$ 443.85  474.3  4.8

«Жұмыс бар» мобильді қосымшасы алматылық жұмыссыздардың мәселесін шешеді

Алматыда жұмыссыздықты жоюға бағытталған тағы бір әлеуметтік жоба іске қосылды. «Жұмыс бар» деп аталатын мобильді қосымша енді жұмыссыз жүрген азаматтарды ешқандай «делдалсыз» жұмыс берушімен байланыстырып, тұрақты еңбекпен қамтуға себепкер болады. Жоба авторлары ұйымдастырған жұмыс жәрмеңкесінде 80 компаниядан түрлі мамандықтарға сұраныс түсіпті.

Оқуын бітірмесе де жұмыс іздеп жүрген алматылық жастардың бірі Ақбота Убайдулла шет тілінің маманы. Ол келер жылы оқуын бітіргеннен кейін бос жүріп қалмай тұрақты жұмыс тапсам дейді. Сол үшін жұмыс қарауды қазірден қолға алыпты. Жәрмеңкеге арнайы келген студент жаңадан іске қосылған «Жұмыс бар» мобильді қосымшасына тіркеліп, онда түйіндемесін толтырып қойған. Мобильді қосымша арқылы кез келген азамат өзі туралы бейнетүйіндеме де қалдыра алады. Сондай-ақ бұл әдіс жұмыс беруші мен оны іздеп жүрген адам арасында тікелей байланыс орнатуға септеседі. Әзірге аталмыш бағдарлама тек Алматы қаласы бойынша ғана қызмет көрсетеді.

«Мен тек қана мұғалім болғым келмейді. Осы ағылшын тілі арқылы болашақта жақсы қызмет тапсам деймін. Оқушылармен жұмыс істеп қана қоймай, шетелге шықсам деп ойлаймын. Сондықтан осы жерге келдім. «Жұмыс бар» деген қосымша өте жеңіл, маған өзіме ұнады. Қазір резюмені толтырып, интернетке жібердім», - дейді студент Ақбота Убайдулла.

Ал 26 жастағы Ғалия жұмыспен қамту орталығы арқылы өзінің қалауындағы қызметін тапқан. Қазір тігінші болып еңбек етіп жүр. Мұндай жәрмеңке жастарға таптырмас мүмкіндік дейді ол.

«Оқу орнын бітірдім. Менің мамандығым басқа мамандық: автоматтандыру және басқару мамандығы. Бірақ ол бойынша жұмыс таппадым. Қызығушылығым төмендеп кетті. Өйткені қанша уақыт жұмыс іздеп бос жүрдім. Өзім кішкентай кезден тігіншілікті жақсы көргендіктен шебер орталығына келіп, үш ай курс өттім. Шеберлігімді арттырдым, көп нәрсені үйрендім. Қазір сол жерде жұмыс істеп жатырмын», - дейді қала тұрғыны Ғалия Құлымбетова.

Қазір қалада жұмыссыз ретінде тіркелген 7 мыңдай азамат бар екен. Мамандар бұл тек ресми ақпарат екенін айтады. Ал тіркелуге келмей жүргендер бөлек әңгіме. Жыл басынан бері қалада 20 мыңға жуық азамат жұмыспен қамту орталығы арқылы қызмет тапқан. Бүгінгі бос жұмыс орны жәрмеңкесіне жұмыс беруші 80-ге жуық компания қатысты. Белгілі болғандай, ең сұранысқа ие ІТ мамандары мен қызмет көрсету саласының өкілдері екен.

«Бұрынғы уақытта  көбісі заңгерлердің оқуын бітірсе, не бомаса бухгалтердің оқуын бітірсе, қазіргі уақытта ІТ мамандарына сұраныс жоғары. Не болмаса азпазшы керек, кәдімгі жұмысшылар керек. Құрылыс мамандары керек», - дейді Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Айгүл Ахметова.

Жәрмеңкеде оқуды енді бітіріп, кәсіпкерлікпен айналысамын деген студенттерге 15 күндік тегін оқу курсы да қарастырылған. Кәсіпкерлікті дамыту курсын оқып шыққан азамат банктерден несие алып, өз ісін бастай алады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары