$ 494.87  520.65  4.91

Киім де – идеология...

Жыл басында қызылордалық жас мемлекеттік қызметші Мұратбек Санақұлының киім үлгісі әлеуметтік желі пайдаланушыларының көзайымына айналған-ды. Жағасы мен жеңі ұлттық оюмен көмкерілген ақ костюм алыстан «менмұндалап» тұр. Бастамаға атыраулық зейнеткер Сергей Алпатанов пен «Алаш айнасы» газетінің ұжымы да қолдауларын білдіріп жатты. Дегенмен, уақыт өте келе желідегі әңгіменің екпіні басылып қалғандай. Бастама жақсы, бірақ неге игі істі жүзеге асыру үшін биліктің бұйрығы керек? Мәселен, іргедегі қырғыз ағайын айыр қалпағын, өзбектер тақиясын ешбір бұйрықсыз-ақ ұлттық брендке айналдырып алды емес пе?!

Бүгінде қазақстандық мемлекеттік қызметшілер қалтасының қалың-жұқалығына қарамастан, бір-бірінен қалмай, әлем мойындаған брендтердің киім үлгілерін киюді әдетке айналдырған. Осы арқылы мемлекеттік қызметші этикасындағы қарапайымдылық туралы қағида іске аспай қалатын тұстар жиіледі. Мәселен, әлемнің бірқатар елдері ұстанған діні мен салт-дәстүріне қайшы келмейтін киім үлгісін әзірлеп, дресс-код (дресс-код сөзінің аудармасы «киім кодексі» деген мағына береді – ред.) жариялаған.

Дереккөздерге сүйенсек, бірнеше жыл бұрын Украина үкіметі министрлер кабинеті қызметкерлерінің жұмысқа қара көк немесе сұр түсті костюм киюін жолға қойыпты. Сондай-ақ, түрлі жылтырақ жіптермен көмкерілген және ерекше белгісі бар киім киюге де шектеу жасалған. Ал, кезінде Египет президенті болған Хосни Мүбарак өзінің алғашқы үкімет отырысында-ақ министрлерге үш талап қойған. Ол мемлекеттік қызметте жүргенде тек отандық өндірістен шыққан киім кию, мемлекеттік тіл – араб тілінде сөйлеу және жиған-терген қаржысын ел банкілерінде сақтау мәселелеріне ерекше пәрмен берген. Тәжікстанда, тіптен, мемлекеттік қызметшіге алтын тіс салуға заңмен тиым салынған.

Жоғарыда келтірілген мысалдардың бірі тиімді көрініп, екіншісі түрпідей тигенімен, мұның барлығы мемлекеттік қызметшінің қарапайымдылығын сақтауға бағытталған маңызды қадам. Аяз би атамыз секілді төрге жыртық шапан ілмесек те, халық алдында адал қызмет етіп, қарапайым қалыптан айнымас үшін бірқатар сала қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілер киіміне дресс-код жариялаған жөн шығар. Осыдан бірнеше жыл бұрын оқушылар арасында таптық бөлініс пайда болған кезеңде мектеп формасын және ұстаздарға біркелкі киім кигізу қолға алынды. Әр мектеп өз білгендерінше мектеп формасын жасады. Бірі – көк, екіншісі – сұр. Сол арқылы бүгінде оқушының қай мектепте білім алатынын айыратын жағдайға жеттік.

Мемлекеттік қызметшілерге ұлттық нақыштағы классикалық киім тігілсе, тіпті халықаралық жиындардың өзінде оның қай елдің азаматы екенін айтпай тануға мүмкіндік туар еді. Мәселен, Біріккен Араб Әмірліктері мен Үндістанның ел билеуші, мемлекеттік қызметшілеріне дейін ұлттық киімдерін халықаралық жиындарға, кездесулерге киіп барады. Классикалық үлгідегі киім кимегені үшін оларды үлкен жиыннан қуып шыққан ешкім жоқ. Керісінше, олар әлемге өздерінің мәдениетін насихаттауда. Керек десеңіз, еуропалықтардың классикасын кең етек шапанмен «күйретіп» жүр. Киім де – идеология! Біздің ұлттық оюлармен көмкерілген спорттық киімдер әлем елдерін таң қалдырғанымен, өз халқымызға сілкініс жасай алмай жатқандай. Құқық қорғау, қорғаныс саласы қызметкерлерінің погонына кішкентай болса да қазақша өрнек енгізгенімізге ғана мәзбіз.

Қазақстанның мемлекеттік қызметшілерін киіміндегі ұлттық нақыштан тани білсек, ол мемлекеттік қызметшілердің ғана емес, мемлекеттің де мерейін үстем етері сөзсіз. Себебі, әр ел тәуелсіздігін ұлттық құндылықтар арқылы бекемдей алады. Сол үшін санаға рухани сілкініс жасаудан қорықпаған жөн шығар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары