$ 448.89  477.93  4.76

Астанада алғаш рет зағип балаларға арналған түзету орталығы ашылды

Астанада зағип және көру қабілеті нашар балаларға қызмет көрсетуге бейімделген алғашқы психологиялық-педагогикалық түзету орталығы ашылды. Жоба «Дара» қоры мен Астана қалалық білім басқармасының қатысуымен, спонсорлар мен әріптестердің қолдауымен жүзеге асты, деп хабарлайды Skifnews.kz.

«Дара» жеке қоры таратқан мәліметтер бойынша, орталық №71 мектеп-гимназиясының ғимаратында орналасқан. Астана қаласының әкімшілігі 450 шаршы метрлік аумақты бөліп, орталықта жұмыс істейтін мамандардың айлық жалақысын төлеуді міндетіне алып отыр. «Дара» қоры өз кезегінде бөлмелерге жөндеу жүргізіп, арнайы қондырғылар, оқу құралдарымен жабдықтады. Орталықта емдеу-дене шынықтыру залы, Монтессори кабинеті, әдістемелік кітапхана бар.

Түзету орталығы ай сайын 50-ге тарта мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсетеді. Бірінші кезекте – зағип балалар қамтылады. Оларға тифлопедагог, логопед, дефектолог, психолог, хореограф, шынықтыру мамандары мемлекеттік квота арқылы тегін қызмет көрсетеді. Мамандар балалардың тұрмыстық-әлеуметтік дағдыларын қалыптастыруға көмектесіп қана қоймай,   оларды балабақша, мектепке даярлайды.

Осы уақытқа дейін Астанада көру қабілетінен айрылған балаларға білікті көмек көрсететін  мекеме болған жоқ. 0-7 жас аралығындағы зағип балаларға тұрғылықты жері бойынша әлеуметтік-медициналық-педагогикалық көмек ұйымдастырылмаған. Жағдай биыл ғана өзгере бастады.

Дегенмен, орталық мүмкіндігі шектеулі балалардың барлығын қамти алмайды. Сондықтан, ата-аналар болашақта мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған медициналық-әлеуметтік көмек жүйесі жетіле түссе деген тілекте. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары