$ 494.87  520.65  4.91

«Жалаңаяқ көмек сұрап жүр»: Жаңаөзенде жалғызбасты ана 4 баласымен далада қалды

Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында түнгі екілер шамасында оқыс оқиға болды. Шырт ұйқыда жатқан отбасының үйі өртеніп, баспанасыз қалды. Енді шарасыз қалған 4 баланың анасы көпшіліктен көмек сұрайды деп жазады Қазақпарат.

Қызыл жалын кесірінен дүние-мүлік, киім-кешектің сау тамтығы қалмаған. Абырой болғанда, үй иелері дін аман.

Үй иесі Тамара Ходжаназарова түн ортасында түтіннің иісінен шошып оянған. Айнала тұманданып, тұншығып бара жатқанын сезген ол ес жиып, әрекет етуге кіріседі. Бірден, балаларын сыртқа шығарып, көршілерді көмекке шақырады.  

«Есік тарсылдап жатыр екен. Жүгіріп барып, есік аштық. Тамара 4 баласын сүйреп, жалаңаяқ көмек сұрап шырылдауда. Өрт сөндірушілерге телефон шалып, бәріміз жүгіре жөнелдік. Дегенмен, біраз дүниесі жанып кетті», - дейді оқиғаның куәгері, үй иесінің көршісі Күміс Тәжіқұлова.

Өрт сөндірушілердің айтуынша, қызыл жалынның шарпуына электр жүйелерінің қысқаша тұйықталуы себеп болған.

Осыдан 2 жыл бұрын азаматынан көз жазып қалған Тамара көптің жәрдеміне зәру. 2 ұл  2 қыз тәрбиелеп отыр. Балалары да кішкентай. Айлығы да көңіл көншітерлік емес. Сондықтан баспанасын қалыпқа келтіруге халықтан көмек сұрайды.

«Қолдан келгенше, қаржылай көмек көрсетсеңіздер екен деймін. Ағайындарымыз тамақ, ыдыс-аяқ әкеліп жәрдемдесуде», - дейді жалғызбасты ана.

Қазір Рахат ауылы әкімдігі қолдауымен баспанадағы қалдықтар шығарылып жатыр. Дегенмен,  отағасы жоқ отбасы үшін бұл көмек аздық етеді. Сондықтан жалғызбасты ана көптің жәрдеміне зәру.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары