Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы Таушық ауылында Каспий теңізінің жағалауында әмбебап спорт кешені ашылды. Оны Солтүстік-Каспий жобасының операторы - құрылыс компаниясы салды.
Көлемі шамамен 7 мың шаршы метр болатын екіқабатты мекеме 0,66 га жерде орналасқан. Кешеннің құрылысы 607 млн 260 мың теңгені құрады. Кешеннің ашылу салтанатына Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев қатысты.
«Түпқараған ауданының инфрақұрылымы жыл сайын жақсарып келеді. «Ақтау-Ақшұқыр-Сайын» магистральды су құбырының құрылысы аяқталды, бұл елді мекендерге ішкі сумен жабдықтау жүйесі жеткізілді. Форт-Шевченко қаласы мен Баутино ауылында ауыз сумен қамту құбырлары салынды, кәріздік коммуникациялар орнатылды. Биыл Қызылөзен ауылында 50 орындық балабақша, әкімшілік мекеме мен «Дарын» қосымша білім беру орталығының 60 орындық жатақханасы, 550 орындық орта мектеп пен 120 орындық оның жатақханасы, Форт-Шевченко қаласында 140 балаға шақталған балабақша қолданысқа беріледі», - деді Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев.
Спорт кешенінде спорттық және тренажер залдары, бапкерлердің бөлмелері, киім ауыстыратын бөлмелер, жуынатын жер, буфет, техникалық қызметкерлер бөлмесі, дәрігер кабинеті, т.б. бар. Кешенде дербес қазандық, трансформатор қосалқы стансасы, 30 орындық автотұрақ бар. Аумақты абаттандыру да көзделген.
Кешен сағатына 80 адамды қабылдай алады. Мұнда гимнастика, шағын футбол, баскетбол, волейбол және ауыр атлетикамен айналысуға жағдай жасалған.
Айта кетейік, Түпқараған ауданы – Маңғыстау облысының батысында орналасқан әкімшілік-аумақтық бөлініс.
Шығысында Маңғыстау, оңтүстігінде Мұнайлы ауданымен шектеседі. Аудан Каспий теңізінің жағасында орналасқан. Орталығы – Форт-Шевченко қаласы. 1963 жылға дейін Шевченко ауданы, 1972 – 1992 жылдары Форт-Шевченко қалалық әкімдігі аумағы болып, 1992 жылдан қазіргі атымен аталады. Жер аумағы 13,3 мың км2. Аудандағы 6 елді мекен 1 қалалық, 1 кенттік және 3 ауылдық округке біріктірілген.