Тұтынушылар құқығы күнделікті жиі бұзылады. Оның басты себебі неде? Әрине, заң білмейтін сатып алушы мен заңды белден кесетін сатушылар санының көптігінен. Тұтынушы құқығы бұзылса, ол қайда барып арыздана алады? Араша болатын кім бар? Халық қандай заттардың сапасына жиі шағымданады? Алматы қаласы Тұтынушылар құқығын қорғау департаменті соңғы айлардағы құқық бұзушылықтар мен арыз-өтініштер жайлы деректерімен бөлісті.
2017 жылдың қаңтар-наурыз айлары аралығында Тұтынушылар құқығын қорғау департаменті 196 адамның арызын қарастырған. Оның 12-сіне белгілі бір шара қолданылса, 163-і бойынша түсіндіру жұмысы жүргізілген. Ал 21 хат өзге орган қарауына жіберілген екен.
Енді өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырып көрсек. Биыл тұтынушылар тарапынан түсетін арыз-өтініштер саны 2,6 есеге көбейген. Халық, әсіресе, тұрмыстық заттар мен ұялы телефон, оған қоса, аяқ киімдердің сапасыздығына қатысты жиі зардап шегеді екен. Мәселен, келіп түскен арыздардың 26,5%-ы осындай түрлі тауарларға қатысты. Яғни, тауар сапасы жайлы ақпараттың толық болмауы, 14 күн ішінде тауарды қайтара алмау, тауарды сатып алғандығы жөнінде тиісті құжаттарды бермеу. Сонымен қатар, қызмет көрсету саласында да құқық бұзушылықтар болып жатады. Оған мысал ретінде су мен газ құбырларының дұрыс орнатылмауы, қандай да бір қызмет үшін төленетін ақының мөлшерін арттырып жіберу жағдайларын келтіруге болады. Қоғамдық тамақтану орталықтарын тұтынушылар құқығы ең жиі бұзылатын орын деп атасақ артық емес. Басқарма маманының сөзінше, мұнда тамақты сақтау мерзімінің өтіп кету оқиғасымен қоса, антисанитарлық талаптарды орындамай, тазалыққа көз жұма қарайтындар көп кездеседі екен. Байланыс саласы қызметін де мінсіз деп айтуға келмейді.
«Әлеуметтік желілер арқылы да түрлі хаттар келеді. Мысалы, бізге 2017 жылдың 3 айында 103 хабарлама келді. Көпшілікке арналған телефон желісі арқылы 449 адамға тұтынушы құқығы мен өзге де сауалдар бойынша кеңес берілді», - дейді Тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысы Нұржан Нұрланұлы.
Басқарма тұтынушылар құқығы мәселе бойынша 34 шара ұйымдастырып, 7 дөңгелек үстел өткізген. Мемлекеттік қызметкерлер, қоғамдық бірлестік өкілдері қатысуымен ашық есік күндері де болып тұрады. Тұтынушылармен тікелей байланыс орнату мақсатында мектепке дейінгі білім беру орталықтары мен балабақшаларда 7 кездесу өткізіп, заңнамалық кеңестер айтылған. Халыққа арналған 16 кездесуде де осы мәселе қозғалып, тұрғындардың заңдық сауатын арттыру жұмыстарына мән берілген.
«Бізге келіп түскен өтініштерге қарап отырып, халықтың мемлекеттік органдарға көбірек сенім артатынын байқадық. Себебі, біз тегін кеңес беріп, олардың мәселесін соңына дейін жеткізіп, істің нәтижесін шығаруға ұмтыламыз», - дейді басқарма басшысы Нұржан Нұрланұлы.
Айта кетерлік жайт, салыстырмалы түрде соңғы уақытта тұтынушылардың заңдық сауаттылығы арта түскен. Оған теле, радио және газет пен интернеттегі сюжеттер мен мақалалар себеп болыпты. Қосымша ақпараттық кітапшалар мен ашық есік күндері де тұрғындар сауаттылығын көтеруге жол ашты. Десек те, тұтынушылар құқығын бұзу фактілері де жиі тіркеледі.
Г.Сембиева