Ұлымның алдында өзімді кінәлі сезінемін.
Отқа оранған Сириядан "Жусан" операциясы арқылы бес жыл бұрын елге жеткен келіншек басынан өткендерін баяндады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Сирияда болып келген қазақстандықтардың елге оралғанына бес жыл болды. Жат ағым жетегіне еріп, ел асып адасқандардың пікірі өзгерді ме? Төрт жыл Сирияда болған тағы бір ақтөбелік келіншек KAZ.NUR.KZ тілшісіне бүгінгі жағдайын айтып берді.
Аты-жөнін құпия ұстауды өтінген 32 жастағы ақтөбелік келіншек кезінде Сирия асып кеткендердің бірі. Ол 25 жасында төрт баламен жесір қалған. Отқа оранған Сириядан "Жусан" операциясы арқылы бес жыл бұрын елге жеткен.
17 жасымда дінге бет бұрдым. Студент кезім. Ол кезде намаз оқитын жастар көп болды. Менде оқып кеттім. 18 жасымда тұрмысқа шығып, 19 жасымда бөпелі болдым. Басында ауылдық жерде тұрдық. Кейін қалаға келіп, үйлі болдық. Сирияға 2015 жылы отбасыммен кеттім. Екі, бір жастағы екі бөпеміз болды. Ақтөбеден, Алматыға, әрі қарай Анталия, Стамбул арқылы Сирияға кірдік. Алды-артымды ойлаған жоқпын. Жолдасыма еріп жүре бердім. Ол кісі сол жаққа баруды армандайтын. Оның арамыздан кеткеніне енді жеті жыл болады. Сирияға барғанда екі жылдан кейін жолдасым қайтыс болды. Жолдасым мектепті қызылмен бітірген. Мұнай компаниясында жұмыс істеді. Сирияға кеткені қызбалық шығар. Үйіміз, жақсы табысымыз да болды, - деді келіншек өткен өмірі туралы.
Алғашында екі баласын арқалап ерлі-зайыптылар Ракка қаласына барып тұрады. Күйеуі өлген соң ДАИШ келіншекті балаларымен "Жесірлер үйіне" орналастырған. Төртінші баласына аяғы ауыр келіншек сол жерді паналағанын айтады. Оқ пен оттың ортасынан төрт ұлын елге аман жеткізуді армандайды.
Айтса адам сенбес қиындықты көрдік. Қазақстан адамдары келіп алып кететінін естігенде тіркелу үшін бірнеше күн кезекке тұрдық. Бірінші көпбалалылар мен жарақат алғандар кетті. Біз "Жусан-3" операциясымен елге келдік. Терезесі жоқ әскери ұшақпен жеткізді. Бірден Ақтауға қондық, сол жерде лагерьге апарды. Бір ай Ақтауда жүргенде теңіздің толқыны барлық уайымды ұмыттырып, қорқынышты шайып кеткендей болды. Қазір қуанамын. Ол жақтағы лагерьде қаншама адам қалды. Әртүрлі мемлекеттің адамдары болды. Елінен көмек сұрап жатса да, оларды ешкім алып кеткен жоқ. Кей елдер тек балаларды ғана алып кетті. Ал Қазақстан әйелдерді де, ер адамдарды да ол жақтан аман алып шықты. Соған қуанамыз. Балаларымыздан ажыратпады, тыйым салып, өмірімізді қиындатып жатқан жоқ. "Қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған" деген сөздің төркінін түсіндім, сезіндім. Жусан… Жусанның иісі керемет, қасиеті де көп өсімдік. Ауылдың ауасын жусан иісімен байланыстырамыз. Адасқандарды елге қайтару операцияның солай аталуы да бекер емес болар. "Жусан" деген сөздің өзі бізге ыстық. Бұл бізге жаңа өмірдің есігін ашты, қателіктерді түзеуге, есімізді жинауға мүмкіндік берді,, - деді ол.
Келіншектің төрт ұлы бар. Екі баласын сол жақта өмірге әкелген. Айтуынша, Сириядан кейін 13 жастағы үлкен ұлының құлағы мүлде естімейді.
Ұлымның алдында өзімді кінәлі сезінемін. Ол кішкентай кезінен жарылыстың астында үреймен жүгіріп жүруге мәжбүр болды. Егер дәл сол кезді кері қайтарса, мен ол жаққа бармас едім. Қазір балаларым тыныш ұйықтауды үйренді. Осында келгенде балалар ұзақ уақытқа дейін киімдерін шешпей ұйықтап жүрді. Себебі біз ана жақта кез келген сәтте қашуға дайын жататынбыз. Сөмкемізді алып жүгіре жөнелеміз. Балалар осында келген соң да, ұзақ уақытқа дейін шешініп жату дегенді түсінбей жүрді. Анам еркін жатсын деп ұйықтаған кезде шешіндіріп қояды. Олар түнде оянып қайтадан киініп алады. Қазір оның бәрін ұмытты. Балаларым соғысты, аштықты көрді. Төртеуі төрт жақтан нан сұрап жылағанда не істерімді білмейтін едім. Себебі сыртта атыс, өлген адамдар жатады. Қазір шүкіршілік айтамын. Балалар алаңсыз бақытты өмірге жетті. Ешкім шеттеткен жоқ. Елге келген соң мемлекетіміз балаларымды да, өзімді де қамқорлыққа алды. Балаларымды балабақшаға, мектепке орналастырды. Өзім жұмысқа тұрдым. Қоғамға тез бейімделдік. Құжаттарымызды жасап берді. Балаларым да көп нәрсені ұмытты, - дейді келіншек.
Ақтөбеде "Жусан" операциясы арқылы елге жеткізілген келіншектер мен олардың балаларына көмек көрсету тоқтамаған. Олармен әлі күнге дейін психолог, теологтар жұмыс істейді.
Біз бейбіт елде амандықта жүрудің өзі қымбат екенін сезіндік. Қазір анамның қасында төрт баламмен бірге тұрамын. Бізді ешкім кінәламаса екен. Кейбіреулер әлеуметтік желіде тәрбиесі дұрыс болмаған деп жатады. Қай ата-ана баласы жаман болсын дейді. Бізді жақсы тәрбиеледі, бәрін берді. Қателік бізден кетті. Мен ол жақтағы өмірді жауымы да тілемеймін, - деді кейіпкеріміз.
Ақтөбедегі "Ихсан" қоғамдық бірлестігі әйелдер мен олардың балаларына теологиялық оңалту жұмыстарын жүргізеді. Тиімділікті арттыру үшін кездесулерді табиғат аясында, дастархан басында еркін форматта сұқбаттармен өткізіп жүр.
Негізгінен әйел жамағаты, соның ішінде "Жусан" операциясы арқылы келген келіншектер және олардың балаларымен оңалту жұмыстарын атқарамыз. Ұлттық құндылықтарға басымдық беріледі. Нәтиже жоқ емес. Биыл олардың елге келгеніне бес жыл. Оларды бірінші рет көргенде көздерінде үрей, қорқыныш, сенімсіздік болды. Оларда өкініш бар. Қазір тыныш ұйықтайтынын айтады. Кейбірінің күйеуі түрмеде отыр. Күйеуі сол жақта қайтыс болғаны да бар. Тағдырлар әртүрлі, - деді теолог Роза Бисембаева.
Еске салсақ, Қазақстан 2019 жылдың қаңтар айынан бастап "Жусан" операциясы аясында Сирия мен Ирак аумағандағы азаматтарды елге қайтара бастады. Сол жылы 277 ересек, 547 бала жеткізілді.
Осыған дейін алты жыл Сирияда, төрт жыл түрмеде болған ақтөбелік келіншек басынан кешкенін айтып берді.