Үйдегі заттарды сындыруға, одан бөлек құрметсіздік танытуға болмайды.
Алматы ПД Жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Айтан Елеусізов ӨКҚ брифингінде отбасы мүшесін ұрып-соғып, тепкен адамдарды қандай жаза күтіп тұрғанын айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Полиция Департаменті өкілі қазір кез-келген зорлық-зомбылық үшін жаза қарастырылғанын еске салды.
Жалпы біздің қоғамда отбасындағы ұрыс-керісті айта бермейді. Бірақ біз зорлық-зомбылыққа ұшыраған адам бұл туралы бірден полицияға хабарлауы үшін қоғамдық бірлестіктермен бірге БАҚ және әлеуметтік желі арқылы арнайы жұмыс жүргізіп жатырмыз. Өз кезегінде полиция өткен жылдан бастап арыз қабылдаудан анықтау форматына көшті. Бұл қоғамда отбасындағы зорлық-зомбылыққа төзбеу және оны жасағаны үшін жазадан бұлтара алмайтын процес қалыптасып жатқанын білдіреді. Бізге "Егер күйеуім бірінші рет ұрса ше?" деген сұрақ жиі қойылады. Кім және қанша рет ұрғаны маңызды емес. Қазір кез келген зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Ешкімді ұруға болмайды, - деді ол.
Елеусізовтің айтуынша, кез келген азамат жақын адамына дене жарақатын салып, оны итеріп, ұрып, тепкілегені және заттарды лақтырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Қазіргі уақытта жәбірленушіден арыз қажет емес. Әкімшілік іс факті бойынша қозғалады. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасалғанда құқық бұзушыға мынадай тыйым салынады: жәбірленушіге бару, ізіне түсу, іздестіру, ауызша және жазбаша мәмілеге келу; атыс қаруын және басқа да қару түрін сатып алу, пайдалану, алып жүру және сақтау; алкогольдік ішімдіктерді, есірткі құралдары мен психотроптық заттарды пайдалану; жәбірленуші тараппен бір тұрғын үйде бірге тұру.
Аталған шектеулер бұзылған жағдайда 5-тен 20 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу көзделген, содан кейін заң бұзушы бақылауда болады, - деді спикер.
Елеусізов өз сөзінде сот тиранды басқа тұрғын үйі болмаса да, ортақ тұрғын үйден шығаруға құқылы екенін айтты.
Сондай-ақ сот психологиялық көмек көрсету шараларын жүзеге асыруды да белгілеуі мүмкін. Қазір отбасы мүшелеріне балағат сөз айтуға, оларды қорлауға тыйым салынады.
Үйдегі заттарды сындыруға, одан бөлек құрметсіздік танытуға болмайды. Бұл үшін 5 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған.
Ал мұндай әрекеттер бір жыл ішінде қайталанған жағдайда қамау мерзімі 10 күнге ұзартылады.