$ 494.87  520.65  4.91

Ұлттық тәрбие – өркениеттiлiк өзегi

Кімнен жасырамыз, біз жоғалтқаны көп халықпыз. «Жоғалтқанымыз көп» дегенде ишаралап отырғанымыз алтын мен күміс емес. Алпыншақ-салпыншақ кімге жолдас болған дейсіз?! Кімге опа берген дейсіз?! Біздің айтып отырғанымыз алтын-күмістен де қымбат – рухани құндылықтарымыз.

Аға буын да, орта буын да анамыздың немесе әжеміздің «қой, олай істеме, жаман болады» деген тыйымымен өстік. Оны айтқан үлкендерге «неге жаман болады?» дейміз ғой, баяғы. Еститін жауап біреу-ақ – «сол, жаман болады деген соң жаман болады!». Құдай санаңызға сәуле түсіріп жатса, ақыл тоқтата келе жақсы мен жаманның парқын өзіңіз-ақ ажыратып аласыз. Ал, мына тыйым Сізді жамандықтан сақтандырудың басы. Бойыңызға осылай жамандық жұқтырмай өсесіз. Бойына жамандық жұқпаған ұланның ертең өскенде елден алғыс емес, тек қарғыс еститін біреуге айналуы мүмкін бе? Әрине, жоқ.

Біз не жоғалтпадық? Ең алдымен жоғалтқанымыз – «Қызға қырық үйден тыйым, қала берді, қара күңнен де тыйым» деген қасиетке тұнып тұрған тәрбиеміз болды. Құдай қызды, жалпы әйел баласын бетімен жібертпесін! Қыз бетімен кетті дегенше қырық үйір қырсық шаңырағыңызға тіктеп келді дей беріңіз. Бір шаңыраққа келген қырсықтың ертең тұтас елдің проблемасына айналатынын басқа білмесе де бүгінгі қазақтың білетін уақтысы болды.

Байқайсыз ба, ең алғаш «жаман боладыдан» басталған тыйым «қызға қырық үйден тыйым...» дегенге ұласып, бірте-бірте сатылап өсе береді. Ақыры «Отанды сүю – иманнан» дегенге тоқтайсыз. «Жаман болады» мен «Отанды сүю – иманнан» дегеннің арасы тұтас ұлттың рухани ғұмыры.

Сонымен, қырық үйден тыйым көрмей өскен қыздарымыз өздері де ана атанды. Енді олардан туған... Ұлымыз шүршіттен әйел алып, қызымыз зәңгінің немесе қытайдың етегінен ұстап, солардың кір-қоңын жууға арланбайтын болды. Жарайды, қыз – жат жұрттық, ал, жатты жар қылған ағаның немесе інінің ұрпағы ертең кім болады? Әулетті сақтау дегеніңіздің қазақ үшін ең өзекті мәселе – текті сақтау деген мәселеге барып тірелетініне енді көзіңіз жетті ме?!

Мұның бәрін не үшін айтып отырмыз? Таяуда ғана қолымызға «Он бес үй» атты жанры да, түр-тұрпаты да бөлектеу бір кітап тиді. Дұрысы, естеліктер жинағы. Бәлкім, естелік дегеннен де гөрі Қамзабек ақсақалдан тараған бір үйдің перзенттерінің (ал, олар бүгінде он бес үй болған) өмірден өткен ата-аналары, жалпы, әулеттің үлкендері туралы тағлымға толы әсерлі әңгімелері деген анықтауыш дәл келетін шығар. Жә, гәп кітаптың жанрында да емес, гәп оның не айта алғандығында. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде «Он бес үй» өзінің алдына қойған мақсатын толық орындап шыққан.

Бір сүйсінерлігі, естелік айтушылар «біздің әкеміз елден асқан батыр еді» немесе «ұлтының қамын ойлап, түн баласы көз ілмейтін» деген сияқты даусы аспан әлемінен ғана естілетін «пафоспен» сөйлемейді. Әркім әңгімені өз биігінен ғана айтады. Содан да болар, жинаққа енген естеліктер барынша шынайы. Жалғандықтан ада. Есесіне әр естелік тағлымды тәрбиеге тұнып тұр. Мысалы...

Мысалы, үйдің үлкені Әмірхан ағаның өткеніне көз жіберіңізші. Әмірхан аға әсіресе Астархан көкесіне келгенде жомарт сөйлейді. Кешегі үлкендерге деген мұңлы сағынышын оқырманнан жасыра алмай қалады. Астархан жігіттің қарашай сұлуы Хафизаға ғашық болуы өз алдына бір хикая болса, үлкендердің Мәжнүннің күйін кешіп жүрген ұлдарына тыйым салуы өз алдына бір хикая. «Жоқ, болмайды! Ертең біреулер немереңнің нағашысы кім деп сұраса не айтамын?!»

Бұл – әулеттің үлкенінің кесімді сөзі еді.

Ал, енді осы жалғыз жолдың астарына үңіліп көрдіңіз бе? «Немереңнің нағашысы кім деп сұраса не айтамын?» Ең бірінші орынға ұрпағының қанының тазалығын қойған қайран, кешегі қариялар-ай, десеңізші! Бүгінгі аста-төк заманда бәрі де жетеді. Жетпейтіні Сіздер ғана болып тұрсыздар ғой... Қызын жатқа беру былай тұрсын, ұлына жаттан қыз алдырмайды-ә. Тек бұзылады дейді. Ұрпағым тексіз болады деп уайымдайды. Еске қырғыздың манаптары қызын беріп тұрғанда «ертең тегім бұзылады» деп алмай кеткен Кенесары хан түседі... Мұның өзі тек мәселесіне келгенде қазақтың ханы мен қарасының бірдей дәрежеде ойлана алатынын көрсетіп тұрған жоқ па?!

Енді Клараның әңгімесіне назар аударыңыз. «Бала күнімізде біз атамның тізесіне таласатынбыз. Екі тізесі кімге жетеді, бірақ соның амалын тауып кезектестіріп отырғызатын. Ұлдарға кейде қатал болу керек шығар, атам қыздарын соншалықты мәпелейтін».

Не аңғардыңыз? Қазақтың қонақ сыйлайтындығы рас болса, ең бірінші қонақ қыз емес пе?! «Мынау менің жаңа форматта даярланған пәленбай деген жобам еді» деп мемлекеттен қыруар ақша алып, жұрттың миын қатырып жүрген бүгінгінің қаратаяғының әңгімесі қандай, кешегінің қариясының әрекеті қандай? Жаныңызға қайсысы жақын? Ұлтқа осы екеуінің қайсысы көбірек пайда әкеледі? Жауабын мен айтпай-ақ біліп отырғандарыңызға бек сенімдімін.

Аталған кітапта мұндай штрихтар, ұлтқа ұлағат ретінде ұсынылатын детальдар жетіп артылады. Бұл бір әулеттің ғана көркем шежіресі деп ойласаңыз қателесесіз. Мұнда кешегі қазына қарияларымыздың ұрпаққа деген тағлымды өнегесі жатыр. Тек оқыңыз. Сосын ойланыңыз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары