$ 448.15  483.46  4.86

Алматыда ерекше балаларға арналған ойын алаңшасы ашылды (ФОТО)

Алматыда денсаулығында ақауы бар ерекше балаларға арналған ойын алаңшасы ашылды деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі. Жаттығу жасау нысандарында Брайль шрифті таңбаланған. Кешен секциялары қандай да бір кедергілерден түгел арылған.

Балалар үшін мұндай ерекше сыйлықты жергілікті меценаттар "Рухани жаңғыру" мақаласында көрсетілген "Туған жер" бағдарламасы аясында жасап отыр. Инклюзивті алаң Тұңғыш президент саябағында орналасқан.

"Балалар алаңшасына қажетті қондырғыларды, жаттығу нысандарын салуға қажетті қаражатты 2016 жылдың желтоқсан айында өткен қайырымдылық акциясы барысында жинадық, "Дара" қоры мен жеке меценаттардың көмегімен әрине. Енді қолымыздан келгенше бұдан кейін де осы тектес алаңдарды салуды жалғастыра береміз. Олар барлық балалар үшін қолжетімді болады", – дейді "Дара" қорының директоры Айнаш Қасенова.

Оның айтуынша, алаңға қажетті құрал-жабдықтардың бәрі отандық өндірушілерден сатып алынған. Ал, алаңда жаттығу жасау кез-келген балаға тегін.

Аумағы 480 шаршы метрді құрайтын ойын алаңшасында ерекше балаларды дамытуға арналған түрлі жабдықтар бар: кең пандусты сырғанақтар, ерекше балаларға арналған әткеншектер, құм, музыкалық ойыншықтар және дене жаттығуын жасайтын құралдар бар.

"Жаттығу құралдары мен ойын аппараттары балалардың дене жаттығуларын жасап, есту қабілеттерін жақсартуға, сезім мүшелерін дамытуға септігін тигізеді. Ақпараттық панельде Брайль шрифтімен жазулар жазылған, балалардың ыммен сөйлесуін дамыту үшін жұмыс істейміз. Мұның бәрі балалардың кішкентай кезінен бастап сөйлесу тәсілдерін үйренулеріне мүмкіндік береді", – дейді жоба демеушілерінің бірі Жанна Кан.

Айта кетейік, бүгінде Алматыда "Спорт менің ауламда" жобасы аясында 75 нысан қайта жөндеуден өтіп, 5,5 мың баланың алаңсыз ойнауына жаңдай жасалды. Сондай-ақ, тағы 28 спорттық нысан пайдалануға берілді.

Биыл қыста Алматыдағы көпқабатты үйлердің әрбірінің ауласында мұз алаңшалары салынатын болады. Бұл нысандар жергілікті тұрғындардың жаппай спортпен айналысуы үшін жергілікті әкімдік тарапынан тұрғызылуда.

Бұдан бөлек, биыл қыркүйек айында Алматының Атлетикалық ауылында балаларға тегін ағылшын тілін үйрететін орталық ашылған болатын. Алатау ауданы Универсиада өткізгелі бері әлеуметтік тұрғыда дамуда. Мәселен, күні кеше ауданда жастардың проблемасын шешумен айналысатын Almaty Zhastary орталығы ашылды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары