$ 498.51  522.84  4.81

Бос орындар жәрмеңкелерінде әлеуметтік статусқа ие жандарға басымдық беріледі

Халық арасында жұмыссыздықты жою мақсатында елімізде ай сайын бос орындар жәрмеңкесі өткізіліп отырады. Бұл өз кезегінде қай салаға маман тапшы екенін анықтауға да мүмкіндік беретін шара. Мәселен, Қазақстанның ең үлкен қаласы – Алматыда қызметтер көрсету саласында, медицина мен білім беру салаларында маман тапшы екен. Сондай-ақ, қаладағы өндірістік кәсіпорындар мен құрылыс компанияларының, қала берді кадр агенттіктерінің мамандарға мұқтаж екенін аңғаруға болады.

Жалпы, жыл басынан бері Алматы қалалық жұмыспен қамту орталығына 213 адам жұмыссыз ретінде тіркеліпті.

Алматы қаласы бойынша әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру шаралары қала тұрғындары үшін ыңғайлы күн мен уақытқа жоспарланады. Мәселен, көктемде Алматының Орталық мешітінде қаладағы бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі жұма күні өткен. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жұмыспен қамту орталығы бастығының орынбасары Керімқұл Жекетаевтың айтуынша, жәрмеңке жұмада мешітке келушілер қарасы көп болатындықтан әдейі осы күні ұйымдастырылған. 

Оның айтуынша, жұмыссыздарды әлеуметтік жұмыс орындарына жіберуге олардың келісімімен ғана жол беріледі. Әлеуметтік жұмыс орындарына жіберу кезінде жұмыссыздардың  денсаулық жағдайы, жас, кәсіптік және басқа да жеке ерекшеліктері ескеріледі.

­­­- Халықты жұмыспен қамту орталығы мен арнайы жұмыс орындарын құратын жұмыс беруші және әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілетін жұмыссыз арасында әлеуметтік келісімшарт жасалады. Әлеуметтік келісімшарт тараптардың құқықтары мен міндеттерін, еңбекақы мөлшерін және оны төлеу шарттарын, әлеуметтік жұмыс орындарын қаржыландыру мерзімдері мен көздерін қамтуға тиіс. Жалпы, әлеуметтік жұмыс орындарына қатысқан адамдар үшін мерзімі 12 айға дейін белгіленіп, жұмыс берушілердің белгілеген жалақы көлемінің 35 пайызын  субсидиялау мемлекет тарапынан көрсетіледі, бірақ ең төменгі жалақы мөлшерінен (24 458 теңге) артық емес, - дейді «Алматы қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ-і басшысының орынбасары Керімқұл Әлімқұлұлы.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, биылғы 2017 жылы жыл басынан әлеуметтік жұмыс орындарына  417 адам қамтылған. Оның ішінде 113 адам 29 жасқа дейінгі жастар болса, 84-і мүгедек жандар және қалған 242-сі әйел адамдар.

«Алматы қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ-і басшысының айтуынша, бұл жұмыс жыл аяғына дейін жалғасын таба береді. Сондай-ақ, Керімқұл Жекетаев әлеуметтік жұмыс орындары жұмыссыздар үшін арнайы құрылатынын айтты.

Атап айтқанда, балалар ауылының тәрбиеленушiлерi және балалар үйлерінің түлектері, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 16-23 жасқа дейiнгi балаларға арналған мектеп-интернаттардың, зейнеткерлiк жас алдындағы (зейнеткерлiкке шығуға екi жыл қалған) адамдар, мүгедектер, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және (немесе) мәжбүрлеп емдеуден өткен адамдар, пробация қызметінің есебінде тұрған адамдар, кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеп отырған жалғызiлiктi, көпбалалы ата-аналар, жеті жасқа дейінгі баланы, мүгедек баланы, бірінші және екінші топтағы мүгедектерді бағып-күтуді жүзеге асыратын адамдар, оралмандар, терроризм актісінің нәтижесінде зардап шеккен адамдар және оның жолын кесуге қатысқан адамдар басым құқыққа ие болады екен.

Ақбота Мұсабекқызы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары