$ 494.87  520.65  4.91

«Сәтті қадам» жобасының жаңа кезеңі бастау алды

«Нұр Отан» партиясының мұрындық болуымен «Сәтті қадам» жобасының жаңа кезеңі бастау алды. Үстіміздегі жылдың 23 шілдесінен бастап еліміздің барлық аймақтарында жастардың тәжірибеден өтуін ұйымдастыратын «Сәтті қадам» жобасының жаңа кезеңіне қатысуға құжаттарды қабылдау басталды.

Жастар арасында жұмысқа орналасу мәселесі ең өзекті тақырыпқа айналғаны жасырын емес. Жас мамандар қолына диплом тиген соң біраз уақыт жұмыс іздеп, уақыт жоғалтады. Мәселенің маңызын бақылай келе, жастардың өтінішіне байланысты «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» ЖҚ жоғары оқу орындарының түлектеріне тәжірибеден өтуін ұйымдастыратын «Сәтті қадам» жобасын жүзеге асырды. Аталған жобаның қатысушылары келесі ұлттық компанияларда, орталық және жергілікті органдарда тәжірибеден өтуге мүмкіндіктері бар: «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ, «Парасат» ұлт­тық ғылыми-технологиялық хол­дин­гі» АҚ, «ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Ха­лық­аралық бағдарламалар орталығы» АҚ, «Астана Innovations» АҚ, «Қа­зақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ, «Ұлттық медицина холдингі» АҚ, «ҚТЖ» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ. Жобаның жаңа кезеңінің бас­талуы аясында еліміздің барлық аймақтарының жоғары оқу орындарында жобаны таныстыру шаралары өтті. Үстіміздегі жылдың 23 шілдесі мен 23 тамызы аралығында «Сәт­ті қадам» жобасына қаты­суға ниет білдірушілердің құжат­тарын қабылдау жүреді. Тәжіри­бе­ден өтетін компаниялар мен мемлекеттік органдардың тізі­мі біршама толықтырылып, олар­дың жалпы саны 200-ден асты. Жобаның жұмысы барысында 1500 үміткерден ұсыныс түсіп, олардың ішінен 330-ға жуығы еліміздің алдыңғы қатарлы компаниялары мен мемлекеттік ұйымдарында тәжірибеден өтуге бағытталған болатын. Тәжірибе қорытындысы бойынша жұмысқа орналасқан адам саны – 45. Жобаға қатысу үшін үміткер өз түйіндемесін, толтырылған жеке анықтамасын, диплом және оның қосымшасының көшірмесін – satti_kadam@zhasotan.kz электронды поштасына жіберуі тиіс. Ұлттық компаниялар мен мемлекеттік ұйымдардың тізімін, сонымен қатар, жобаның ережесі туралы толық ақпаратты www.zhasotan.kz сайтынан білуге болады. «Сәтті қадам» жобасының қа­тысушысы Бибігүл Ақбаева: «Сәтті қадам» жобасына қатысудағы бас­ты мақсатым – бәсекеге қабілетті, жоғары кәсіби маман атану болған. Менің ойымша, мұндай жобалар жастар үшін үлкен мүмкіндік болып табылады!». «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ ұйымдастыру-бақылау бас­қармасының бастығы Әлмира Әмірова: «Қазақстанда белсенді жас­тар аталмыш жобаға атсалысып, тәжірибеден өтіп, жұ­мыс­қа тұруға мүмкіндік алып жат­қандары қуантады. Жобаның 3 кезеңінің бастау алып жатқанына қарағанда, оның жастар арасында сұранысқа ие болғанын, жастар мен қоғам арасында өзіндік орнын тапқанын аңғаруға болады. Меніңше, алдағы уақытта талай жастардың тағдырын өзгертіп, мамандық таңдауда қателеспеуіне мүмкіндік жасайтын бірден-бір жоба – осы «Сәтті қадам» жобасы болмақ».

«Сәтті қадам» партиялық жобасы аясында 400-ден астам ЖОО түлектері 200-ден астам ұлттық компания­лар мен мемлекеттік органдарда үш ай тәжірибеден өтулерін бас­тайды. «Сәтті қадам» жобасына барлық аймақтан қатысуға 1 874 өтінім келіп түсті. Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша 407 адам Қазақстанның ұлттық компаниялары мен мемлекеттік органдарында тәжірибеден өтуге жолданылды. «Жас Отан» жастар қанатының «Сәтті қадам» жобасы жастарға Қазақстанның бас ұйымдарынан тәжірибе жинауына және алған мамандықтары бойынша кәсіби біліктілігін арттыруларына мүм­кіндік береді. Жобаның қатысушылары тәжірибеден ұлттық компаниялардан, атап өтсек, «Бәйтерек» ҰБХ», «Парасат» ҰҒТХ», «ЭКСПО-2017» ҰК», «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Халықаралық бағдарламалар орталығы», «Астана Innovations», «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК», «Ұлттық медицина холдингі», «ҚТЖ» АҚ, сонымен қатар, министрліктер және еліміздің алдыңғы қатарлы мемлекеттік органдарынан өте алады. Тәжірибеден өтуге жоғары оқу орнын бітірген жастар ғана қатыса алады. Мысалы, Қаржы министрлігінде жоғары оқу орнының 6 түлегі тәжірибеден өтті. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі стратегиялық даму департаменті басқармасының басшысы Есілбаева Анардың айтуынша, аталмыш жоба Қазақстан Республикасының еңбек жолында қойылатын талаптарға сәйкес бейімделуіне үлкен мүмкіндік береді. Кез келген білім беру жүйесінде практика мен теорияның айырмашылығы болып жатады, ЖОО студенттерінің алған білім мен заман талабына сәйкес сұраныстары екі бөлек дүние. «Сәтті қадам» жобасының аясында тәжірибеден өту осы айтылған кедергілердің алдын алуға, сонымен қатар мемлекеттік органдарда жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді. Үш адам «Болашақ» АҚ-та тәжірибеден өткен. «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ жоғары оқу орындары түлектерімен байланыс бөлімінің басшысы Мақсат Даулиев: «Меніңше, дәл осы жоба жұмыс өтілімі жоқ жас­тар үшін ең тиімді. Жұмысқа орналасар кезде кедергілер көп, жұмыс тәжірибесі жоқ, «ағасы», «көкесі» дегендей мәселе тағы бар. Әрбір адам өз мамандығы бойынша қалаған жұмыс орнында қызмет етуге құқылы деп санаймын. Дәл осы жоба жастардың мүмкіншіліктерін толықтай көрсетіп, жұмыс берушіге әділ шешім қабылдауына мүмкіндік береді», дейді. 2013 жылмен салыстырғанда түскен өтінім де, бітіруші түлектер саны да, іріктеуден өткендер де 25%-ға  өскен. Алдыңғы жылы 1500 адамнан 330-ы ғана тәжірибе алуға жіберілген болатын. Алдыңғы жыл­­дың қорытындысы бойынша 45 адам тәжірибеден өткен орындарында жұмысқа орналасқан. Осы жоба аясында жұмысқа орналасқан Айдана мен Әлия өз пікірлерімен бөлісті. «Сәтті қадам» жобасының қатысушысы Айдана Омарова: «Іздегенім алдымнан шықты деп айта аламын. Қай салада жұмыс атқарғым келетінін білемін, бірақ жұмыс өтілімім жоқ. Ал жоба аясындағы тәжірибе жинау маған жұмыста өзімді көрсетуіме мүмкіндік беріп отыр» десе, жо­баның тағы бір қатысушысы Әлия Елубаева: «Жоғары оқу орнында берген білім және жұмыс орнындағы талаптар екі түрлі дүние болып жататын кездер болады. Менің ойымша, дәл осы жоба ЖОО бітірген түлектерге екі жақтың да сұранысын байланыс­тыра білуге бағытталған. Білім алу ешқашан кеш емес! Және әрбір жұмыс орны – ол тағы да бір университет курсы», дейді.

Дуальді оқыту әдісі әлемдік тәжірибеде бар: яғни, студентті оқу орны мен өндірісте қатар оқыту. Бұл әдіс  Германия, Австрия, Дания, Нидерланды, Швеция, Англия, Оңтүстік Корея сияқты дамыған мемлекеттерде жүзеге асуда. Мысалы, Германияда кәсіптік мектеп оқушысы бір аптаның 3,5 күнінде өндірісте, ал қалған 1,5 күнде оқу орындарында теориялық білім алады екен. Елбасы биылғы Жолдауында: «Қазақстан-2050» Жаңа бағытын ескере отырып, Үкіметке 2013 жылдан бастап халықаралық үлгідегі куәліктер беру арқылы инженерлік білім беруді және заманауи тех­никалық мамандықтар жүйесін дамытуды қамтамасыз етуді тапсырамын. Кәсіби-техникалық және жоғары білім ең бірінші кезекте ұлттық экономиканың мамандарға деген қазіргі және келешектегі сұранысын барынша өтеуге бағдар ұстауы керек. Көп жағынан бұл халықты еңбекпен қамту мәселесін шешіп береді» деді. Бұл бастама арқылы еліміздің кәсіптік-техникалық білім беру саласына жаңа жүйе – дуальді оқыту әдісі қосылды. Бұл күндері облыс орталы­ғын­дағы «Химиялық-механикалық колледждің» 3-ші курсында оқи­тын 44 студент кәсіпорындарда өндірістік тәжірибеден өтуде. Студенттерге 20 мың теңге сти­пен­дия төленеді. Жауапты тәжі­ри­белі жетекшілер бекітілген. Өндірістегі оқу-тәжірибелерін бітір­ген соң, колледж түлектері өңірдегі өндірістік кәсіпорындарда жұмысқа орналаса алады. Об­лыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ба­қытжан Ілиясованың айтуын­ша, еліміздің заңнамалық құжат­тарында студенттерді кәсіп­орын­дарға өндірістік тәжіри­беге қа­былдау бойынша келісім­шарт­тың арнайы бекітілген құқықтық нұсқасы жоқ көрінеді. Яғни, елі­мізде дуальді оқыту жүйесінің жал­пы негізін құру қажет. Мем­лекет, жұмыс беруші және оқу орын­дары арасындағы талаптар, қағидаттар керек. Кәсіпорындарға студенттерді оқытқаны үшін салық­тық жеңілдіктер де қарас­ты­рылса, қанеки. Яғни, колледж түлегінен бұрын оқу орындары мен кәсіпорын басшылары жаңа­шылдыққа үйренуді – дуальді оқытудың тиімділігін қолдауды, қолға алынған қанатқақты жоба­ның шынайы жобаға айналып, қажеттілігін дәлелдеп беруді алдымен өздерінен бастаулары керек. Екіжақты жұмыс жүргізудің құқықтық негіздерін қолға алса ғана нақты жұмыс жүретіні белгілі. – Өйткені, білім беру жүйесі күн өткен сайын алға басуда. Өнді­ріс­­ке жаңа инновациялық тех­но­ло­гиялар енгізілуде. Ал дуальді оқы­ту жүйесінің қатысушылары осы талап үдесінен шыға білуі тиіс. Оқу орындары әлеуметтік әріптестікті дамытуға ұмтылғандары маңызды, – дейді Б.Ілиясова. Яғни, колледж оқушылары тәжірибе сабақтарын өткізуі үшін өздерінде даярланатын мамандықтарға сай келетін кәсіпорындармен келісімшартқа отыруы тиіс. Мысалы, дуальді білім беру жаңа жоба жүйесінде оқып шыққан алғашқы түлектер ENRC құрамына кіретін «Қаз­хром» ТҰК» АҚ филиалы – Ақсу ферроқорытпа зауытында еңбек етуде. Яғни, осы жаңа жоба бойынша 21 жас зауытта ақылы тәжі­рибеден өтіп, оқуларын ары қарай өндірісте жалғастырады. Бұл жүйе студенттерге жаңа технологиялармен жұмыс жасап үйренуге, заманауи құрал-жабдықтарды пайдалануға мүмкіндік берді. Диплом жұмыстарын өндірістің басында қорғаған студенттер зауытқа жұмысқа қабылданды. Ал, жобаның қалған қатысу­шы­лары оқуларын жоғары оқу орындарында жалғастыруда. Дуальді жүйе бойынша білім алған колледж түлегі жұмыссыз қалмайды. Өйткені, ол – дайын маман. –Жұмыс берушілердің сұра­ныс­тарына, талаптарына сай кәсіп­тік-техникалық кадрлар даярлайтын боламыз. Екіншіден, мамандарды даярлауға кәсіпорындар да жауапкершілігін арттырады. Тәжірибе сабақтары теориялық сабақтардан көбірек болады. Бұл жүйе жастар үшін тиімді. Өйткені, ол теориялық және тәжірибелік дайындықтан өтеді. Кәсіби білім алуға мүмкіндік береді,– дейді Ақсу колледжінің директоры Федор Кисенков. Алдағы жылдары да колледж­дегі дуальді білім беру жүйесін енгізу жалғасын табады. Ал өнді­рістері көп шоғырланған қала­ға жас білікті мамандар қажет. Зауыт хром және марга­нец кенін, ферроқорытпа өндіре­ді. Сон­дық­тан, колледжде «Электр­мен газ пісірушілер» мамандығы негіз­дерін дуальді жүйе бойынша оқыту басталды. Өткен жылы колледждің 90 студенті дуальді жүйенің арқа­сында диплом жұмыстарын «4» пен «5»-ке қорғап шықты. Сөйтіп, ферроқорытпа зауытының еңбек ұжымы 38 электрмен газ пісіруші, электр монтер, токарь, бақылау-өлшеу құралдары мен автоматика дәнекерлеушісі мамандарымен толықты.

Ағымдағы жылдың 22 - маусымынан бастап жастардың жұмыс тәжірибесінен өтуін ұйымдастыратын «Сәтті қадам» партиялық жобасының жаңа кезеңіне құжаттарды қабылдау басталды.

Жобаның басты мақсаты жоғарғы және арнаулы орта оқу орындарының түлектерінің жұмысқа орналасуына жағдайлар жасау. Сонымен қатар, бұл жоба жастар арасында талантты және жас мамандарды табуға, олардың кәсіби әлеуетін жүзеге асырып, дамытуға мүмкіндік беруге, жастарды жұмысқа жұмылдыру және оның еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

«Жас Отан» жастар қанаты қолында дипломы бар жастардың тәжірибеден өтіп, тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік беріп отыр. Бұл жоба арқылы қабылданатын құжаттар санында шектеу жоқ. Қазіргі таңда «Жас Отан» жастар қанатының Атырау облыстық филиалы мен мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың арасында өзара қызметтестік туралы меморандумға қол қойылды. Атап өтсек, «Сәтті қадам» жобасына қатысуға «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС, «Қазақстан теміржолы Ұлттық компаниясы» Атырау жол бөлімі АҚ Атырау филиалы, «Каспиймұнайгаз» ҒЗЖИ АҚ, «Атырау халықаралық әуежайы» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ Атырау облыстық филиалы, «Қазпошта» АҚ Атырау облыстық филиалы, Атырау облыстық Әділет департаменті, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, Білім беру басқармасы, Ішкі саясат басқармасы, Жастар саясаты мәселелері басқармасы және Атырау облыстық Кәсіпкерлер палатасы келісім берді.

«Сәтті қадам» жобасы екі кезеңнен тұрады. Алғашқысында үміткерлер түйіндемелерін толтырып, оқудағы жетістіктерін көрсетуі тиіс болса, екінші кезеңде ең үздік деген түйіндемелер іріктеліп алынады. Мұнан соң жастар тікелей сұхбаттасуға шақырылады. Бетпе-бет сұхбатты арнайы комиссия жүргізеді.

Жастар арасында жұмысқа орналасу мәселесі ең өзекті тақырыпқа айналғаны жасырын емес. Жас мамандар қолына диплом тиген соң біраз уақыт жұмыс іздеп, уақыт жоғалтады. Сондықтан да, «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» ЖҚ жоғары және арнаулы орта оқу орындары түлектерінің тәжірибеден өтуін ұйымдастыратын «Сәтті қадам» жобасының маңыздылығы өте жоғары. Аталған жобаның қатысушылары болашақта жақсы маман атану үшін аса қажетті тәжірибелік білім алуға үлкен мүмкіндік алады.

Ақтөбелік жасотандықтар түсіндіру жұмыстарын 8 маусымнан бастады.  Бүгінгі күнге дейінҚ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік және қазақ-орыс халықаралық университеттерінің студенттеріне ақпараттандыру жұмыстарын жүргізді. Мақсат - жоғары оқу орнын тәмамдаған жастарды өз мамандығы бойынша тәжірибеден өтуге көмектесу, жұмысқа орналасуға мүмкіндік жасау.

ЖОО бітіргелі тұрған жастардың көбі жобаға қатысуға ынталы. Өйткені тәжірибесі жоқ адамның жұмысқа орналасуы қиын дейді олар. Студенттердің айтуынша жұмыс берушілер жастардың жастық жігерін бағалағанымен, тәжірибесі болмаса жұмысқа ала бермейді.  Осы орайда «Сәтті қадам» жобасы тамаша мүмкіндік.

Студенттермен кездесу барысында жобаның кезеңдері түсіндірілді.

-Алғашқы кезеңде үміткерлер түйіндемелерін толтырып, оқудағы жетістіктерін көрсетуі керек. Екінші кезеңде үздік түйіндемелер іріктеліп алынады.

Біз тәуелсіз сарапшылармен бірге жобаға қатысуға лайықты үміткерлерді іріктейміз. Яғни құжаттарды жинақтаудан бастап, қорытынды шыққанға дейін істің басы-қасында боламыз. Қазір біз облыстық білім басқармасы, тілдерді дамыту басқармасы, «Қазақстан халық банкі» Ақтөбе облыстық филиалы, ТНК «Казхром» АҚ, «Ақтөбе халықаралық әуежайы» АҚ, «СНПС Ақтөбемұнайгаз» АҚ және тағы басқа мекемелермен келіссөздер жүргіздік. Білімді жастарға көмектесуге дайынбыз,» - дейді партияның Ақтөбе облыстық "Жас Отан" жастар қанатының атқарушы хатшысы Мейіржан Жұбан. Айта кетейік, былтыр «Сәтті қадам» жобасы бойынша ақтөбелік 47 студент тәжірибеден өткен болатын. Олардың көбі  бірден жұмысқа орналасты.

«Жас Отан» ЖҚ жас қазақстандықтардың еліміздің ірі өндірістік мекемелерінде, ұлттық компанияларында және мемлекеттік органдарында жүйелі түрде тағылымдамадан өтулерін ұйымдастырып отыру үшін «Сәтті қадам» жобасын жүзеге асыруда. Жыл сайын белгілі шамада квота бөлу үшін аталмыш мекмелермен екіжақты меморандумға қол қойылды.

 Жобаның негізгі мақсаты – ЖОО бітіруші жастарға өз қызметтік сатысын Қазақстанның белгілі ұйымдардан тағылымдамадан өту арқылы бастауына мүмкіндік беріп, алған білімдерін тәжірибе жүзінде сынап көруіне қолғабыс ету. Жобаның пайдасы ретінде жастардың кәсіби біліктілігіне баға ала алуын, тәжірибесін байқап көріп және алдағы уақытта жұмысқа орналасуына ықпал жасап, мүмкіндік береді.
«Жас Отан» Жастар қанаты тәуелсіз сарапшылармен бірге жобада лайықты үміткерлерді іріктеп, тағылымдаманың құжаттарын жинақтаудан бастап, қорытынды мінездеме алғанға дейін басы-қасында болады. Түйіндеме жіберудің соңғы күні – 9 қараша, ал, 14-15 қараша аралығында қатысушылармен әңгімелесу өтеді, 20 қарашадан бастап жастар тағылымдамадан өтуге кірісе алады. «Сәтті қадам» жобасына қатысушыларға қойылар талап қарапайым. Алғашқы іріктеу сатысы – бұл түйіндеме мен жеке анықтама үлгісін толтыру. 
Іріктеудің негізгі талаптары:

- Үлгерім туралы орта баллы қажет. Жобаға сабақты жақсы оқып, университет тарапынан жақсы мінездеме алғандар қатыса алады. Қатысушы қоғамдық шараларға белсене қатысқан болуы керек. Студенттік жылдарында жас жігіт (немесе қыз) қоғамдық іс-шараларға қатысып, өзінің азаматтық пікірін білдіргені маңызды.

– Олимпиадаларда үлгілі нәтиже көрсеткен болуы керек. Қатысқан пәні бойынша дәлелдеме ретінде сертификат, дипломдары болса құптарлық. Ең үздік деген түйіндемелерді іріктеп алған соң, жастар әңгімелесуге шақырылады. Бетпе-бет сұхбатты 3 адамнан құралған тұрақты комиссия жүргізеді. Болашақ тағылымдамадан өтушілердің пән бойынша білімдері тексерілмейді, үйренуге деген ынтасы мен әріптестікке деген бейімі, талпынысы сарапқа салынады. Тек осыдан кейін ғана жастар өздерін толыққанды «Сәтті қадам» жобасының қатысушыларымыз деп айта алады. 

 
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары