$ 498.34  519.72  4.85

«Қандай жағдайда да заң үстемдік етуі тиіс» – Қасым-Жомарт Кемелұлы

Заң орнаған елде барлығы адам үшін және адамның жайлы өмір сүруі үшін.

Фото: Pixabay
Фото: Pixabay

Он сегіз мың ғаламды белгілі бір тәртіппен жаратқан Жаратушы мына әлемге де бұлжымас заңдылықтарды қойған. Оны біз физикалық заңдылықтар дейміз. Ғалымдар әлі күнге ғаламдағы мызғымас тастай тәртіптің өздігімен айналып тұрғанына таңданады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Сондай-ақ әрбір елде өзіндік Заң мен ереже бар, болған және бола береді. Ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрдің өзі бір кездері сол қоғамда орын алған ережелер мен тәртіптің нәтижесінде ысылып, қалыптасқан.

Жер бетінде заңсыз босып жүрген ештеңе жоқ.  Тіпті Құран кәрімде «Біз сендерді ермек үшін құр босқа жараттық әрі Бізге кері қайтарылмаймыз деп ойлайсыңдар ма?» («Мүминун» сүресі, 115-аят.) – делінеді.

Яғни айналамызда осыншама заңдылықты көріп-біле тұра қоғамда Заңсыз, тәртіпсіз өмір сүру, даму, белгілі бір нәтижеге, табысқа қол жеткіземін деп ойлау үлкен қателік.

Егер әлем елдеріне назар аударар болсақ, батыс елдерінде Заңның, ал шығыс елдерінде санғасырлық дәстүрдің үстемдік құрғанын байқаймыз. Осы екеуінің әдемі үндесуін Жапон елінен байқауға болады.

Заң мен дәстүр бірлесе отырып, үстемдік құрғанда қоғам һәм рухани тұрғыдан, һәм материалдық тұрғыдан жетістіктерге қол жеткізе алады. Ал руханият пен материалдық игіліктердің үйлесімі ғылымның оң бағытта дамуына жағдай тудырады. Екінші ұстаз атанған ұлы ғалым Әл-Фараби айтқандай «Тәрбиесіз ғылым қоғамға апат алып келеді». Ал тәрбиенің негізі тағы да тәртіп. Яғни тәртіп пен Заң орнаған ел – озады, ал тәртіп пен Заңға бағынбаған ел – тозады десек те болады.

Өкінішке орай бүгінгі күні заң атқарушы орындардың қызметкерлеріне халықтың сенімі күпті екені рас. Бірақ соңғы жыдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Заң үстемдігіне баса назар аударуының нәтижесінде елімізде бұл бағытта көптеген оң өзгерістердің болып жатқанын көруге болады.   

Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 78-сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы елімізде жүргізілген реформалардың бастысы ретінде Заң үстемдік құрған қоғам қалыптастыру бағытында атқарылған істерді атап өткен болатын.

«Қазіргі әлемдік, аймақтық геосаяси жағдайларға қарамастан біздің қоғам мен Үкімет Әділетті Қазақстан құрып жатыр. Қысқа уақыт ішінде елдегі институттарды реформалап, Конституцияға өзгеріс енгізіп, Президенттің өкілеттігін қысқартып, саяси және экономикалық жүйені қайта қарап, жемқорлықпен күрестік», - деді Президент сессияның жалпы дебатында сөйлеген сөзінде.

Бұл жерде Президент мандатының 7 жылдық мерзіммен шектелуі, екі реттен артық сайлауға түсе алмауы, Президент туыстарының лауазымды қызметтерге тағайындалуына шектеу қойылуы, Жоғарғы Соттың халыққа ашық форматта сот отырысын өткізуі, тергеу істерінің жылдам қаралуы, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты Заңның қабылдануы, т.б. көптеген оң өзгерістер қоғамдағы Заң мен тәртіпке деген көзқарастың өзгеруіне, халықтың құқық қорғау органдарына сенімінің артуына негіз болды.

Бұл тенденция әсіресе, енді ғана бой көтеріп, өсіп келе жатқан өскелең ұрпақ үшін үлкен мүмкіндіктер мен өзгерістердің есігін ашады деп сенеміз. Ең бастысы, Заң орнаған елде барлығы адам үшін және адамның жайлы өмір сүруі үшін болатынын түсінген абзал.

Мемлекет басшысы БҰҰ  Бас ассамблеясының 78-сессиясында атап өткендей, «Қандай жағдайда да заң үстемдік етуі тиіс».

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары