$ 448.89  477.93  4.76

ОҚО әкімі жас мамандардың жұмыссыз қалмауын талап етті

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов берілген тапсырмаларының орындалуы туралы кезекті жиынын Түлкібас ауданында өткізді.

Өңір басшысы әр саланың жұмысына жеке-жеке тоқталып, мамандардың жауапкершілігін жіті қарады.

Кеңейтілген мәжіліс барысында тапсырмалардың орындалуы, орын алған мәселелердің шешілу жолдары сынды түйткілдер таразыланып, жұмысына салғырт қараған жауаптыларға шара көрілді. 

Аудан әкімі Қ.Әбдуәлиев тапсырмалардың орындалу барысы жайлы есеп берді. Түлкібас ауданында тұрғындарға берілетін жер учаскелерінің жай-күйін саралаудан басталған жиын барысында әр салада атқарылған тірліктер жеке-жеке талданды. Оның ішінде әлеуметтік нысандардың құрылысы, инфрақұрылым жеткізу мәселесі және аудан аумағынан өтіп жатқан «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» тас жолы бар. 

Облыс әкімінің айтуынша, жерді үлестірудің өзіндік жүйесін қалыптастыру қажет. Яғни дерекқор даярланып, бөлінген жерлерге жол салу, ауыз сумен, электр жарығын тарту мәселелерін күні бұрын пысықтап алу қажет. Жиында жылыжайлардың бүгінгі ахуалы, мал шаруашылығын дамыту, елді мекендерді абаттандыру сынды мәселелер талқыланды. 

Ауданда арнаулы орта оқу орындарында білім алған жас мамандардың 67 пайызы ғана жұмысқа орналасқан. Ал бұл салада бірыңғай жүйені қалыптастырып, жас мамандарды жұмыспен қамту күн тәртібінен түспеу керектігіне назар аударған өңір басшысы: «Мемлекеттік тапсырысты міндетті түрде аудан әкімінің қолымен қабылдаймыз. Аудан экономикасына қажетті мамандар тізбесін жолдағаннан кейін бюджеттен қаржы бөліп, маман дайындаймыз. Ал енді ол мамандар оқуды бітіргеннен кейін жүз пайыз жұмысқа орналасуы қажет», - деді. 

Облыста балалар мен жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелеріне ерекше көңіл бөлініп келеді. 

Облыс басшысы ауыл әкімдерінің деңгейін көтеріп, жауапкершілігін арттыру мәселесін үнемі көтеріп келеді. Олар үшін біліктілікті арттыру семинарлары өткізіліп, тікелей міндеттерінің ережесі де бекітіліп берілген. Енді нәтиже керек. 

«Әр ауыл округінің әкімі өз ауылының жері, табиғи байлығы, әлеуметтік нысандары мен жұрттың жұмыспен қамтылуына тікелей жауапты. Ал бұл міндеттерді атқара алмағандар орындарын босатқандары абзал», - деді Асқар Мырзахметов. 

Түлкібастағы жиында да біраз жауапты мамандар ескерту алып, кейбірі қызметтен шеттетілді. Ал аудан басшысына жұмысты жүйелендіру бойынша нақты тапсырмалар берілді. Мәжілістен кейін өңір басшысы бірнеше нысандарды аралап көрді. Тұрар Рысқұлов елді мекенінде ашылған «Түлкібас нан» серіктестігінің жұмысымен танысты. Ауданның барлық аумағын нанмен қамтамасыз етіп отырған зауыт жылына 2 млн. тонна өнім өндіреді. 45 азаматты тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Одан кейін облыс әкімі Түркияның «Яула Филис» компаниясымен бірлесіп бау өсіріп отырған «Мөлдір» шаруа қожалығында болды. Облыс шаруашылықтарын жоғарғы сапалы көшеттермен қамтамасыз ету мақсатында арнайы тәлімбақ өсіруді қолға алған бұл нысанда өңір басшысы алма баптаушы шаруалармен кездесіп, өнім көлемін ұлғайтуға мемелекеттік субсидиялардың берілу жолдарын талқылады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары