Халықтың миллиардтарын талай рет жоқ қылған пенсионный фондты да жаба салыңдаршы!
Танымал журналист әкесі қайтыс болған бауырларының мәселесін көтерді. Оның жазуынша, кәмелетке толмаған 7-13 жастағы балалар жәрдемақыдан қағылған. Енді журналист әкесінен айырылған балаларға жәрдемақыны «аяп қалатын» жоғарыдағыларға үндеу жолдады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Қоғам белсендісі әрі журналистің желідегі жазбасы қаз-қалпында төмендегідей:
«Бұл өкіметті «өлімтік» дейін бе, «сілімтік» дейін бе, білмей қалдым ғой.
Шетелдік шершесіпке, фосфорларға, көк тиындық құны жоқ легионерлерге жүздеген миллиондап айлық төлейді. Біздің салықтан. Ал енді мынандайды естігеніңіз бар ма!?
Қайтыс болған інімнің артында қалған үш баласына мемлекеттен «асыраушысынан айырылғанына байланысты» жәрдемақы тағайындалған. Үш балапан 6 жыл бойы 36 мың теңгеден алып жүрген. Содан былтыр үлкені оқуға түскенде кейінгі екеуінің жәрдемақысы бір ай кешіккен, екеуінен 20 мыңнан ұстап қалған... Келін пенсионныйға барып мән-жайды сұраса, «тіркелген жерден барып сұра» деген. Ауылдағы ЦОНға барса, «үлкен бала студент болыпты, оқуға түсіпті, соның стипендиясы осылардың жәрдемақысынан төленді» деген ғой! Сұмдық па? Меніңше, сұмдық!
7-13 жастағы жетімектер 17 жастағы ағасының стипендиясын өз жәрдемақыларынан төлеген. Дәлірек айтқанда, кішкентай екі інісінің мемлекеттен бөлінген жәрдемақысын тартып алып, ағасына «стипендия» деп бергендерің қалай кетті? Осыны бүгін, жаңа ғана жесір қалған келінімнің өз аузынан естіп, шок боп отырмын.
«20 мыңды кейінгі айда қосып берді» дей ме, бірдеңе әйтеуір, түсінбедім. Жәрдемақылары кейінгі жылда 32 мың болып қалған... себебі жаңағыдай» дейді, - ағасының стипендиясына кетіп жатыр екен-мыс.
Оу, Тоқаев! Оу, өкімет! Оу, депутаттар! Оу, пенсионный фонд! Бұл қайдан шыққан тупой, беспощадный заң?
Неге жетімдердің жәрдемақысы стипендияға төлену керек?
Неге жетімдердің жәрдемақысы 36 мыңнан 32 мыңға түсіп қалған? Вооообще 32 мыңға, тіпті, сол 36 мыңға бір баланы асырау мүмкін деп ойлайсыңдар ма? Детдомдағы әр жетім балаға күніне, айына қанша бөлінеді мемлекеттен? Неге сондай қаражат асыраушысынан айырылған жетімектерге де бөлінбейді?
Жарайды, детдомды ұстап тұру шығыны қымбат дерсіңдер. Ендеше, неге, тым болмаса, асыраушысы жоқ жетім балаға 50-60 мың төлемеске? Соғұрлым итке де, құсқа да жүз миллиондап шашып отырсыңдар, жетімектеріңе келгенде неге соншама безбүйрек, сараңсыңдар? «Қазақ жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған ел» емес пе еді? Сөзім жоқ.
(Иә, «қазақ жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған». Шамамыз келгенше қаңғытпауға, жылатпауға тырысып жүрміз, алайда, келінімнің 100 мың тг айлығымен сендердің бағдарламаларыңдағы баспананың 20-30% жинауы мүмкін емес тірлік екен. Ептесіп, септесіп, 3-4 жылда жинасармыз-ау... Алайда бұл мемлекетке адам капиталы керек еместігіне көзім жетті. Сондықтан Атазаңдарыңдағы «мемлекеттің ең құнды капиталы – адам» деген 1 баптағы өтірік заңдарыңды қызылмен сызып өшіре салыңдаршы).
Халықтың миллиардтарын талай рет жоқ қылған пенсионный фондты да жаба салыңдаршы!», - деп жазды журналист әлеуметтік желідегі парақшасында.