Алматы сияқты мегаполисте қоғамдық көліктер қозғалысын бақылау оңай іс емес. Қара жолда болатын төтенше жағдайлар мен апат санын азайту да бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Ал осы қоғамдық көліктер мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруына қаншалықты ыңғайлы? Мүгедек азаматтар өзгелер секілді жақсы өмір сүріп, өзін қоғамның толық бір мүшесі сезінуі үшін қандай реформа енгізілмек? Бұл сұрағымызға Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мамандары жауап берген еді.
Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында мемлекеттік бюджеттен бөлінген ақшаға халықаралық стандарттарға сай, төменгі биіктіктегі, яғни, мүгедек жандардың кіріп-шығуына барынша ыңғайлы 600 автобус пен 160 троллейбус сатып алыныпты. Басқарманың жетекші маманы Абылайхан Омарханның айтуынша, сатып алынған қоғамдық көліктер барлық талапқа сәйкес келеді. Қоғамдық көліктердегі пандустардың сапасы да тексеріліп тұрады екен. Болашақта мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өзгелердің көмегінсіз еркін қозғалуына барлық жағдай жасалмақ. Автобустардың барлығы толығымен автоматтандырылған.
Сонымен қатар, осы жылдың қыркүйек айында тағы да су жаңа 297 автобус сатып алынып, халық игілігіне берілмек. Жарымжан жандарға қолайсыздық тудыратын ескі автобустар қолданыстан алынып тасталады. «Жаңадан сатып алынатын автобустардың барлығының сапасы, талап бойынша техникалық өлшемдері тексеріліп, жіті қадағаланатын болады», - дейді басқарма мамандары.
Негізінен қала бойынша 220 троллейбус бар. Оның тек 160-ы ғана жұмыс істеп тұр. Ал троллейбустар 2018 жылы толығымен халыққа қызмет ететін болады. Қазір олардың бағыттары анықталып, жолаушылар тасымалдау нүктелері белгіленіп жатыр екен.
Бәрімізге белгілі, I және II топтағы мүгедек жандар қоғамдық көліктерде тегін жүреді. Олардан тек арнайы құжатын көрсету сұралады. Ал соңғы уақытта енгізілген «Оңай» төлем жасау жүйесіне байланысты Көліктер холдингі арнайыландырылған карточкаларды жасап шығарды. Бұл карточкалар бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтар тек қала ішінде ғана емес, сырт жақтарға да тегін жете алады. Осы тұста ескеретін бір жайт бар. ҚР Мүгедектерді әлеуметтік қорғау Заңының 14 және 15-баптарына сәйкес, мүмкіндігі шектеулі азаматтар әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне емін-еркін, қиындықсыз кіріп-шыға алуы тиіс. Олар қоғам өміріне басқа азаматтармен бірдей қатыса алады. Алайда, қоғамдық көліктер жүргізушілері арасында мүгедек жандардың аялдамада тұрғанын көріп, тоқтамай кететін кездері де жоқ емес. Оған кондукторлардың ақша талап етуі немесе дөрекі сөйлеуін қосыңыз. Бұл туралы Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқарманың жетекші маманы Абылайхан Омархан: «Біздің басқармамызға хабарласып, құқықтарының бұзылғанын айтатын жандар бар. Мұны жоққа шығаруға болмайды. Олар сол автобустың нөмерін есте сақтап қалып, бізге айтса, тиісті шараны қолданамыз. Бастапқыда ескерту береміз. Оған көнбесе, жауапкершілікке тартамыз. Жұмыстан шығаратын сәттер де болады», - дейді.
Басқарма берген ресми статистика бойынша, Алматы қаласында 1775 аялдама бар екен. «Ал оның қанша пайызы мүгедек жандарға ыңғайлы?» деген заңды сұрақ туады. Әрине, барлығы бірдей пандустармен жабдықталмаған. Орта есеппен алғанда сол аялдамалардың 600-ден астамы талапқа сәйкес келеді екен. Дәл қазір жарамсыз аялдамалар сүріліп, орнына жаңасы салынып жатыр. Көпшілігі 2017 жылдың соңына дейін толығымен жабдықталады.
Бүгінгі таңда Алматыда жұмыс күндері 1262 автобус таңнан кешке дейін жолаушы тасымалдайды. Оның 160-ы троллейбус. Жалпы есеппен алғанда 50 пайыздан жоғарысы мүгедектерге ыңғайлы екен. Басқарма мамандары бұл көрсеткіш жыл соңына дейін артады деп отыр.
Г.Сембиева