азайып, өз кезегінде шыққанына 3 жылдан аз болған көліктердің үлесі артқан. Бұл фактор жол қауіпсіздігінің жақсаруына әкелді делінеді хабарламада.

"2022 жылы жол-көлік оқиғаларының салдарынан 15 мыңнан астам адам зардап шекті, бұл көрсеткіш бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 8,9 пайызға өсті. 2023 жылдың қарашасында 13,2 мың тіркелген болса, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,5 пайызға төмен", - деді ведомстводағылар.

Сондай-ақ 2022 жылы Қазақстанға 350 мыңнан астам ескі көлік әкелінді, бірақ отандық автомобиль өнеркәсібіндегі өндіріс көрсеткіштері 20 пайызға, ал сатылымдар 40 пайыздан астам болды. 

Өткен жылы сатылған көліктердің көрсеткіштері 30,2 пайызға, ал шығарылғандары 60,2 пайызға өсті, бұл қазақстандық автомобиль өнеркәсібі тарихындағы ең жақсы нәтиже деп атауға болады.  Бұл көрсеткіштер жаңа автокөліктерге сұраныстың артқанын ғана емес, сонымен қатар ішкі нарықтың даму әлеуетін де көрсетеді. 

"Сонымен қатар қазақстандық автомобиль өнеркәсібінің дамуындағы оң тенденция ірі көлік компанияларымен және автомобиль бөлшектерін шығаратын кәсіпорындармен бірлесе отырып, нарықты қажетті материалдармен ғана емес, жұмыс орындарымен, сонымен қатар жаңа өнімдермен қамтамасыз ететін жаңа зауыттардың ашылуымен де қолдау көрсетуде. Автокөлік паркін жаңарту тек жол қауіпсіздігіне ғана оң әсер етіп қоймайды, ол қауіпсіздік жүйесі жақсырақ көліктерді таңдау мүмкіндігін беру арқылы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға деген ұмтылысынан көрінеді", - делінген хабарламада.

Өнеркәсіп министрлігінің пікірінше, ішкі нарықта өндірісті ынталандырумен экологиялық таза автомобильдерге біртіндеп көшу саясаты утильалым мен бастапқы тіркеудің арқасында оңтайлы шешім болмақ.

Петицияға қатысты маңызды шешім 5 шілдеде қабылданады.

Бұл туралы 28.05.2024ж. өткен Үкімет отырысынан кейінгі брифингте Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мәлімдеді.

«Қазір петицияға қатысты комиссия құрылып жатыр. 24 мамырдан бастап 5 шілдеге дейін комиссия 50 мың қол жинаған петиция бойынша пікірімізді беруіміз керек», - деп хабарлады Шарлапаев.

Оның айтуынша, петицияны қарастыру, қорытынды шығару тетігіне барлығы 40 күн уақыт беріледі.

Утиль алымды мүлдем алып тастау – бір күндікті ойлау

Көлік нарығына қалам тербеп жүрген сарапшы Олжас Оқас ҚазАқпарат сайтына берген сұхбатында утильалымның жойылып-жойылмауы қарапайым халықтың көлік қажеттілігінің шешімін жеңілдетпейтінін айтып өтті.

Ел арасында қате түсінік те жоқ емес. Утилизациялық алымды жойса, бүкіл маңызды мәселелер шешіліп кететін сияқты қуанып жатыр. Негізінде олай емес. Мысалы, көбіміздің Camry алғымыз келеді ғой. Бірақ жаңа, жақсы Camry алғысы келетін адам ол утиль алымға қарамайды. Яғни, ақша керек, ең бастысы. Ал оған ақшасы жетпейтін адамның утиль алым жойылса да, қолы жетпейді. Тек ескі көлікті қанағат тұтады. Сонда кедендік, утилизациялық алым дегендер екінші қатардағы мәселе.

Мемлекет утиль алымды түгелдей жойып тастай алмайды. Өйткені мемлекеттің инвесторлар алдындағы міндеттемесі бар. Қостанайдағы, Алматыдағы зауыттарда көптеген марканың модельдері жасалып жатыр. Утильді түгелдей алып тастаса, олардың өнімін Қазақстанда ешкім сатып алмайды. Ал олар Қазақстанға үлкен ақша құяр алдында келісімшартқа қол қойған. Қазақстанда олардың бұл тұрғыдағы мүддесі заң аясында қорғалады деген мағынада уағдаластықтар болған.

Сондықтан толықтай алып тастамайды. Қазір комиссия құрылды ғой. Бұл мәселе бірден шешілмейді. 1-2 айға созылуы мүмкін. Өйткені мемлекеттің бірнеше қаулысы керек, сосын экоталап бойынша нормаларды өзгерту керек. Утиль алым болған соң тек қана жеңіл көлікке емес, ауылшаруашалық техникаға да байланысты, электромобильдерге де қатысты. Осының бәрін дұрыстау үшін біраз уақыт керек. Ресейдегі жағдайды назарда ұстайды. Өйткені утиль алымды мүлдем жойып тастаса, Ресейдің бүкіл қаңсығы бізге келеді. Қазір Ресей көлігінің ағылуын утиль алым ғана ұстап тұр. Мысалы «Грантаның» бағасы 5 млн теңгеден асып кетті. Утиль алымды жойса, 4 млн болуы мүмкін. 1 млн теңге деген көлікке қолы жетпей жүрген адам үшін едәуір айырма. Адамдар ойланып қалуы мүмкін, қанша дегенмен жаңа машине ғой.

Кейбір популистер 50-100 доллар болу керек дегенді айтып жүр. Басқа ешқандай алым болмауы керек дейді. Ондай болса, шетелден қалаған көлігіңізді оң-оңай әкеліп, тіркейсіз. Бірақ ақшаның бәрі шетелге кетеді. Соғылған мәшинелер көп кіреді. Экологиялық талаптарға жауап бермейтін көліктер қаптауы мүмкін. Бір жағынан оның бәрі реттеліп жатыр ғой. Утиль алымды мүлдем алып тастау – бір күндікті ойлау. «Қазір жақсы машина тепсем болды. Ар жағында не болатынын көре жатармыз» деген ниет қана, - дейді сарапшы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 6
Күлкілі 3
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#утилизация