$ 499.51  525.83  4.62

Алматыдағы 80 теңгелік пойыздарға «Оңай» жүйесі де қосылмақ

Алматы қаласының әкімдігі жақын маңдағы елдімекендерге темір жол пойыздарын жүргізді. Енді Алматы тұрғындары мен қонақтары Қапшағай, Ұзынағаш, Шамалған сынды елдімекендерге пойызбен қатынай алады. Жолақысы бар-жоғы 80 теңге.

Осы аптадан бастап Алматы-2 вокзалынан Жамбыл ауданы Қазыбек Бек теміржол станциясына және Алматы-1 вокзалынан Қапшағай қаласына дейін күніне бірнеше мәрте пойыз жүре бастады.

Алматы қаласынан жүз шақырым қашықтықта тұратын ауыл тұрғындары үшін бұл қуанышты хабар болып отыр. Осылайша, «Алматы-Қапшағай», «Алматы-Қазыбек бек» (бұрынғы Ұзынағаш) жолаушылар пойызы күніне екі рет қатынайды: таңда және кешке.

«Алматы-1 – Қапшағай» пойызы діттеген жеріне 1 сағат 30 минутта жетсе, жолай Алматы-1, Медеу, Байсерке, Қайрат, Жетіген, Іле, Қапшағай станциясы, Қапшағай қаласы бекеттерінен жолаушыларды түсіріп-мінгізеді.

Ал «Алматы-2 – Қазыбек бек» пойызы мына Алматы-2, Алматы–1, Бурундай, Ақсеңгер, Шамалған, Жангелді, Қазыбек би бекеттерінде аялдайды.

«Тұран экспресс» жолаушылар компаниясы басшылығының айтуынша, Алматы-1 мен Қапшағай қаласының аралығына жүретін пойызды вагондарымен қосып Эстониядан әкелген. Ол пойыз көмірмен емес, дизельмен жүреді. Яғни, экологияға тигізер залалы әлдеқайда аз. Ал қалған вагондарды Қытайдан лизингпен сатып алып, 2010 жылы құрастырған.

Алматының кезек күттірмейтін мәселелерінің бірі – қаладағы көлік кептелісі. Одан қшаһар басшылығы да қала тұрғындары да шаршаған. Қаншама айналма жолдар салып, жоспарлар жүзеге асырылғанымен, мәселе шешіле қойған жоқ. Осылайша Алматы әкімдігі шет аймақтарға пойыз жүргізуді шешіпті. Сондай-ақ, бұл атқарылған соңғы игі шара емес, алдағы уақытта тағы жаңа бағыттарға пойыздар қатынайтын болады.

–Осыдан екі жыл бұрын осындай пойызды жолға шығармақ болып едік. Бірақ, жолақысы қымбат болғандықтан еріксіз тоқтаттық. Өйткені ол кезде үкіметтен көмек болмады. Ал, осы жолы Алматы қалалық әкімдігі тарапынан жарты жылға субсидия бөлінді. Сол себепті біз жолақыны 80 теңгеге белгілеп отырмыз. Бұл 80 теңге салық пен жұмысшылардың жалақысына жетеді. Болашақта бұл жобаның екінші кезеңі ашылады, - дейді «Тұран экспресс» компаниясының басшысы Роман Ботабеков.

Оның айтуынша, алдағы уақытта осы бағыттағы пойыздарға «Оңай» жүйесі де қосылмақ, сонда жолаушылар жолақысын карта арқылы да төлей алады.

Алматы-2 – Қазыбек Бек бағытындағы пойызға жеті, Алматы-1 – Қапшағай бағытындағы пойызға алты вагон тіркелген. Бірінші бағыттағы пойыздың әр вагонында 56 орын бар, барлығы 392 адамға есептелген. Вагондардың іші соңғы үлгімен жабдықталып, әр вагон ішіне кондиционермен бірге теледидар да қойылған.

Айта кетейік, екі бағыттағы пойыздарды қамтамасыз етуге 2017 жылы қалалық бюджеттен 353,7 миллион теңге бөлінген. Оның 194,1 миллионы Қазыбек Бек – Алматы – Қазыбек Бек бағытына, 159,6 миллионы Қапшағай – Алматы – Қапшағай бағытына субсидияланған еді.

Ақбота Мұсабекқызы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары