$ 494.87  520.65  4.91

«Жануарлар өлімі – мейрам емес»: Феминист Құрбан айтта мал союдың этикаға қайшы екенін айтты

Мен барлық дінді махаббат пен әділеттілікке үндейтін, қатыгездіктің барлық формасына қарсы деп білемін.

Фото: instagram.com/kussaiynkyzy
Фото: instagram.com/kussaiynkyzy

Феминист Айгерім Құсайынқызы Құрбан айт туралы ойын ашық айтты. Оның пайымдауынша, дастарханымызда әлі де өлексенің болуы – жануарлар әлеміне жасалған әділетсіздік, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бұл туралы ойын ол Instagram-дағы парақшасында жазды.

«Бүгін – Құрбан айт мерекесі. Құрбан және мереке сөздерін қатар қолдануды қаламаймын. Себебі, құрбандыққа шалынатындар үнемі патриархат пен капитализм алдындағы «әлсіздер»: әйелдер мен жануарлар. Екеуін де ғасырлар бойы патриархат қанап, қинап, қолданып әрі құнсыздандырып келді. Капитализм патриархаттың логикалық жалғасы ретінде бұл әрекеттерін заңдастырып келеді.

Адамзат дамуы үшін көбіне құрбандыққа шалынатыны: декретке шыққандықтан жалақыдағы айлықтың алшақтығына әкелетін әйелдің мансабы, өзгелердің мақсаты үшін тапталатын қыздардың бала арманы, адамзаттың физиологиялық қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін аса қатыгездікпен жылына миллиардтап өлтірілетін біздің төртаяқты достарымыз-жануарлар! Мен барлық дінді махаббат пен әділеттілікке үндейтін, қатыгездіктің барлық формасына қарсы деп білемін», - деді ол.

Оның сөзінше, аштықтан өлетіндердің санынан артқан шақта әлі де миллиондаған малды өлтіру әрекетіміз этикаға да, заңға да, мораль мен әділеттіліктің барлық аспектілеріне қайшы көрінеді.

«Индустриялды-инновациялы елдер мал етінің баламасын ойлап тауып, семіздіктен қайтыс болатындар саны аштықтан өлетіндердің санынан артқан шақта әлі де миллиондаған малды өлтіру әрекетіміз этикаға да, заңға да, мораль мен әділеттіліктің барлық аспектілеріне қайшы. Еттің баламасы барда әлі де біздей жаны мен сезімі бар жануарларды өлтіру өткеннің еңсесінде қалуы тиіс қатыгездік деп білемін. Антропоцентризмді сынау әлеуметтік ғылым салаларының салыстырмалы түрде жаңа ұғымы болмағанымен, экофеминисттік зерттеулердің нәтижесін назарға алатындар әлі де жеткіліксіз. Жануарларды біздің қажеттіліктерді өтеу үшін жаратылғандар деп есептейтіндер де қаншама.

Климаттың өзгерісіне ет өндірісінің әкелетін зардабы мен ауқымы жайлы мыңдаған зерттеулер әлі де көптеген мемлекеттердің саясатында ескерілмейді. Қазақстан ет тұтынуы бойынша әлемдегі ең ірі 10 мемлекеттің тізіміне енгенімен оның асқазан обасымен байланысын көрсететін жұмыстар да жеткіліксіз. Мұсылман-веган болу қандай қиын болса, етті қасқырдан кем емес жейтін ұлттың өкілі ретінде вегандықтың принциптерімен өмір сүру тіптен қиын. Себебі, сенің қазақилығың етті жеу-жемеуіңмен, дәстүрді білу-білмеуіңмен өлшенеді. Мен білетін қазақилық әділетсіздікке төзбейтін қайсарлықпен өлшенеді. Ал 21 ғасырда дастарханымызда әлі де өлексенің болуы біздің кіші әпке-бауырларымыз: жануарлар әлеміне жасалған әділетсіздік», – деп жазды феминист.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 4
Күлкілі 1
Ашулы 1

Серіктес жаңалықтары