Алматыда ерекше үй ашылды. Мұнда жан мен тән дауасына ұшыраған 20 шақты мүгедек бір шаңырақ астын паналауда. Бұл «Отбасылық үй» деп аталатын жоба аясында жүзеге асуда. Енді олар интернаттың төрт қабырғасында жатпай, үй тірліктерін өздері де атқара алады. Тіпті, араларында жұмысқа орналасып кеткендер де бар. Интернаттың тар қапас бөлмелерінде деміміз қысылды деген балалардың жаңа үйлері жайлы тілші бейнематериалында.
33 жастағы Наташа Цойдың ойлау қабілеті өз жасына мүлде сәйкес емес. Өйткені, оның ақыл есінің кемістігі бар. Бірақ ол қазір әріп танып, оны басқаларына үйретіп жүр. Анасы оның емделмес дерті барын естігенде бірден бас тартқан екен. Содан бері интернатта тұрады. Өмірдің тауқыметін көп көрген оның енді онда қайтқысы жоқ. Айтуынша, отбасылық үй жанына жаққан.
«Интернат жабық мекеме ғой. Барлық әрекетің медбикелердің көз алдында. Емін-еркін жүріп тұра алмайсың. Ал мұнда қалаған уақытыңда ұйықтайсың, әуен тыңдайсың, спортпен айналысасың. Демалыс күні мен ас әзірлеймін. Мәнпар, макарон секілді астың түр-түрінің жасалу жолын білемін. Үй жинап, тәрбиешімізге көмектесеміз. Маған осы жер ұнайды», - деді Отбасылық үйдің тәрбиеленушісі, Наташа ЦОЙ.
Бұл отбасылық үйдегі тәрбиеленушілердің алды 20-дан асса, ең үлкенінің жасы 38-де. Бәрінің ақыл есінде ауытқуы бар. 20 шақты адамның тек 7-уі ғана хат таниды. Бірақ мұнда оған ешкім күлмейді. Қайта отбасылық үйде тату-тәтті тұрып жатқан олар жазу-сызуды бір-біріне үйретіп жүр. Ал, барлығының басты арманы – мүгедектер үйінен кетіп, ел қатарына қосылу.
«20 баланы осы отбасына алдық. Отбасына алып, бұлармен бірге осы өмірдің, қоғамның ағымына кіргізу әрекеті жасалынып жатыр. Өйткені, осы уақытқа дейін бұл балалар да ешқандай орталықта, қоғамда болып көрген емес. Бұлардың бір ерекшелігі, бұлар тек қана жетім балалар емес, онымен қоса денсаулығында ақауы бар»,- деді Отбасылық үйдің жетекшісі Лала Кемпірбаева.
Отбасылық үй маусым айында ашылған. Мүгедектер үйінен келгендер бастапқыда тазалық сақтау мен киім киюді де білмей келген дейді тәрбиешілер. Ал 2 айдың ішінде дастархан жайып, кісі күту әдебін жақсы меңгеріп алған.
«Тар қапаста болдық, бізге төрт дуалдың ортасында отырдық осы жасқа дейін деп айтып жатыр. Әрине , бұл жерде төрт дуалдың ортасында отырғанмен қазіргі отбасылық өмірге өткен аспан мен көктей болып есептелінеді олар үшін. Бұл жерде барлық үйдегі жасалынатын тіршіліктер жасалып отыр», - дейді орталықтың жетекшісі.
Дегенмен, жоба пилоттық. Әзірге 6 айға ғана жоспарланған. Егер мүгедектер қоғамға бейімделіп, өмірде орындарын тауып кетсе ендігі тұрғындар 3 жылға дейін осында тұруы мүмкін.