$ 498.34  519.72  4.85

Алматы облысында батыр ана жетінші баласын моншада босанды

Алматы облысы Қарасай ауданы Жамбыл ауылының тұрғыны, көп балалы ана жетінші сәбиін моншада босанды,  деп жазады NUR.KZ.

Гүлбану Ысқақова жетінші сәбиін 13 қараша күні өмірге әкелген. Ақ халаттылар қанша ескерту жасаса да, шақалақ қираған моншаның қуысында өсіп жатыр.

«Дәрігерлер үйді көріп шошып кетті. Мына жерде жас баланың тұруына болмайды, бөлменің іші сызданып кеткен, күн түспейтіндіктен шақалақ сарғайып жатыр, –  дейді батыр ана.

Көп балалы отбасының жайын алғаш рет тілшілерден естіген Жамбыл ауылының әкімдігі болса,  30 қап көмір мен аз-маз отын түсіріп беріпті.

«Үйге әкімдіктегілер келіп кетті. Баспананың да, жердің де кезегінде тұрмыз. Осы уақытқа дейін жер беруге мораторий деген еді. Енді үй салатын шағын учаске бөлеміз дегендей болды. Қашан және қайдан беретінін де айтпады» , –  дейді бір көзінен айырылған үшінші топтағы мүгедек Жаңалық Әбдиев.

 «Ұлымның атын «Дінмұхаммед» қойдым. Бұл есімді маған үйге азық-түлік әкелген азаматтардың бірі айтты. Дінмұхаммед Қонаев атамыз секілді елдің қамын ойлайтын қамшы ұстар болсын деп ырымдадым. 

Көзім дұрыс көрмейтіндіктен тұрақты жұмысқа алмайды.Жалданып сырлау, әктеу сынды бір күндік ақы төлейтін жерлерге барып қайтам. Бүгін ешкім шақырмаған соң үйдемін» , –   дейді отағасы.

Әбдиевтер отбасына көмек қолын созушылардың басым көпшілігі қарапайым халық. Бірі  –   балаларының сыймай қалған киімін берсе, кейбіреулері қысқа сойған соғымынан екі-үш асым ет те әкеліп жатыр.

Тіпті, аудандық перзентхана да қайырымдылықтан қалыс қалмай, шақалақ Дінмұхаммедке шаң басып, тозығы жеткен ескі қоларба сыйлаған.

Ал әкімдіктегілер болса, көпбалалы отбасыға көмек қолын созып, пәтер мәселесін шешуге әлі асығар емес.

 «Біз Әбдиевтер отбасына көмектесіп жатырмыз. Өткен аптада екі тонна ағаш-көмірін түсіріп бердік. Тіпті Гүлбану Ысқақованың толғағы келген кезде перзентханаға хабарласып дәрігерлерге айттық. Әкім үй салатын жер қарастырып жатыр. Қайдан және қашан беретінін әзірге білмейміз» , – деді Жамбыл ауылының ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ақжол Серғазыұлы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары