$ 443.85  474.3  4.8

Жұмыспен қамту орталығы студенттердің жұмысқа орналасуына көмек береді

Алматы қалалық Жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері 2017–2021 жылдарға бағытталған «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасын тұрғындарға түсіндіруді қолға алды. Студенттердің жұмысқа орналасу және жұмыспен қамтамасыз етуге көмек беретін мекемелер жөнінде және бағдарламалар туралы біле бермейтіндіктен, жастармен кездесулер ұйымдастыруды жөн санапты.

Осы мақсатты көздеген кездесу Алматы университетінің студенттерімен өткізілді. «Жастарды жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту мәселелерін шешу жолдары» атты тақырыпта өткен бұл кездесуді университеттің іс-тәжірибе жұмысқа орналастыру бөлімінің басшысы Хадиша Әділбекова ашып, өткізіліп отырған іс-шараның басты мақсат-міндеттеріне тоқталып өтті.

- Қазіргі кезеңде қолға алынып отырған «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасын жан-жақты түсіндіру жұмыстарын бастадық. Бағдарламадағы жоғары оқу орнын, колледж, лицейлерді бітірген жастарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулармен қосымша іс-шараларды және жастар тәжірибесіне қатысу тәртібін тарқата түсіндіреміз. Жастардың жұмыспен қамтамасыз етілуі біз үшін мағызды, - деді Алматы қалалық Жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы Керімқұл Жекетаев.

Ал кездесуге қатысқан «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанаты Әуезов аудандық филиалы жетекшісінің орынбасары Ақнұр Әділжан студент-жастарға «Сәтті қадам» бағдарламасы туралы айтып, оның міндет-мақсаттарын түсіндірді.

Нарық жағдайындағы ең күрделі мәселелердің бірі болып отырған жұмыссыз жастар мәселесіне талдау жасаған тарих факультетінің 3-курс студенті Аяна Азаматованың да ой-пікірі жастардың көңілінен шықты.

Жиын барысында университеттің белсенді жастары өз ойларын ортаға салып, тиісті сала қызметкерлеріне сауалдар қойды. Студент-жастар тарапынан қойылған сауалдарға қалалық Жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы Керімқұл Жекетаев жауап берді.

Жиын барысында жастарға «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасына, ондағы жастар тәжірибесіне қатысу, мамандығы бойынша жұмыс іздеуге мол мүмкіндік беретін. enbek.kz  электронды еңбек биржасын қолданудың тәсілдері мен тәртібі жазылған парақшалар таратылды.

Ақбота Мұсабекқызы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары