$ 484.11  528.79  5.03

Елімізде жарты миллионға жуық адамның табысы 20 мың теңгеден де төмен

Елімізде табысы күнкөрістің ең төменгі деңгейінен төмен халықтың үлесі 2014 жылдың 2 тоқсанында 2,9 пайызды немесе 497,7 мың адамды құрады, деп хабарлайды «Қазақпарат».

Аталған көрсеткіш өткен жылғы тиісті кезеңнен 0,3 пайызға төмен. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Комитет мәліметіне қарағанда, табысы күнкөрістің ең төменгі деңгейінің шамасынан төмен ауылдық жердегі халықтың үлесі қалалық жердегі халықтың үлесінен 4 есеге артып, 4,9 пайызды немесе 384,1 мың адамды құрап отыр. Сонымен қатар, 2014 жылдың 2 тоқсанында табысы күнкөріс деңгейінен төмен халықтың басым үлесі Оңтүстік Қазақстан (5,5 пайыз), Жамбыл (3,6 пайыз) облыстарына тиесілі болса, ең аз үлесі Астана (0,3 пайыз) және Алматы (0,7 пайыз) қалаларында байқалады.

«Үй шаруашылықтарының ақшалай шығыстары олардың материалдық қамтамасыз етілуіне тікелей байланысты. Халықтың шығыстары мен тұтынуы децильдік бөлу кезінде табыстар сияқты айтарлықтай саралануды көрсетеді. Мысалы, 2014 жылдың 1 тоқсанында 10 пайыз ең аз және 10 пайыз ең көп қамтамасыз етілген халықтың азық-түлік тауарларына жұмсаған шығыстары арасындағы айырмашылық 4,2 есені, азық-түлік емес тауарларға – 6,1 есені, ал ақылы қызметтерге – 8,2 есені құрады», делінген баспасөз баянында.

Айта кетейік, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова шығарған бұйрық бойынша, 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс мөлшері 19966 теңге мөлшерінде белгілен еді.

Ең төменгі күнкөріс деңгейі – бір адамның айына өмір сүруіне қажетті ең аз тұтыну себетіне тең табыс көзі. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары