Астана қаласында қазіргі заманғы және қуатты технологиямен жабдықталған контейнерлік алаңы бар көліктік-логистикалық орталықтың (КЛО) құрылысы аяқталуға жақын. Дер кезінде қолға алынған жалпы құны 151 миллион доллар тұратын ауқымды жобаға «ҚТЖ» ҰК» АҚ еншілес кәсіпорны «КТZ Express» АҚ арқау болуда.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің барлық деңгейдегі инфрақұрылымын дамыту мәселесіне бірінші кезекте басымдық беріп отыр. Мемлекет басшысы «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында «Бірінші. Көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамыту. Ол макроөңірлерді хабтар қағидаты бойынша қалыптастыру аясында жүзеге асырылатын болады. Оның үстіне, инфрақұрылымдық қаңқа Астанамен және макроөңірлерді магистральді автомобиль, теміржол және әуе жолдарымен шұғыла қағидаты бойынша өзара байланыстырды», деп атап көрсетті. Осыған байланысты еліміздің өңірлерінде көліктік-логистикалық хабтарды құру ісі қолға алынды. Соның бірі Астана қаласындағы көліктік-логистикалық орталық болмақ. А273 көшесі мен Астана – Қарағанды тас жолының қиылысында, Қырқыншы стансаның маңайында орналасқан, үлкен контейнерлік алаңы, құрғақ және климаттық жүк сақтау қоймасы, алып сауда орталығы бар көліктік-логистикалық орталықтың құрылыс аумағында абаттандыру жұмысы қызу жүзеге асырылуда. Сөйтіп, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне жан-жақты дайындық үстіндегі елордада тиімді логистикалық тізбек қалыптаспақ. Мәселен, қауырт қимылдардың нәтижесінде қоймалар кешеніне жеткізілген тауарлар тиісті сөрелерге орналастырылады. КЛО орталығында қазір тоңазытқыш-мұздатқыш камералар іске қосылып, тауар сақталатын қоймалар сынақтан өткізілуде. – Бірінші, негізгі кезең мәре сызығын кесуге тақалып, екінші кезектегі жұмыстар көп күттірмей бастау алады деп жоспарлануда. Жұмыс көлемі көп, оларды уақтылы еңсеруге тырысудамыз. Жалпы, көліктік-логистикалық орталықтардың артықшылығы сол, көлік қатынасына да, өндірістік-техникалық, өнеркәсіптік жүк пен халық тұрмысында кеңінен қолданылатын кез келген азық-түлік тауарларын түсіріп, қайта тиеуге де, шоғырландырып, өңдеу қызметтерін көрсетуге де ыңғайлы болуы тиіс. Бүгінде Астана және Шымкент шаһарларында «А+» сыныбындағы заманауи КЛО құрылыстары салынып, пайдалануға берілуде. Білікті мамандар тұсаукесер рәсімдерінен соң игілікті істерге білек сыбана кіріседі, – дейді Астана КЛО құрылысын басқару мен бақылауға жауапты «Continental Logistics» ЖШС-нің техникалық директоры Тілекжан Нұркенов. Астана көліктік-логистикалық орталығы болашақта халықаралық және республикалық, қалалық және өңірлік жүк ағынын ортақ арнада тоғыстырмақ. Жаңа теміржол вокзалымен көршілес 51 гектар жер теліміндегі алғашқы құрылыс кезегі аяқталды. Пайдалануға берілген құрғақ жүк қоймасының аумағы 27650 шаршы метрді, климаттық қойма 11520 шаршы метрді құрайды. Контейнерлік алаң 8 гектар жерді алып жатса, сауда үйі 24000 шаршы метрді алып жатыр. Келесі кезекте әкімшілік-тұрмыстық кешен мен қонақүй тұрғызылады екен. Контейнерлік терминалдарға жеке-дара тоқталсақ, алаң плиталары 100 тн/м2 жүктемені қиналмай көтеріп, бұл аумаққа бір уақытта 4000 ТЕU жүк орналасады. Контейнерлік кран бірден 45 тонна жүк көтереді. Осы орайда, бертінге дейін бұрынғы Кеңес одағы дәуірінен қалған инфрақұрылымды пайдалануға мәжбүр болған елімізде терминал-қоймалар желісі халықаралық бағалау дәрежесінде соңғы «С» санатына және одан да төмен жайғасқаны біраз жайтты аңғартса керек. Енді орталықтандырылған, кедендік қосыны кәдеге жарайтын, жабық немесе ашық вагондарды стансадан жеткізу, кедендік ресімдеу, ақауларды сұрыптау, жарамсызын жою сынды қосымша қызметтермен шұғылданатын көліктік-логистикалық орталық нарыққа соны леп әкелмек. Тағы бір айта кететін мәселе, ет пен балық, жеміс-жидек, көкөніс секілді тағам түрлерінің тез бұзылмауына рефрижераторлар қызмет көрсетпек.
Көлік және коммуникация министрлігі 2016 жылға дейін көлік саласын дамыту жоспарын бекітті. Аталған жоспар 2014 жылғы еліміздің әлеуметтік-экономикалық саясатының бірінші кезекті іс-шаралары жол картасын іске асыру аясында жасалған. Оған транзитті ұлғайту, инвестициялар мен жаңа технологияларды тартуға бағытталған 70 іс-шара кірген. Бұл жайында кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дәстүрлі брифингте Көлік және коммуникация министрлігі Көліктік бақылау комитетінің төрағасы Әсет Асавбаев айтты. «Көлік және логистикалық инфрақұрылымды әртараптандыру мақсатында министрлік нақты іс-шаралар кешенін жоспарлады. Оның негізгі бағыттарына мемлекет жекеменшік серіктестігі тетігін пайдаланып, шетелдік инвестицияларды тарту және біріккен ұйымдар құру арқылы Ақтау теңіз портында 3 құрғақ жүк терминалдарын салу, «Қорғас – Шығыс жолдары» арнайы экономикалық аймағы «Жезқазған – Бейнеу» теміржол желісінде қозғалысты ашу кіреді», деді Көліктік бақылау комитетінің төрағасы. Қазіргі таңда министрлік портты солтүстік бағытқа қарай кеңейту жұмыстарын жүргізуде. Әсет Асавбаевтың айтуынша, порттың кеңейтілуі оның өткізілім мүмкіндігін, құрғақ жүкті ауыстырып тиеуді жылына 2,5 млн. тоннаға көбейтпек. Сондай-ақ, жоспар бойынша «Қорғас – Шығыс жолдары» АЭА аймағында құрғақ порт құрылысын қамтамасыз ету шаралары да қарастырылған. «Жетіген – Қорғас» теміржолы мен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі әлеуеттерін пайдаланып, құрғақ порт салу ірі логистикалық хаб қалыптастыруға жағдай жасамақ. Автомобиль, теміржол және әуе инфрақұрылымымен байланысты контейнерлік, жүк және қойма қызметтерінің интеграциясы Азиядан Батыс Еуропаға, ТМД және Шығыс бағытына жүктерді тасымалдайтын клиенттерге бір жерде логистикалық қызмет көрсетуге мүмкіндік бермек. Порттың құрылысы 2014 жылдың шілдесінде басталады. Сонымен қатар, «Жезқазған – Бейнеу» темір жол желісінде қозғалысты ашу жоспарланған. 2013 жылы «Жезқазған – Бейнеу» және «Арқалық – Шұбаркөл» теміржолдарының бас бағыттарын түйістіру іске асырылған. Аталған учаскелерде құрылыстың жалғастырылып жатқанына байланысты, стансалар мен разъездердегі инфрақұрылым нысандарын және әлеуметтік-тұрмыстық ғимараттар салуға 10 мыңнан астам адам жұмылдыру көзделген.
Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ вице-президенті Роман Скляр мен компанияның Көліктік логистикасын дамыту орталығы филиалы директорының орынбасары Абдур-Рашид Сәкенов баспасөз мәслихатын өткізді. Онда «Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру, ұлттық көліктік-логистикалық инфрақұрылымды тиімді дамыту» тақырыбында әңгіме қозғалды. «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында ұлттық көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту – Қазақстан аумағындағы транзиттік жүк ағынын тартуға қолайлы жағдай жасауға міндеттейді. «Бұл тапсырманы орындау мақсатында өткен жылы бірқатар жобалар іске қосылып, пайдалануға берілді. Атап айтқанда, 13 станса мен 32 жол айрығынан тұратын Жезқазған-Бейнеу теміржол желісі салынды. Жол пайдалануға берілген уақыттан бастап 3 млн. тонна жүк діттеген жеріне осы жаңа желі арқылы жеткізілді. 900-ден астам жүк пойызы өткізілді. Қазақстан, Түрікменстан, Иран арқылы өтетін Өзен-Берекет-Горган жаңа теміржол желісі табысты жұмыс істеп жатыр. Үстіміздегі жылы Болашақ-Серхетяка шекаралық бекеті арқылы 1 млн. тоннадан астам жүк тасымалданды», деді ол. Оның сөзіне қарағанда, құрғақ порт, логистикалық және индустриялық аймақ, сонымен қатар «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА инфрақұрылымы нысандарының құрылысы белгіленген кесте бойынша жүргізіліп жатыр екен. Бүгінгі таңда аталмыш жобаны жүзеге асыруға 75 қатысушы тіркеліпті. Арнайы экономикалық аймақ нысандарын жүзеге асыруға әлемдегі ірі компанияларды тарту шаралары жалғасын тауып жатыр. Ал, еліміздің экспорттық әлеуетін дамытуда батыс өңірдің көліктік жүйесін жетілдіруге зор көңіл бөлінуде. Жылына 3 миллион тонна жүк өңдеу қуаты бар үш жаңа жүк терминалын ашу арқылы Ақтау теңіз портының әлеуетін арттырып, Каспий бойындағы жүк тасымалының 25 пайызын қамтуға болады. Құрық теңіз портынан жылына 4 млн. тонна жүк өңдейтін паром кешенінің құрылысы басталыпты. Биылғы жылы Боржақты-Ерсай жаңа теміржол желісін пайдалануға беру арқылы жағалаудағы индустриялық жобалардың инфрақұрылымдық негізі жасалады екен. Елдің транзиттік әлеуетін арттыру, тасымалдау үдерісінің тиімділігін көтеру, Алматы-Шу теміржол телімінің тасымалдау уақытын қысқарту мақсатында екінші теміржол желісінің құрылысы да басталып кетіпті. Осыны айтқан Абдур-Рашид Сәкенов, таяу болашақта Астана әуежайында ұшу-қону алаңын қайта жарақтандыру мен жаңа терминал құрылысын жүзеге асыру жоспарланып отырғанын жеткізді. Баспасөз мәслихаты спикерлерінің сөзіне илансақ, бұл қолға алынған көліктік инфрақұрылымды дамыту шаралары еліміздің транзиттік әлеуетін дамытуға қолайлы жағдай туғызып, экономикалық өсімді қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ, жақында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-та 2014 жылдың жұмыс қорытындысы мен 2015 жылға арналған басымдықтар бойынша кеңес өткізілді. Кеңес барысында ҚТЖ президенті Асқар Мамин компанияның өткен жылғы жұмыс қорытындысын жасап, 2015 жылға арналған басымдықтары туралы баяндады. «Компания жалпы жүк тасымалының төмендегеніне қарамастан 2014 жылды 166,5 млрд. теңге таза кіріспен қорытындылады. Ол жоспарлы көрсеткіштің 56% пайызға артқандығын көрсетеді. Бұл түсім қосымша жүктерді тарту, коммерциялық транзиттік жүктердің көбеюі, сонымен қатар шығындарды 61 млрд. теңгеге қысқарту арқылы орындалды. Жалпы жүк тасымалының төмендеуі қазақстандық экспорттық тауарларға халықаралық нарықтан сұраныстың азаюы, аймақтағы сауда көлемінің төмендеуінен орын алды», деп атап өтті А.Мамин. «Қазіргі таңда, компания кірісінің 25% транзиттік тасымалдан түскен. Біз оны таяу болашақта 50%-ға дейін көтеруіміз керек», деп толықтырды осы орайда компания басшысы өз сөзін. «2014 жыл компанияның соңғы жылдары жүргізіп жатқан стратегиялық даму бағдарламасының тиімділігін әрі дұрыстығын уақыт көрсетті. Компания ұзақ мерзімді даму кезеңінде ішкі және халықаралық нарықта мультимодальдық және транзиттік тасымалдардың үлесін арттырады. Оған жоғары сапалы бәсекелестікке сай көліктік-логистикалық қызмет өнімін, дәстүрлі тәжірибелерді жетілдіре отырып саладағы әлемдік жетекші компаниялардың деңгейіне дейін көтеруіміз қажет», деді ол. Компания былтыр аса ірі жобаларды жүзеге асырды. Оның ішінде жалпы ұзындығы 1200 шақырымдық Жезқазған – Бейнеу және Арқалық –Шұбаркөл, сондай-ақ, пайдалануға берілген трансқұрлықтық «Өзен – Берекет – Горган» жол телімінің қазақстандық бөлігінің құрылысы 2013 жылы аяқталған болатын. Ақтөбедегі рельс-арқалық зауыты ресми түрде ашылды. «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА құрғақ портының 1-ші кезегі пайдалануға беріліп, Ляньюньган теңіз портындағы логистикалық терминалдың құрылысы аяқталды. Боржақты – Ерсай теміржол желісінің құрылысы басталып, Астана мен Шымкент қалаларында көліктік-логистикалық орталықтардың құрылысы жүргізілуде. Стратегияның кезең-кезеңіне орай, трансформациялық басқару жүйесіне көшу, тапсырыс берушілердің ыңғайына қарай бейімделу үдерістеріне сәйкес қызмет көрсету тиімділігі мен сапасын көтеру, корпоративтік мәдениетті жасақтау жалғасуда. Кеңесті қорытындылай келіп, Асқар Мамин Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы тапсырмаларды тиянақты орындауға тоқталды. «Алдағы бес жылда мемлекеттік дағдарысқа қарсы жоспарды жүзеге асыруда көліктік инфрақұрылымды дамытуға баса назар аударылған. Біз компанияны дамытудың барлық стратегиялық бағыттарында жұмыстарымызды белсенділікпен атқарып, көліктік инфрақұрылымды жедел дамытып, көліктік-логистикалық бәсекелестікке сай қызметті жасақтап, еліміздің транзиттік әлеуетін жүзеге асыруымыз қажет», деп компания басшысы басым бағыттарға тоқталды.
Қазақстан мен Қытайдың бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы (ШМЫХО) қазір әлемде теңдесі жоқ бірегей жоба саналады.
Техникалық экономикалық негіздемесі бойынша 2018 жылы толыққанды іске қосылатын бұл орталықтың жалпы аумағы - 528 гектар. Оның 185 гектары Қазақстан, 343 гектары Қытай аумағында орналасатын болады. Қазіргі таңда оның Қытайдағы аумағында бүтіндей бір қалашық бой көтеріп, сауда орындары өз жұмысын бастап кетті. Мәселен, онда 22-27 қазан аралығында өткен Бірінші импорттық-экспорттық тауарлар жәрмеңкесінде Цзян-Юань халықаралық сатып алу орталығының бас директоры И. Ваньсиннің айтуынша, 50 миллионға жуық юанның саудасы жасалыпты. Ал жәрмеңке бұдан бөлек Сусинь және Чжункэ орталықтарында да өткенін ескерсек ондағы сауданың көлемі бұдан 3 есе жоғары болғаны анық.
«Қорғас» ШМЫХО» АҚ-ның вице-президенті Ерік Есенбаевтың сөзіне қарағанда, 2012 жылдың 18 сәуірінен бастап келушілерді тіркеуге алуды жүзеге асырып жатқан 1-бақылау өткізу пунктінен орталықтың қытайлық бөлігіне 13 мыңға жуық адам өткен. Оның 10 719-ы Бірінші импорттық-экспорттық тауарлар жәрмеңкесінде тіркелген. Олардың 10 562-сі Қазақстан азаматтары болса, 157-сін АҚШ, Ауғанстан, Германия, Жапония, Израиль, Канада, Корея, Үндістан және ТМД сияқты 18 елдің өкілдері құраған. Тәулігіне 10 мыңнан астам адамды өткізуге қауқарлы бұл пунктен қазіргі таңда жай күндері - 200, ал демалыс күндері 300 адам өтетін көрінеді. Биыл онда енді 1-бақылау өткізу пунктінің жүк таситын нысанының құрылыс аяқталмақ. ҚР Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің мәліметі бойынша, орталықтан осы уақытқа дейін бюджетке кедендік төлемдер мен салықтардан 59 миллион теңге қаржы түскен. Сонымен қатар 78 тонна тауар мен 694 кедендік кіріс ордерлері рәсімделген.
Қазіргі таңда 111 инвестициялық нысандардың 22-cі бойынша 35,8 млрд. теңгенің келісімдері жасалған. Мәселен, 1 наурызға дейін көліктік-қайтатиеу терминалдары аймағындағы нысандарға 1,2 миллиард теңгенің жеке инвестициясы салынған. Сондай-ақ «Қазпошта», «Базис», «Тұран Экспрес-Карго», «ТРАНКО», «Золотой Феникс» компаниялары инвестициялық нысандардың құрылыс жүргізуге ниет білдіріп, одан ары да ықпалдасу үшін белсенді түрде жұмыстар жүргізуде. Жалпы «Қорғас» ШМЫХО-дағы барлық ішкі және сыртқы инфрақұрылым мен инвестициялық, коммерциялық нысандардың құрылысы 2016 жылы аяқталып, 2018 жылы ол толыққанды қызмет істей бастамақ. Оның жанындағы «Алтынкөл» темір жол бекеті Қазақстан-Қытай Трансазиялық теміржол магистралы бағытының бөлігі болып отыр. Енді алдағы 2-3 жылдың ішінде салынатын «Қорғас» ШМЫХО мен темір жол арасында «Батыс Еуропа-Батыс Қытай автомагистралі салынбақ. «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы мен «Қорғас» ШМЫХО, Жетіген-Қорғас темір жолы, Батыс Еуропа-Батыс Қытай автомагистралі сияқты негізгі 3 элементі үлкен логистикалық хабты дамыту үшін барлық жағдай жасамақ. «Алтынкөл» темір жол бекетінің бастығы Вячеслав Мироновтың айтуынша, қазір олар күніне 217 контейнер тиеуде. 2012 жылдың 22 желтоқсанында алғашқы пойызды қабылдаған олар қазірдің өзінде 1 миллион 350 мың тонна жүк тиеп, қазақстандық жаңа рекордқа қол жеткізіп отыр. «Достық» темір жол бекеті жүк тиеуде өзінің алғашқы миллион тоннасына 4 жылдан кейін ғана қол жеткізген болатын. Біз бұл межені биыл 1 қыркүйекте бір жылға жетер-жетпес уақыттың ішінде бағындырдық. Тиелген жүктің көлемі бүгінгі таңда тәулігіне 217 контейнерді құрауда. Ондағы ең жоғарғы тәуліктік көрсеткіш 350 контейнер болды. Мен «Достық» бекетін Қазақстанның Қытаймен арадағы жүк тасымалында оң қолы, ал «Алтынкөлді» сол қолы деп санаймын. Қазір Қазақстан онда қос қолымен бірдей жұмыс жасауда», - дейді В.Миронов. Бұған дейін «Достық» темір жол бекетін басқарған ол онда жинақталған тәжірибесін енді «Алтынкөлде» толық жүзеге асыруға жұмсамақ. Оның айтуынша, арағанда бүгінгі таңда әлемде мұндай 56 «құрғақ айлақ» бар. Мәселен, ешқандай табиғи қазба байлықтары жоқ Сингапур көліктік логистикалық орталық құру арқылы жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімінің көлемі бойынша дүние жүзінде 2-3-орында келе жатыр. Ал БАӘ-дегі Дубайдағы «құрғақ айлақ» қаланың жалпы ішкі өнімінің 55 пайызын береді. Олар да Қазақстанның аймақта ірі көліктік-логистикалық орталық құрып жатқанын естіп, арнайы келіп бәрін өз көзімен көріп, жобамен танысқан соң болашақта бірлесіп жұмыс істеуге мүдделі екендіктерін жеткізген. Тіпті арабтар бұл жобаны жасауға да қатысқан көрінеді.
Жалпы «Қорғас» ШМЫХО жалпы аумағы 5740 гектарды құрайтын «Қорғас-Шығыс қақпасы» шекара маңы сауда-экономикалық аймақ» арнайы экономикалық аймағы үлкен жобасының бір бөлігі саналады. Ал «Қорғас» ШМЫХО-ны құру үдерісі 2 кезеңнен тұрады. Онда 2005-2010 жылдардағы дайындық кезеңінде нормативтік-құқықтық базаны қалыптастыру, аймақты дайындау және жоспарлау, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу және орталықты қамтамасыз ететін инфрақұрылым нысандарының құрылысы жоспарланды. Сонымен қатар 2006 жылы 2006-2018 жылдарға арналған инвестициялық кезеңді жүзеге асыру басталды. Онда ұйымдастыру және инвестициялық іс-шараларға, әсіресе орталық аумағындағы нысандарды салу және одан әрі пайдалану бойынша инвестициялық байқаулар өткізуге белсенді қатысатын жеке инвесторлар тарту болжанған болатын. Құны 382 728 млн. теңгені (3,1 млрд. доллар) құрайтын бұл жобаға жұмсалатын қаржының 73 728 миллион теңгесі республикалық бюджеттен, 309 154 млн. теңгесі жеке инвестициядан қаржыландыру көзделіп отыр. Онда инфрақұрылымның құрылысын мемлекет қаржыландырса, коммерциялық нысандар жеке инвестиция есебінен салынбақ. 2011 жылы шілдеде орталықтың мемлекеттік пакетініндегі ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті акциясы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ-на сенімді басқаруға берілген болатын. Ерік Есенбаевтың сөзіне қарағанда, қазіргі таңда жобаның тұжырымдамасы қайта қаралып жатыр. Өйткені инвесторлар тарапынан этнопарк пен музейлерге инвесторлар тарапынан қызығушылық аз болуда. Бастапқы кезде 185 гектар алқаптың 3 гектарында «Оңтүстік» әкімшілік-техникалық орталық; 3,1 гектарында мейманханалар; 3,3 гектарында Халықаралық туристік орталық; 4,5 гектарында су іріккіш құрылыс; 4,7 гектарында Халықаралық іскерлік ынтымақтастық орталығы; 5,3 гектарында «Солтүстік» әкімшілік-техникалық орталық; 6 гектарында спорттық-сауықтыру аймағы; 6,5 гектарында мәдени-көрме аймағы; 10 гектарында аймақтық ынтымақтастық пен шағын бизнес орталығы; 16,6 гектарында 19,2 қонақ үй туристік кешендерімен этнографиялық парк; 38,4 гектарында сауда-көрме аймағы орналасады деп жоспарланған еді.
Ерік Қабышкенұлының пайымдауынша, орталықтағы құрылыс жұмыстарының қарқындылығын салыстыруға болмайды. Себебі оның қытайлық бөлігінде инфрақұрылымның негізі бұрыннан қалыптасқан болса, қазақстандық аумақта оның бәрі жаңадан жүргізілді. Мәселен Жетіген-Қорғас темір жолын салу кезінде 1700 құрылыс техникасы мен 5 мың адам жұмыс жасады. Онда 28 көпір, екі суағар, 301 су өткізу құбыры, 293 шақырымға рельс торкөздері төселді. 70 шақырымдық станциялы жол салынды. 322 шақырымға электрмен қамту, орталықтандырылған байланыс және электр жүйесі, оптикалық талшықты желі тартылды. Бекеттер мен жол айрықтарында қызметтік техникалық ғимараттар, инженерлік коммуникациялық ғимараттар бой түзеді. Ал теміржолды пайдалануға бергеннен кейін 2055 адамға тұрақты жұмыс орны құрылды.
Жетіген-Қорғас темір жолының іске қосылуы ел экономикасының көлік қатынасы секторының бәсекелестігін өсірді. Қытаймен Қазақстанның оңтүстік өңірі мен Орталық Азия елдері арасындағы темір жол тасымалы қашықтығы 500 шақырымға қысқарды. Ол «Қорғас-Шығыс қақпасы» шекара маңы сауда-экономикалық аймақ» арнайы экономикалық аймағы жобасы бойынша жүзеге асатын шараның бірі болатын. Онда жылына 20 миллион тонна жүк өткізетін «құрғақ айлақ»; халықаралық деңгейдегі жүгі бар әуе кемелерін қабылдауға арналған әуежай; өнеркәсіптік-өндірістік аймақтағы жалып аумағы 600 гектарда орналасатын 30 өнеркәсіптік кәсіпорын; Алматы қаласы мен Қорғас кенті аралығында 360 шақырымдық жоғары деңгейдегі төрт жолақты автомобиль жолы; 70 мың тұрғынға арналған есептелген қала салу қарастырылған.