Бүгінгі таңда бүкіл ғаламшар гаджеттерге байлаулы. Смартфон, планшет, осы тақылеттес сандық техникасыз өмір жоқ. Олармен бірге адам өміріне сандық жарыместік дерті дендеп жатыр. Бұл әзіл де, қалжың да емес. Бұл диагноз.
2007 жылы мамандар жыл сайын балалар қатарында - назар салуы ықтиятты емес, жадысы тозған, өзін-өзі ұстай алмайтын, үнемі көңілсіз, күйзеліске берілгіш балалар көптігі алаңдатады деп дабыл қақты. Зерттеулер сандық құрылғыны көп қолданатын замандастардың миында өзгерістер орын ала бастағанын көрсетті. Миға зақым келгенде немесе деменцияның, яғни алжасудың алғашқы белгілері сияқты. Негізінен бұл ауру қартайғанда дамитынын қалың көпшілік білсе керек. Ал, қазіргі таңда мұндай дерт ерте жастан жетіліп жатыр.
7 жасар еуропалық тұрғын теледидар алдында бір жылға жуық уақытын өткізеді. Ал, 18 жасар адам 4 жыл уақытын сарп етеді екен.
Қазір балалар басқа дегіңіз келе ме? Иә, балалар басқа. Милары да басқа. Осыдан мың жыл бұрынғы адамдікіндей.
Миды дамытып, қоректендіріп отыру керек. Адамның ойы, әрекеті, қиын есептерді шешуі, терең ойлануы - миға әсер етеді. Өзіндік із қалдырады. «Баланың өзінің еркін, тәуелсіз ойлануынан жететін танымына ештеңе жетпейді. Олар өмірді, айналадағы қоршаған ортаны өз бетінше зерттеп, тануы маңызды» - дейді британдық психология профессоры Таня Бирон.
1970 жылдан бері баланың белсенділігі 90% кеміген. Қазіргі баланың бар әлемі смартфон бетіндегі суреттер ғана. Балалар жаңбыр астында қалып ойнағанды, өзенге қайық жасап жібергенді, ағашқа өрмелеуді, әңгіме соғуды да білмейді. Сағаттап смартфонға тесіліп отырғанды ғана біледі. Балаға бұлшықетін дамыту керек. Алда қандай қауіп-қатер төніп тұрғанын бағамдау қажет. Достарымен араласу маңызды. «Бір қызығы жаңа қоғам тез қалыптасып келеді. Қазіргі адамдардың танымы, түсінігі, таңдауы, иіс сезуі, дәм сезуі, сипап сезуі – бәрі басқаша. Жыл өткен сайын жетіле түспейді. Өйткені, адамдар монитор мен экран алдында тапжылмай отырады. Таза ауаға шығып серуендемейді. Бетпе бет отырып әңгіме-дүкен құрмайды» - дейді Сьюзен Гринфилд. Уайымдауға тұрарлық мәселе баршылық.
Ми сыртқы әсерден белсенді болады. Сыртқы әсердің көп болуы мидың қатпарын көбейте түседі. Сондықтан бала үшін сыртқы әлемді өз көзімен көріп, өз қолымен ұстап-зерттеп, зерделеуі өте маңызды. Виртуалды әлем мидың дамуына кедергі ғана. Өсіп келе жатқан миға әсер алу өте керек-ті.
Баланың ұйқысы тыныш, бірқалыпты болғаны абзал. Бірақ бүгінгінің баласы өз еркімен интернеттен шығып, компьютерлік ойыннан бас тарта алмайды. Ұйқы ұрланып, денсаулық нашарлайды. Егер ұйқың қанбай, шаршап тұрсаң, миыңа сабақ қона ма?
Мұндай сандық технология миды қалай өзгертіп жіберуі мүмкін деп ойларсыз. Біріншіден, тек мониторға тесіліп отырғандықтан сыртқы әлемнің миға әсері болымсыз ғана. Бала қажетті тәжірибе жинақтай алмайды. Көңіл бөлісу, өзін қадағалау, шешім қабылдау сияқты керекті әдеттерді жетілдіретін ми бөліктерін дамыту үшін бала үнемі қозғалыста болғаны дұрыс.
Қозғалысқа түспеген ми бөліктері семіп қалады. Жүруден қалған адамның аяғы семіп қалады ғой? Сол сияқты. Балалар ақпаратты жадысына тоқып алуды меңгермейді. Олар оны интернеттен іздейді. Осыдан кейін қандай ми дамиды? Есте сақтаудың нашарлауы осындай қолжетімділіктен. Баланың миы еш жаттықпайды.
Интернет заманы басталғаннан балалар шетінен ақылды болып кететіндей көрініп еді. Қазіргі 11 жасар бала шығаратын есепті отыз жыл бұрын 8-9 жасарлар шығаратынын біліп пе едіңіз? Кейіндеудің негізгі себебінің бірі виртуалды өмірдің белең алуынан дейді ғалымдар.
«Сандық технология миды инфантильді етеді. Ересек адамның миы жетілмеген баланың миындай болып қалады. Ол тек жарқын дауыс пен шуақ шашқан нұрға ғана тартылып тұрады. Олардың миы тек бүгінмен өмір сүреді. Назар салуы тым шашыраңқы болады» -дейді Сьюзен Гринфилд.
Бірақ санасы сау ата-ана өз баласын мұндай сұмдықтан арашалай алуы керек. Түрлі гаджетті қолданудың уақытын шектеңіз. Тіпті сандық индустрияны дамытқан Стив Джобстың өзі шектеу қойып отырған. Оның балалары айпадтың не екенін білмеген. Түнде және демалыс күндері компьютерді қолдануға тыйым салған.
Крис Андерсон, «Wired» атты америкалық журналдың редакторы, 3D Robotics-тың негізін қалаушылардың бірі. Ол да балаларына гаджет қолдануға көп тыйым салған. Жатын бөлмеде ешқандай гаджет болмауын қадағалаған. «Интернеттің шектен тыс көп қолданылуы зиян екенін білем. Өзім осы түйткілмен бетпе бет келген адаммын. Балаларымның да мен жасаған қателіктерді қайталамағанын қалар едім».
Blogger мен Twitter сияқты платформаларды жасаушылардың балалары күніне бір сағат қана планшетті қолына алады екен. Ал, OutCast Agency директоры үйінде гаджетті қолдануды тек жарты сағатқа рұқсат етеді. Кішкентай балалары мүлде гаджет ұстамайды.
Бұл адамдардың тыйым-әрекеті «Не істеймін?» деген сұраққа жауап. Өскелең ұрпақтың санасына қам жеген адам олардың гаджетпен көп ойнауына тыйым мен шектеуді қолданғаны жөн. Әйтпесе, олардың келер 15-20 жылда қандай күйде болатынын кім біледі?
Егер өзіңде бала болмаса, онда баласы бар достарыңа гаджеттің жарыместікке апаратын кемшілігін айта жүр.
Аударған Шынар ӘБІЛДӘ