Мемлекет басшысы «Нұрлы жол» және индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыруға арналған Индустрияландыру күніне қатысты. Іс-шара алдында Мемлекет басшысы жаңа айшықты жобалармен және отандық жеңіл өнеркәсіп өнімдерімен танысты, сондай-ақ, «Қазақстанда жасалған» атты көрмені аралап көрді. Жалпыұлттық телекөпір аясында Индустрияландыру картасы мен «Нұрлы жол» бағдарламасының бірқатар жобалары іске қосылды.
Сонымен қатар, жұмыс істеп тұрған өндірістердің қызметі таныстырылды. Жиналғандарға арнаған сөзінде Қазақстан Президенті бірінші өнеркәсіптік бесжылдық кезінде шамамен 33 миллиард доллар шетелдік инвестиция тартылып, оның жартысы елді индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасына тиесілі болғанына назар аударды. Мемлекет басшысы индустрияландырудың екінші бесжылдығы бұрынғыдан да нақтырақ көрініске ие екенін айтты. «Басымдығы бар алты сала анықталды, олар – мұнай өңдеу және металлургия кешені, тамақ және химия өнеркәсібі, өнеркәсіптік жабдықтар және құрылыс материалдары өндірісі. Бәрінің негізінде кластерлік тәжірибе жатыр. Жаңа бағдарламада біз бірінші бесжылдықтың сабақтарын барынша ескеріп, жинақталған тәжірибені қолдануға тырыстық», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті бүгінде өңдеу өнеркәсібінде шетелдік инвесторлардың қатысуымен 22 жаңа жоба жүзеге асыруға дайындалып жатқанын атап өтті. «Жүйе құраушы бірқатар ірі жобалар бойынша жұмыс жүргізілуде. Мәселен, «Рено-Ниссан» альянсымен бірлесіп, толық циклды автозауыттың және автоқұрамдауыштар шығаратын технопарктің құрылысы іске қосылады. Италияның «Тенарис» компаниясы премиум санатты құбыр өндіретін зауытқа инвестиция салады. Ағылшындық «Дандо Дрилингпен» бірлесіп, бұрғылаушы қондырғылар өндіретін зауыт іске қосылады. Ресейлік «Еврохим» минералдық тыңайтқыштар өндіруді жоспарлап отыр. Канаданың «Куду Индастриз» компаниясы мұнай-газ саласына арналған винтті-сорғылар өндірісін жолға қоюға ниетті. «Жібек жолы» бағдарламасы бойынша ынтымақтастық аясында қытайлық серіктестермен жобалардың үлкен бір тобы жүзеге асырылуда», – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев индустрияландыруды Стратегия-2050-дің елді әлемдегі барынша дамыған 30 мемлекет қатарына қосу жөніндегі басты мақсаттарына жетуге бағытталған бүкіл мемлекеттік саясатының өзегі ретінде атады. Қазақстан Президенті жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың тиімділігі мен өнімділігін көтерудің қажеттілігін атап айтты. «Бұл үшін ұқыпты өндіріс жүйелерін, роботтандыру және автоматтандыру элементтерін енгізу, технологиялық желілерді жаңғырту талап етіледі. Әсіресе бұл біздің металлургия, мұнай өңдеу, химия сияқты дәстүрлі салаларымызға қатысты,, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы Қазақстан үшін түбегейлі жаңа – мұнай-газ химиясы, автомобиль құрастыру және тағы басқа өнеркәсіп салаларын құру мен дамытудың маңыздылығына тоқталды. «Мұндағы шешімнің мәні – жаһандық ойыншылармен бірге бірнеше ірі стратегиялық жобаларды жүзеге асыруда. Үкіметке, ұлттық холдингтерге осындай жобалардың тізбесін анықтап, оларды жүзеге асыруға жауаптыларды бекітуді тапсырамын. Заманауи технологияларға, компетенциялар мен жаһандық өткізу нарықтарына қол жеткізу үшін он трансұлттық корпорация мен «зәкірлі» инвесторлар тартуды қамтамасыз ету керек», – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев тамақ өнеркәсібі, құрылыс материалдарының өндірісі, машина жасау сияқты секторларда отандық бизнесті дамытып, бәсекеге қабілетті өнім жасау және сыртқы нарықтарға шығу үшін зор әлеует бар екеніне назар аударды. Осыған байланысты «Бәйтерек» холдингіне «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп «Ұлттық чемпиондар» жобасын жүзеге асыру тапсырылды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы тікелей елімізбен байланыстырылатын және оның халықаралық аренадағы имиджіне оң ықпал ететін өз брендімізді әзірлеудің маңыздылығын айтты. Қазақстан Президенті ықпалдастық аясында, әсіресе Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде Ресейдің, Орталық Азияның, Қытайдың, Үндістан мен Иранның шекара маңындағы нарықтарына шығу үшін мейлінше ауқымды жұмыстарды бастаған жөн екенін атап өтті. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев ДСҰ-ға мүше болу экономикамыз үшін жаңа көкжиектерге жол ашатынына назар аударды. «Бір жағынан, бұл біздің кәсіпорындардың шетелдік алып нарықтарға шығуын, екінші жағынан, тұтынушылардың көптеген тауарлар мен қызметтерге қол жеткізуін қамтамасыз етеді. Жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік аламыз. Біздің міндетіміз – Қазақстан компанияларының жаңа жағдайға тезірек бейімделіп, ДСҰ-ға кіруден мейлінше пайда табуға көмектесу», – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы болашақ ұрпақ игілігі үшін ұзақ мерзімге жалғасатын нәтижелерге бағытталған «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатының айрықша маңыздылығын атап өтті. «Бізді ел ішінде 7 мың шақырым автожолдар салу және жөндеу жұмыстары күтіп тұр. Алдағы 3 жылда бағдарлама мақсатына 20 миллиард доллардан астам қаражат жұмсалады, оның үштен бірінен астамын халықаралық қаржы институттары бөледі. Төрт жыл ішінде бағдарлама ІЖӨ өсімін 16 пайызға еселейді деп күтілуде. Қорытындысында 2019 жылға қарай біз ірі қалалар арасындағы жолға кететін уақытты үш есе қысқартып, елдің біртұтас энергетикалық жүйесін қалыптастыруды және ең бастысы, бүкіл экономикамызды ортақ нарыққа біріктіруді көздеп отырмыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті «Нұрлы жол» бағдарламасы өнеркәсіпті және қызмет көрсету саласын жандандыруға да мүмкіндік беретінін айтты. «Бизнесімізге бағдарлама жобаларының жүзеге асырылуына толыққанды атсалысуға мүмкіндік беру үшін жергілікті құрамды күшейту қажет. Ол үшін керекті азық-түлік, жатын орын, техникалық сервис сияқты заманауи қызметтерді дамыту өз кезегінде еліміз арқылы өтетін бағдарлардың тартымдылығы мен жайлылығын арттырады. Бұдан бөлек, біз қазақстандықтардың бірнеше буынына қызмет ететін жолдар салатын боламыз. Бұл үшін олардың тек сапалы салынуына ғана емес, ұдайы қолдау және күтім көрсетіліп отыруына көңіл бөлу керек. Үкімет бүкіл еліміздің жол-көлік инфрақұрылымының жай-күйі мен дамуына жауап беретін бірыңғай оператор қалыптастыруды ойластыруға тиіс», – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев «Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары аясында құрылыс, жер қойнауын пайдалану, энергетика және тасымалдау салаларындағы реттеу ісі озық халықаралық тәжірибелерге сәйкестендірілетінін атап өтті. Соңында Мемлекет басшысы жүргізіліп жатқан барлық реформалар елімізді дамыта түсу үшін сапалық тұрғыдан жаңа жағдайлар жасауға бағытталып отырғанын айтты. «Отандық экономикамызда жекеменшік сектордың рөлін арттыру жолындағы мемлекеттің жүйелі қадамының бірі осы. Бұл ел азаматтарының тұрмысын жақсартуға да септігін тигізетін болады. Бүгін біз айтарлықтай нәтижелер бар екеніне көз жеткіздік. Ендігі міндетіміз – ел алдына қойылған маңызды міндеттерді іске асыру», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Шара барысында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша инвестициялар және даму министрі Ә.Исекешев, ұлттық экономика министрі Е.Досаев, Павлодар облысының әкімі Қ.Бозымбаев, Алматы облысының әкімі А.Баталов баяндама жасады.
Еске сала кететейік, мемлекет басшысының «нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты жолдауына «қазақстан-2050» демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясының үндеуінде: «Әлем бүгінде күрделі сынақтардың алдында тұр.
Жаһандық экономикалық дағдарыс, геосаяси шиеленістер, санкциялық текетірестер, сондай-ақ, энергия ресурстарына әлемдік бағаның төмендеуі әлемдік үдерістердің белсенді қатысушысы - біздің елімізге әсер етпеуі мүмкін емес.
Елбасы атап өткендей, «...таяудағы жылдар жаһандық сынақтардың уақыты болады. Әлемнің бүкіл архитектурасы өзгереді. Барлық елдер осы күрделі кезеңнен лайықты өте алмайды. Бұдан тек мықты мемлекеттер, жұдырықтай жұмылған халықтар ғана өтетін болады...».
Осындай жағдайда Мемлекетіміздің Басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында «Нұрлы Жол» Жаңа экономикалық саясатын жариялады.
Бұл тарихи құжатта дағдарысты еңсерудің кешенді шаралары ғана көрсетіліп қоймай, еліміздің әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына енуіне қажетті жағдай, ұзақмерзімдік даму жолы анықталып отыр.
Бүгінде көптеген әлемдік алаңдарда саясаткерлер, экономистер, сарапшылар дағдарысты еңсеру, сондай-ақ, ұлттық экономиканың өсімін сақтап қалу жөніндегі тұспалдар мен болжамды шараларды қарастырып жатқанда, еліміз Елбасының стратегиялық көрегендігінің арқасында алғашқылардың бірі болып айқын, әбден пысықталған іс-қимыл жоспарын қабылдады.
Алғашқы кезекте экономиканың елдің дамуына және азаматтарымыздың әл-ауқатының артуына неғұрлым оң әсерін тигізетін салаларына қолдау көрсетіледі.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Үкіметке барлық әлеуметтік міндеттемелермен сөзсіз қамтамасыз ету міндетін жүктеді.
«Нұрлы Жол» Жаңа экономикалық саясаты – бұл болашақтың инфрақұрылымын кең көлемде инвестициялау есебінен экономиканы жүйелі түрде қайта құру. Көлік, индустриялық, энергетикалық, тұрғын үй-коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ шағын және орта бизнеске барынша қолдау көрсету тұрақты экономиканың негізі – мықты орта тапты қалыптастыра отырып, болашақ Қазақстанның іргетасын мызғымастай етіп нығайтады.
Жолдар құрылысы өңірлерді байланыстырып, ауыл мен қаланы жақындатуға, еліміздің транзиттік әлеуетін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. Шағын және орта бизнеске, сондай-ақ, азаматтарға өндіруші нарықты қолжетімді етудің арқасында сауда-саттық жанданады.
Тұрғын үй-коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылым құрылысының, сондай-ақ, мемлекеттік қолдаудың жаңа тетігінің арқасында миллиондаған қазақстандық баспанаға қол жеткізуге және өмір сапасын арттыруға мүмкіндік алады.
«Нұрлы Жол» бағдарламасын жүзеге асыру дегеніміз – жүздеген мың қосымша жұмыс орны, жаңа өндірістер, бизнесті жандандыру және қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру.
Әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің, оның ішінде АҚШ пен Германияның тәжірибесі инфрақұрылымды кең көлемде инвестициялау болашақ өркендеу үшін мызғымас негіз қалыптастыратынын көрсетеді.
Қазақстан «Нұрлы Жол» Жаңа экономикалық саясатының жүзеге асырылуын Ұлттық Қорға жиналған қаржының арқасында қамтамасыз етпек.
Кейбір саясаткерлер мен экономистердің Ұлттық Қордағы жинақты тұрғындарға таратып беру жөніндегі популистік үндеулеріне қарамастан, Елбасы бағдарының арқасында, болашақ ұрпаққа арналған Қорға қомақты қаражат жиналды. Бұл қазақстандықтардың келешекке сеніммен қарап, Мемлекет басшысының сарабдал саясаты мен көрегендігінің нәтижелерін толықтай бағалауына мүмкіндік береді.
Ел Президенті нақты іс-қимыл жоспарын бекітіп және қажетті қаржылық негізбен қамтамасыз ете отырып, мемлекет үшін сын-қатерлерді мүмкіндіктерге айналдыра келе, экономикамыздың бұдан әрі өрлей беруі үшін барлық шараны қабылдады.
Барлық жетекші үкіметтік емес ұйымдардың, партиялардың, Үкіметтің, Парламенттің, яғни, баршамыздың ортақ міндетіміз – Жаңа экономикалық саясаттың мақсаттарына қол жеткізуге қажеттінің барлығын жасау.
Осыған байланысты, Демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясы барлық азаматтық институттарды, саяси партияларды, сарапшылық қауымдастығын, сондай-ақ, барша азаматтарды «Нұрлы Жол» бағдарламасының жүзеге асырылуы мен мемлекет қаражатының жұмсалуына қоғамдық бақылау жасауға атсалысуға шақырады.
Мемлекет басшысы атап өткендей, «...жаһандық сынақтан өту үшін біздің топтаса білуіміз қажет. Біз барлық қазақстандықтар арасындағы сенімді нығайтуға тиіспіз... Бірлігіміз бен этносаралық келісімді біздің өзіміз сақтауға тиіспіз».
Сондықтан, Коалиция, барша қазақстандықтарды, барлық қоғамдық бірлестіктерді Елбасының Мемлекеттік бағдарының төңірегіне топтасуға және Жаңа экономикалық саясаттың іске асуын бірлесе қамтамасыз етуге шақырады.
«Нұрлы жол», бұл – ел дамуының жаңа кезеңінің бастауы. Бұл тек дағдарысты еңсеру бағдарламасы ғана емес. Бұл - біздің ортақ мақсатымыз – Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына енуін қамтамасыз ете отырып, бұрынғыдан да күшейе түсуіміздің, топтасуымыздың және Мәңгілік Ел идеясын іске асыруымыздың тарихи мүмкіндігі.
«Нұр Отан» партиясы, Қазақстанның Коммунистік халық Партиясы, «Бірлік» партиясы, Қазақстанның Патриоттар партиясы, «Ақ жол» демократиялық партиясы, Қазақстанның «Ауыл» әлеуметтік-демократиялық партиясы, Кәсіпкерлердің Ұлттық палатасы, «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» Заңды тұлғалар бірлестігі, Қазақстан Кәсіподақтары федерациясы, «Қазақстан Республикасы Ардагерлер ұйымы» Қоғамдық бірлестігі, «Болашақ» қауымдастығы» Қоғамдық бірлестігі, Қазақстанның кәсіпкерлер форумы, Мүгедектердің «ДОС» тәуелсіз өмір орталығы» Қоғамдық бірлестігі, «ҚР Қарулы күштер ардагерлері» Қоғамдық бірлестігі, «ҚР Қарулы күштер ардагерлері» Ауғанстан соғысы ардагерлерінің ұйымдарының ассоциациясы, Қазақстан іскер әйелдері ассоциациясы, «Қазақстан тұтынушыларының Ұлттық Лигасы» Заңды тұлғалар бірлестігі, «Жасыл» экономика мен G-GLOBAL дамыту үшін коалициясы» Заңды тұлғалар бірлестігі, Ұлттық ғылым академиясы, Қазақстан Жазушылар одағы, Кәсіпкер-әйелдер одағы, «Республикалық әйелдер кеңесі» Қоғамдық бірлестігі, «Қазақстан украиндарының радасы» Қоғамдық бірлестігі», – деген болатын.
Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Отырыс барысында отандық экономиканың қазіргі ахуалы мен оны әрі қарай дамыту шаралары ортаға салынып, «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын жүзеге асырудың негізгі тетіктері қаралды.
Жалпы әлем мен Қазақстанның негізгі серіктес елдерінің басына орнаған қиын жағдайға сәйкес Мемлекет басшысы ел Үкіметіне дағдарысқа қарсы бірқатар шараларды қабылдауға тапсырма берген болатын. Елбасы өз сөзінде «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты нақты сол мақсатта әзірленгенін атап өтті. Алған бағыттың дұрыстығына көз жеткізу үшін Үкімет мүшелері аймақтарға жіберілді. Оларға отандық кәсіпорындардың жұмысын жандандыру және көптеген жаңа жұмыс орындарын ашу мақсатында меморандумдарға отыру міндеті жүктелді.
Отырыс барысында атқарылған жұмыстар жөнінде Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев пен Үкімет басшысының тағы бір орынбасары Бердібек Сапарбаев, Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев, Энергетика министрі Владимир Школьник, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев Мемлекет басшысына есеп берді. Қала мен облыстардың бірқатар әкімдері аймақтарда мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысымен таныстырды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Қазір дүниежүзілік экономика қиын-қыстау кезеңіне тап келіп отыр. Экономикалық дағдарысқа геосаяси текетірестер қосылды. Соның салдарынан әлемдік нарық тығырыққа тірелді. Қазақстан әлемнің ажырағысыз бөлігі болғандықтан, бұл жағдай елімізге де өз ықпалын тигізбей қоймайды. Қазіргі экономикалық саясатымыздың бағыты дұрыс. Қазақстанда дағдарыс жоқ. Біз алдымыздан шығуы ықтимал қиындықтардың алдын алып, жедел шараларды қолға алдық. Нақты жоба, жоспарларымыз бар. Бұл жоспарлар қатып қалған қасаң қағидалар емес. Біз мойнымызға алған әлеуметтік міндеттемелерді мұқият сақтай отырып, кейбір жоспарларымызға өзгеріс енгізетін боламыз. Сондықтан, халқымыздың алаңдауына еш негіз жоқ. Қазақстан экономикасының тамыры терең, іргесі мығым, қоры жеткілікті.
Үкіметтің негізгі міндеті «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауын іске асыру және сыртқы сын-қатерлерді ескере отырып, елдің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету болып отырғанын айтқан Бақытжан Сағынтаев өңірлердегі жағдай мен кәсіпорындарды қолдау ісі ерекше бақылауда тұрғанын жеткізді. Одан кейін Үкімет мүшелерінің аймақтарға сапарының қорытындыларын жария етті. «Жалпы жағдай күрделі. Дегенмен, Елбасы өткен жылы алдын ала қабылдаған шаралардың арқасында дағдарыстан аманбыз. Жағдайды тұрақты ұстауға «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты, Өнеркәсіп пен кәсіпорындарды қолдау жөніндегі іс-шаралар жоспары, Агроөнеркәсіп кешенін қаржылық сауықтыру мен шағын және орта бизнесті ауқымды қолдау бағдарламасы сеп болып отыр» деді Премьер-министрдің бірінші орынбасары.
Өз кезегінде Бердібек Сапарбаев алдымен өндіріс орындары жұмысының тоқтамауы және жұмысшылар санының қысқармауы мақсатында атқарылған шаралардан хабар берді. Оның айтуынша, бұл мақсатта әкімдермен бірге әлеуметтік карта жасалды. Қалалардың қан тамыры саналатын іргелі кәсіпорындардың мониторингі үнемі жүргізіледі. Жұмысшылардың санын қысқартпау мақсатында барлық аймақтарды қосқанда 17 мың меморандумға қол қойылды. Бұл меморандумдар 1 млн адамды, яғни, шамамен алғанда мемлекеттің экономикалық белсенді халқының 11 пайызын жұмыспен қамтуға кепілдік беріп отыр.
«Жұмыссыз және өнім бермейтін еңбекпен өздігінен айналысатын халыққа қатысты қосымша шараларды қабылдау керек. Бұлардың саны шамамен алғанда 1,2 млн адамға жетеді. Сонымен бірге сарапшылардың зерттеуінше 120 мың адам жұмыстан қысқаруы ықтимал. Бұл жағдай жергілікті жерлерде жүйелі жұмыс жүргізу керектігінен хабар беріп отыр. Мұны болдырмау үшін аймақ әкімдері 15 ақпанға дейін өңірлік кешенді жоспарларды қабылдауы тиіс» деді Бердібек Сапарбаев.
Мемлекет басшысы есепті тыңдап болған соң Үкімет пен Ұлттық банк, қала мен облыс әкімдеріне бірқатар тапсырмаларды жүктеді. «Алда 487 мың шаршы метр немесе 10 мың пәтерлік жалға берілетін тұрғын үйлерді саламыз деп жоспарлап отырмыз. Ағымдағы жылдың наурыз айында 1353 пәтердің кілті иелерінің қолына тиеді. Жылдың екінші тоқсанында тағы 700 пәтер тапсырылады. Бұл жұмысқа бөлініп отырған қомақты қаржы, әсіресе, өңірлерде игерілуі тиіс. Барлық жобалардың іске асырылуын осы жылдан қалдырмаумыз керек. Ағымдағы ақпан айында қолға алсақ, тіпті жақсы» деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы сондай-ақ, қазіргі экономикалық ахуалға байланысты Үкіметке «Нұрлы жол» бағдарламасын дағдарысқа қарсы шаралармен толықтыруды тапсырды. «Бағдарлама отандық машина жасау саласы мен экспорттаушыларды қолдау, шағын және орта бизнеске арналған инфрақұрылым құру, агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдауды ұлғайту, ішкі нарықты қорғау бойынша шараларымен және өзге де жұмыстарымен толығуы тиіс. Үкіметке бұл толықтыруларды бір айдың ішінде енгізуді тапсырамын», – деді Елбасы.
Одан басқа Мемлекет басшысы бюджеттік шығындарды оңтайландыруды тапсырды. Соның ішінде 2015 жылға арналған бюджетті 700 млрд теңгеге немесе 10 пайызға қысқартуды ұсынды. Бұнымен қоса ұлттық холдингтердің шығындары да қысқаратын болды. Мәселен, «Самұрық-Қазына» АҚ бюджеті 337 млрд теңгеге, «КазАгро» холдингінің бюджетінен 196 млн теңге қысқарады. «Бәйтерек» холдингі шығындарын 3,8 млрд теңгеге азайтуы тиіс.
Президент сонымен бірге денсаулық сақтау мен білім беру нысандарының құрылысына тоқталды. «Өткен жылдары біз біраз ауруханалар мен мектептерді салып тастадық. Атап айтсақ, 1020 денсаулық сақтау нысаны, 1198 мектеп бой көтерді. Біз бұл бағдарламаларды тоқтатпай әлі де жалғастырамыз. Алайда, басталған құрылыстарды аяқтап, жаңа құрылыстардың қарқынын төмендетуге тиістіміз. Тапшылық болып отырған жерлерде ғана құрылыс жалғасады. Яғни, апатты жағдайда тұрған, үш ауысымды мектептер проблемасы бар жерде құрылыс тоқтамайды» деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Отырыс барысында Мемлекет басшысы Үкіметтің басты міндеттерін де айқындап берді. «Біз үшін бүгінгі таңда жұмыссыздықтың өсімін болдырмау және халықтың нақты табысының төмендемеуін назарда ұстау аса маңызды. Әр қалаға кіреберістерде жаңа жұмыс орындары туралы ақпараттың ілінуін тапсырған болатынмын. «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская Правда» секілді орталық басылымдар мен телеарналарды қай қала мен облыста халықты жұмыспен қамту ісі озық түрде жүргізіліп отырғанын бақылауда ұстауын сұраймын» деді Елбасы.
«Нұрлы жол» бағдарламасының маңызын қайта атап өткен Мемлекет басшысы аталмыш бағдарламамен қоса, ЭКСПО көрмесі, нысандардың құрылысы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту секілді істер жұмыс орындарын құру мақсатына қызмет ететінін, мұның артында қарапайым халыққа деген қамқорлық жатқанын атап өтті.