$ 446.49  475.38  4.79

Алматының әлеуметтік-экономикалық дамуы күн санап өсуде – Б.Байбек

Биылғы жылы барлық әлеуметтік- экономикалық көрсеткіштер бойынша Алматыда оң динамика қалыптасқан. 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында экономиканың өсу қарқыны 4%-ға жетті, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 есе жоғары. Негізі капитал инвестициясы 12,8%-ға өсіп, 400,5 млрд. теңгені құрады.

Бұл туралы шаһар басшысы Бауыржан Байбек Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде баяндады.

– Тәуелсіздік жылдары Елбасының басшылығы арқасында еліміз орасан табыстарға қол жеткізді. Алайда, біз бәсекеге қабілетті мемлекеттер қатарынан көрінгіміз келсе, ОЭСР стандарттарына сай реформаларды жүзеге асыруға тиіспіз. Бұл ең алдымен, өмір сүрудің жоғары деңгейі, жаңа әрі тиімді экономика, ал әкімдер үшін маңызды міндет- өмір сүру стандарттарының сапасын жақсарту. Осы мақсатты іске асыру барысында мемлекеттің ашықтығы, жариялылығы және есеп беруі қағидалары негізінде халықаралық «McKinsey» сарапшыларының қатысуымен «Алматы-2020» бағдарламалық реформасы қабылданды және көпшіліктің кеңінен талқылауынан өтті, қазіргі кезде ойдағыдай жүзеге асырылуда», – дейді қала әкімі Бауыржан Байбек.

Елбасының бастамасымен қолға алынған мемлекеттік бағдарламалар экономиканың өсуіне зор ықпал етті. Соның арқасында тұрғын үй құрылысы төрт есе өсті. «Нұрлы Жер» бағдарламасы бойынша 1,8 мың пәтер салынды, осы бағдарлама бойынша биыл 4,5 мың пәтер пайдалануға беріледі және қолжетімді баспана көлемі 1,5 есеге артады. Жеке құрылыс та қарқын алуда, екі жыл ішінде Қалақұрылысы кеңесі жалпы құны 1 трлн. теңге болатын 82 жобаны бекітті.

Бүгінгі күні қалада кәсіпкерліктің 173 мыңнан астам субъектісі жұмыс істейді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,7%-ға көп. Индустриализация картасы бойынша жалпы құны 36,8млрд. теңге болатын 38 жоба жүзеге асуда, осының арқасында 3 мың жұмыс орны құрылды.  Индустриалды аймақта құны 191,3 млрд. теңге болатын 40 жоба қолға алынған және 5 мың жұмыс орны пайда болды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен бизнес пен тұрғындардың талабы бойынша қалада Алматының Басжоспар Институты құрылды.

«Біздің бағдарламаның басты міндеті - қалада жайлы орта қалыптастыру.Биыл жүйелі жаңғырту жұмыстарын қолға алдық, бүгінгі күні батыстық стандарт бойынша қаланың тарихи орталығының үштен бірі қайта жасалды. Қалалықтардың орасан қолдауы арқасында бұл жұмыс одан әрі жалғасатын болады. Райымбек, Достық, Абай даңғылдары мен Есентай өзенінің бойы, яғни тарихи орталықтың тағы да 178 га жері модернизацияланады. Бұл шара қалаға бірыңғай архитектуралық келбет беру үшін жүргізілуде.Біз жаяу жүргіншілер үшін сапалы инфрақұрылым жасаудамыз әрі заңсыз конструкциялар, визуалды көріністер алынып тасталуда. Шындыққа жүгінсек, «келеңсіз экономикамен» күрес жүруде», - дейді Бауыржан Байбек.

Қалада «Рухани жаңғыру бағдарламасын жүзеге асыруға айрықша назар аударылған. Бүгінгі күні құны 87 млрд. теңгеден астам 125 жоба қолға алынған. «Туған жер» жобасына бизнес белсенді түрде араласып, әлеуметтік нысандар салуда. Жеке қаржы есебінен Наурызбай ауданында 500 адам қатынайтын емхана, 1,2 мың орынды мектеп салынды. Алатау ауданында жеңілатлетті стадион іске қосылды. Болашақта халықаралық деңгейдегі баққа айналатын Алматының Ботаникалық бағын модернизациялау жобасы қолға алынды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша киелі жерлер тізімі жасалды, олар 22 объект, оның ішінен 5 объект Қазақстанның киелі жерлер картасына еніп отыр.

Ақбота Мұсабекқызы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары